Жақында Қызылорда қалалық «Жастар театры» көрермен назарына «Шолпанның күнәсі» қойылымның премьерасын ұсынды. Алаштың ардақтысы, нәзік лирик ақын, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Мағжан Жұмабаевтың шоқтығы биік туындысы – «Шолпанның күнәсі» әңгімесінің желісімен сахналанған трагедия жаңа дем алып, театр сахнасында қайта тірілді. Мағжан Жұмабаевтың бұл шығармасы – қазақ прозасындағы психологиялық тереңдігімен ерекшеленетін туынды. Театр сахнасында көрініс тапқан нұсқада қоғамдағы адам тағдыры, әйел бақыты мен ер азаматтың абыройы, сондай-ақ сәби сүйе алмай жүрген жандардың ішкі күйзелісі бейнеленген. Қойылым желісі перзентсіздіктің тауқыметін тартқан Шолпан есімді әйелдің махаббат пен ар-ұят алдындағы жантүршігерлік ішкі арпалысы мен оның жұбайы Сәрсенбайдың дәрменсіздігі, шарасыздығы айналасында жүйелі жеткізілген.
Қойылымдағы әрбір кейіпкер – бүгінгі қоғамның бір бөлшегі іспетті. Басты кейіпкерлердің бірі Әзімбай образынан жастар арасындағы тұрақсыздық, жауапкершіліктен жалтару секілді көріністерді аңғаруға болады. Қойылымның негізгі идеясы – бедеулік, тұрмыстық зорлық-зомбылық, отбасы құндылығы сынды өзекті мәселелерге құрылған.
Қойылымның режиссері Берік Ахмед бұл күрделі шығарманы таңдау себебін жай ғана шығармашылық ізденіс емес, өмірлік қажеттілік деп түсіндірді. Ол қазіргі қоғамдағы отбасылық трагедияларды сахна тілімен сөйлеткісі келгені туралы баяндап берді.
– Білемін, шығармалар көп. Қазақ әдебиеті әңгімелер мен романдарға бай. Бірақ мен өз ортамда, достарымның, туған-туыстарымның арасында бала сүйе алмай жүрген, перзентті болу үмітімен әулие аралап, балгер жағалап, Құдайдан тілеп, тіпті ағайын-туыстың баласын сұрап жүрген адамдарды өте көп кездестірдім. Бұл – бүгінгі күннің жасырын қасіреті. Күндердің бірінде Мағжанның осы шығармасына тап болдым. Оны оқып отырған сәтте көз алдыма бірден сахналық көрініс елестеді. Қойылымды қандай деңгейде және қалай қоятыным сол мезетте айқын болды. Біз мұны бүгінгі көрерменнің жүрегіне жететіндей етіп жеткізуді мақсат еттік, – дейді режиссер Берік Ахмед.

Психологиялық ауыртпалығы мол туынды көрерменге ғана емес, актерлерге де оңай соқпады. Театрдағы басты рөлді – Шолпанды сомдаған жас актриса Аружан Серік кейіпкерін сомдау барысындағы қиындықтарымен бөлісті. Оның айтуынша, Шолпанның жай-күйін түсіну үшін үлкен ішкі дайындық қажет болған.
– Қойылымға дайындалуға шамамен 2,5 ай уақыт кетті. Басында маған өте қиын болды. Мен Шолпанды түсінбедім, қабылдай алмадым. Ол – менің болмысыма мүлде кереғар кейіпкер. Ол жұрттың сөзіне тәуелді, «ел не дейді» деген қорқынышпен өмір сүреді және соған еріп кетеді. Кейіпкерім жасаған барлық күнәлары үшін жауап береді. Бірақ Шолпан мұның бәрін саналы түрде емес, ессіз кейіпте жасайды. Мен оның қабылдаған шешімдерімен келіспеймін. Алайда ол да бақытты болуға лайықты деп санаймын. Мен Шолпанды қатты аяймын, оған жаным ашиды. Сондықтан қойылымда мен оны қолдауға тырыстым. Бұл шығарма – қоғамның айнасы. Сондықтан қойылымнан кейін әркім өзіне керек ойды түйіп, қорытынды жасайды деп сенемін, – деді ол.
Режиссер Берік Ахмед театрдың қоғамдағы рөлі және аймақтағы театр мәдениетінің деңгейі туралы өзінің пікірін білдірді.
– Бізде «театр – тәрбие, мәдениет орны» деп айтады. Бірақ мен бұл тұжырыммен келіспеймін. Театр – өнер көрсететін орын. Менің жастарға айтар өтінішім бар. Қызылордада театр мәдениеті дамыса екен деймін. Кейде біз халық үшін жұмыс істеп кетеміз. Халықтың көңілінен шықсақ дейміз. Бірақ театр оның жетегінде кетпеуі керек. Театр халықты өсіруі керек. Театр десе біз жылап қайтатын, мән-мағына ұғып қайтатын жерді елестетеміз. Бірақ бұл тек біркелкі жанр емес, мұнда әртүрлі бағыттар бар. Бұл психология, детектив, комедия, мьюзикл.
Астана, Алматы қалаларында театр мәдениеті дамыған. Ол жақта билеттің бағасы жоғары. Бір-екі ай бұрын билет алу қалыпты дүниеге айналған. Ал бізде мұғалімдерді, студенттерді, оқушыларды қинап әкелетіні мен үшін жүректі ауыртатын мәселе. Жастар ақшаны ойын-сауыққа құртқанша, кітап оқуға, театрға баруға уақыт арнап, білім нәрімен сусынданса екен деп есептеймін. Сонда ғана біз ойлы, көкірегі ояу ұрпақты көре аламыз, – деп түйіндеді сөзін режиссер.
«Шолпанның күнәсі» – Қызылорда театры үшін жаңа тәжірибе, ал көрермендер үшін ой-толғау мен сезім толқыныстарына толы болды. Бұл қойылым көрерменді тек өткен ғасырдың оқиғасымен емес, бүгінгі күннің отбасылық және рухани мәселелерімен бетпе-бет әкелді.
Мерей ШӘКРАТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!