Шиелі ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өзгеріс бар. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов хабарлады.
Аудандық бюджеттің кірістері осы жылы несиелерді қоса есептегенде 14 млрд 977 млн теңгеге бекітілген. Бүгінгі жағдай бойынша түзетілген бюджет несиелерді және бюджет қаражатының бос қалдықтарын қоса есептегенде 15 млрд 873 млн теңгеге нақтыланып, 6 пайызға өсім алды.
Экономикаға тікелей ықпал ететін макроэкономикалық көрсеткіштерде де айтарлықтай өсім қалыптасқан. Биылғы 6 айда 30 млрд 25 млн теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілген.
Журналистермен жүздесуде аудан әкімі жылдық жоспар бойынша 2959 жаңа жұмыс орнын ашу қажет деп тапсырған. Бүгінде оның 1618-і орындалыпты.
– I жартыжылдықта тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 6456 бірлікті құрады. 6 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бағдарламалар аясында 183 жобаға 2 млрд 541 млн теңге шағын несие беріліп, жаңадан 254 жұмыс орны құрылды.
2024-2028 жылдары аралығында Шиелі ауданы бойынша жобалық құны 95 млрд теңгені құрайтын 16 инвестициялық жоба жүзеге асыру жоспарланған. Жобалар толықтай іске қосылғанда 1308 жұмыс орны ашылады. Оның ішінде жобалық құны – 4,2 млрд теңгені құрайтын 8 жобаны осы жылы іске қосу жоспарлануда. Жүзеге асқанда 164 жаңа жұмыс орны құрылатын болады, – деді аудан әкімі.
Ауыл шаруашылығы бойынша да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Аудан бойынша 31 501 гектарға егін орналастырылған. Негізгі дақыл күріштің үлесі – 12 918 гектар. Сондай-ақ, әртараптандыру дақылдарына ерекше мән берілген. Биыл суды үнемдеу мақсатында тамшылатып суғару әдісімен 2050 гектар жерге көкөніс және бау бақша дақылдары егілді.
Ал «Таң LTD» ЖШС Таушұқырой өңірінде 800 гектар жер игеріліп, жүгері дақылы егілді. Алқап тамшылатып суғарылады.
Ауыл шаруашылығы құрылымдары бүгінде жаңа үлгідегі техникаларымен толыққан. Техника паркі кейінгі 4 жыл көлемінде отандық және шетелдік техникалармен 63%-ға жаңарды.
Бірінші жартыжылдықта жаңадан 30 ауыл шаруашылығы техникасы алынып, 1,1 млрд теңге инвестиция тартылды.
Құрылыс саласында да оң өзгерістер бар. «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде республикалық бюджеттен жобалық құны 363 млн теңгені құрайтын Шиелі кентінде салынатын спорт кешенінің құрылысын бастауға 50 млн теңге, жобалық құны 461 млн теңгені құрайтын Бестам ауылында 150 орыңдық клубтың құрылысына 50 млн теңге бөлініп, жұмыстар басталды.
Шиелі кентіндегі О.Байымбетов, Б.Дүйсенов көшелеріндегі 50 үйдің инфрақұрылымының құрылысына жергілікті бюджеттен 103 млн теңге бөлініп, ауыз су, жол, электр желілері тартылды. Аталған аумақта халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына арналған тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Ерекше санаттағы азаматтарға аудан бойынша 123 тұрғын үй салынып, табысталмақ.
Ауданда электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары да жүзеге асуда. Ал көгілдір отын жеткізу мәселесіне келсек, өткен жылы 6 елді мекен газбен қамтылды.
Ортақшыл елді мекеніне газ құбырын салу жұмыстарына облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, 15 шілдеде жұмыс басталды. Жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі. Аталған елдімекен газға қосылған жағдайда аудан тұрғындарының көгілдір отынды тұтыну көрсеткіші 80 пайызға жетеді.
Ал Шиелі кенті, Береке шағын ауданына газ құбыры мен орамiшiлiк газ тарату желiлерiн салу мақсатында жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамадан өткізілді.
Брифингте аудан әкімі білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт саласындағы оң өзгерістермен де таныстырды.
«АЖ» ақпарат
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!