Жуырда Қызылорда облысы әкімдігі және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ұйымдастыруымен «Мұстафа Шоқай мұраларын зерттеудің өзекті мәселелері: тарих, таным және тағылым» тақырыбында халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Мұстафа Шоқай – Алаш қозғалысының төл перзенті, Алаш идеялары мен мұраттары аясында қанаттанған, қазақ, өзбек және басқа да түркі халқының ұлттық бостандығы үшін күресінің стратегиясы мен тактикасын дүниеге әкелген қайраткер. Осы орайда алаштықтың жолын жалғастырушы ғалымдар оның саяси идеялары мен ұлт үшін атқарған қызметін ұлықтады.
Конференция Мұстафа Шоқайдың өмірі мен мансабы туралы бейнероликпен басталды. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының ірі өкілі, түркі дүниесінің ұлы перзенті Мұстафа Шоқайдың туғанына 135 жылы аясында ұйымдастырылған халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан елдерінің ғалымдары мен зерттеушілері, БАҚ өкілдері, қоғамдық ұйым өкілдері, магистранттар мен докторанттар қатысты. Конференция жұмысы пленарлық және секциялық отырыс түрінде өтті. Ғалымдар мен сарапшылар Мұстафа Шоқайдың өмір жолы, саяси-қоғамдық қызметі, публицистикалық және ағартушылық еңбектері, сондай-ақ оның идеяларының қазіргі кезеңдегі өзектілігі жөнінде баяндамалар жасады. Конференцияның пленарлық мәжілісінде алғашқы сөз Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, педагогика ғылымдарының кандидаты Мейрамбек Шермағанбетке берілді. Пленарлық мәжілісте Түркия, Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы – Әбдіуақап Қара, АҚШ, Мичиган университетінің құрметті профессоры, филология ғылымдарының докторы – Тимур Кожаұлы, Халықаралық ислам академиясының профессоры тарих ғылымдарының докторы – Саидакбар Саидович, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының Тарих институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор – Раджабов Қаһромон, Азербайжан ҰҒА тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор – Гюллю Йологлу, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары – Қасымхан Бегманов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымының кандидаты, доцент – Төрәлі Еділбайұлы, PhD, Қазақстан Жазушылар одағы Балалар мен жасөспірімдер әдеби жанрлық кеңесінің төрағасы – Елдос Тоқтарбай, Мұстафа Шоқайтану ғылыми орталығының жетекшісі, саяси ғылымдарының докторы, профессор – Әбдіжәлел Бәкір баяндама жасады.

Конференция Мұстафа Шоқайдың саяси-құқықтық, публицистикалық және ағартушылық мұрасын кешенді түрде зерттеу, оның мемлекетшілдік идеяларының қазіргі кезеңдегі өзектілігін айқындау және Мұстафатану ғылымының дамуына жаңадан серпін беруді мақсат етті.
2016 жылы университет базасында құрылған «Мұстафа Шоқайтану» ғылыми-зерттеу орталығы бүгінде жүйелі бағытта жұмыс істейді. Ғылыми орталық ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен бірнеше ғылыми жобаларды жүзеге асырып келеді. Жоба нәтижесінде «Мұстафа Шоқай энциклопедиясы», бірнеше монография, оқу құралдары жарық көрді. Сонымен бірге 2023 жылдан бастап университеттің «Тарих» мамандығы бағдарламасына «Мұстафа Шоқайдың мемлекетшілдік мұраты» атты 4 кредиттік пән енгізілді.
Конференция соңында қатысушылар Мұстафа Шоқайдың еркіндік пен әділет жолындағы күресі – қазіргі Қазақстанның тарихи жадын, рухани тәуелсіздігін және мемлекетшілдік дәстүрін қалыптастырудағы маңызды іргетас екенін атап өтті.
Конференция қорытындысында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанынан тұрақты түрде жұмыс істейтін «Мұстафа Шоқай мұрасын зерттеу жөніндегі халықаралық ғылыми кеңес» құру, Мұстафа Шоқайдың шығармашылық және саяси мұрасын цифрландыру, оның еңбектерінің толық академиялық жинағын бірнеше тілде дайындау, ашық электрондық «Mustafashokay.kz» цифрлық платформасын іске қосу, Мұстафа Шоқайдың 135 жылдығына арналған халықаралық ғылыми еңбектер жинағын басып шығару және тарату туралы шешім қабылданды.

Алаш қайраткерлерінің есімін мәңгі есте қалдыру үшін Қызылорда қаласында дарияның сол жағалауында «Алаш қайраткерлері аллеясын» ашу, Қызылорда облысы, Шиелі ауданын «Мұстафа Шоқай» ауданы деп атау, мектептер мен колледждерде жыл сайын оқушылардың ғылыми конференциясын, эссе байқауларын, дебаттурнирлерін, интеллектуалды ойындар, олимпиада сияқты іс-шараларды дәстүрлі форматқа енгізу мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде демеушілер есебінен жыл сайын конкурс негізінде білім алушыларға «Мұстафа Шоқай» атындағы білім грантын, «Мұстафа Шоқай» атындағы стипендия тағайындау туралы ұсыныстар айтылды.
Конференцияның соңында қоғам қайраткерінің мұрасы жинақталып, бірнеше тілге аударылған кітаптардың тұсаукесері өтті.
Мұстафа Шоқайдың 135 жылдығына орай өткен шара туралы Гуманитарлық- педагогикалық институтының деканы Сағат Тайманұлы пікір білдірді.

– Конференция сипаты мен мазмұны жағынан жоғары деңгейде өтті. Себебі көптеген жаңа идея айтылды. Мұнда Мұстафа Шоқайдың жаңа қырлары ашылып, оны зерттеуде жаңа әдістер ұсынылды. Бұл қайраткердің мұрасын зерттеудің жаңа кезеңі басталады деген сөз. Мұнда Алаштың көрнекті өкілінің энциклопедиясы жарық көрді, оның француз тіліндегі еңбектері қазақ тіліне аударылып, «Яш Түркістандағы» мақалалары үш томдық кітап болып шықты. Бұл Мұстафа Шоқай ғылыми орталығының 10 жыл көлемінде атқарған еңбегінің есепті конференциясы болды деп ойлаймын, – деді ол.
Бұл шара Алаш қайраткерінің мұрасын зерттеудегі жаңа кезеңнің басталғанын айқындайды. Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан сияқты елдерден келген ғалымдардың басын қосқан конференция, Мұстафа Шоқайдың өмірі мен қызметіне қатысты тың деректер мен жаңаша көзқарастарды ортаға салды. Бұл Мұстафа Шоқайдың мемлекетшілдік идеяларының бүгінгі Қазақстан үшін маңызын айқындап, оның мұрасын тереңірек зерттеуге жаңа серпін бергені сөзсіз.
Мерей ШӘКРАТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!