Орал қаласының шенеуніктері бір ғана 22 метрлік шыршаны 20 миллион теңгеге орнатпақ болған, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекеттік сатып алу порталында әр аймақ әкімдігінің жаңа жылдық безендіруге берген тапсырысы бар. Безендіруге жұмсалатын қаржы әзірге 300 мың теңгеден басталып 80 миллион теңгеге жеткен. Мәселен, ең қомақты қаражатты Астана әкімдігі бөлуге дайын екен. Бас қалада 71 миллион теңгеге мұз қалашығы тұрғызылмақ. Алматы әкімдігі де қалыс қалмаған. Жаңа жылға қаланы безендіруге бірден 60 миллион теңгеден астам қаржы бөліпті. Ал Орал әкімдігі 20 миллион теңгеге тек бір шырша орнатпақ.
Алматы әкімдігі өткен жылғы шыршаны биыл қайта орнататын болса керек қыруар қаржыны түгелімен қаланы безендіруге жұмсамақ. 60 миллоннан астам теңгеге түрлі-түсті шам алып, тұрғындар көп жиналатын жерлерге әдемі аркалар мен фотоаймақтар жасамақ. Ал Астана әкімдігі 71 миллион теңгеге қаланың бір бөлігіне мұз қалашығын тұрғызбақ. Техникалық ерекшелікке сәйкес бұл соманың ішіне қалашықты жасау, мүсіншілердің еңбекақысы, мұз мүсінді күтіп, кем-кетігін түзеу де кіреді. Бірақ әкімдіктегілер 71 миллион теңгеге тапсырыс бергенімен, оның 33 миллионын ғана жұмсаймыз дейді.
Лотты 33 миллион теңгеге ойнаттық. Бұл сомаға тоғыз сырғанақ қарастырылған. Олар «Қазақ елі» монументі, Триатлон, Президент саябағы сияқты жерлерге қойылады. Сондай-ақ, сомаға биодәретханалар және ол жерді күту, тазалау жұмыстары да кіреді, – дейді Астана қаласы Алматы ауданының баспасөз хатшысы Әсел Единова.
Ал Орал қаласының әкімдігі Президент алаңына 22 метрлік шыршаны қою үшін 20 миллион теңге жұмсауды жоспарлап отыр. Техникалық ерекшелік бойынша бұл шыршада алты жұлдыз шамы, түрлі жарық шамдар болуы қажет. Сондай-ақ, бұл сомаға шыршаны орнататын үш маманның төлемақысы да кіреді.
Бұл жұмыстарға шыршаны орнату, құру бұзу жұмыстары, сонымен қатар жасанды талдарын, яғни веткаларын толығымен ауыстыру, ойыншықтарын, жарық шамдарын, шарларын, сонымен қоса құру, бұзу жұмыстары осы техникалық сипаттамаға байланысты кіретін болады, – дейді Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайырлиев.
Ал, тұрғындар қазына қаржысын жыл сайын қаланы безендіруге жұмсау ысырап дейді.
Айтуларынша, ол миллиондарды халық игілігіне жұмсаған дұрыс деп отыр. Дегенмен, әкімдіктегілер егер арзан бағаға тапсырысымызды орындаушылар табылса қарастырылған қаржы көлемін азайтуға дайынбыз дейді. Ал лоттар желтоқсан айына дейін ойнатылып, ары қарай конкурстан ұтқан мердігерлер безендіруге кіріседі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!