Білім – әрбір адамның болашағын анықтайтын басты құндылықтардың бірі. Әсіресе шетелде білім алу бүгінде жеке тұлғаның дамуы мен табысты мансапқа қол жеткізуінің маңызды тетігіне айналды.
Қазір түрлі бағдарлама арқылы әлем елдеріне табан тіреп, сол жердің білім беру жүйесін көзбен көруге мүмкіндік көп. Себебі шетелде оқу мәдени алмасудың алтын көпірі іспеттес. Халықаралық білім беру тек кәсіби шеберлікті арттырумен шектелмейді. Әртүрлі елдерден келген студенттермен бірге оқу адамды басқа мәдениеттерге құрметпен қарауға, түрлі дүниетанымды қабылдауға үйретеді.
Ел жастарына шетелге шығуға арналған бірінші мүмкіндік ретінде ойға «Болашақ» бағдарламасы келеді. Мемлекеттің қаржыландыруымен дамыған, жетілген елдерге қоныс аударып, магистратура, резидентура, докторантура бойынша білім алуға, тағылымдамадан өтуге болады. Кейінгі жылдары 1055 шәкіртақы бөлінген екен. Мұнан бөлек академиялық ұтқырлық пен «Erasmus» бағдарламасы да бакалавр студенттері үшін тиімді жол.
Өткен жылғы деректерге сүйенсек, Қазақстан шетелде оқитын студенттер саны бойынша әлемде екінші орынға тұрақтаған. 100 мыңға жуық, яғни 91,2 мың студент елден жырақта білім алып жатыр. ЮНЕСКО-ның статистика институтының жаңартылған мәліметтеріне сәйкес, шетелде оқитын студенттердің ең көп саны Қытай мен Үндістанда тіркелген. Одан кейін Вьетнам, Германия және Өзбекстан тұр. Ал тиісті кезеңдегі шетелде оқитын студенттердің халық санына қатынасын қарастырсақ, онда Қазақстан 0,48% үлеспен бірінші орында. Одан кейін Сирия мен Өзбекстан жайғасқан.
Шетелде білім алу – бұл жеке және кәсіби тұрғыда өзін-өзі дамытуға, жаңа білім мен дағдыларды игеруге, сондай- ақ әлемдік деңгейдегі маманға айналуға мүмкіндік беретін бірегей жол. «Оқу инемен құдық қазғандай» демекші, әрине, бұл шешімге келу оңай емес, ол үлкен дайындық пен қажырлы еңбекті талап етеді.
Ақнұр КҮМІСБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!