“Ақ жол” фракциясы қомақты айыппұлдары үшін ӘҚбтК-не өзгерістер енгізу туралы заң жобасын қолдамады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат Азат Перуашев фракция заң жобасына қарсы дауыс бергенін айтып, оның себебін түсіндірді.
Осы заң жобасына ақжолдықтар кәсіпкерлеге салатын ауыр айыппұлдарды 3-5 есе азайту туралы бірнеше түзету ұсынған.
Заң жобасын талқылау барысында “Ақ жол” демпартиясының депутаттары кәсіпкерлерге салынатын қомақты айыппұлды 3-5 есеге азайтуға қатысты бірқатар түзету жолдады. Өкінішке қарай, жұмыс тобында билік партиясы мен Мәжіліс Бюросындағы барлық басқа фракциялар мемлекеттік органдардың пікірін алға тартып, қазіргі қомақты айыппұлдарды сақтап қалуды қолдады. Уәждері қарапайым – айыппұлдар бұзушылықтардың алдын алу және тұтынушылардың мүдделерін қорғау үшін қажет, – деді Перуашев.
Оның сөзінше, осы заңды талқылау кезінде фракцияға 2 мыңнан астам кәсіпкерден айыппұлдарды азайтуды сұраған өтініштер түскен.
Олардың (кәсіпкерлердің – ред.) айтуынша, айыппұлдардың қомақтылығы бұзушылықтарды алдын алу үшін емес, бақылау органдарының бопсалауы үшін қызмет етеді.
Өйткені бағадағы қателік үшін 700 мың теңге төлеуден гөрі, тексерушіге 100 мың бере салған оңай. Сондықтан бұл нормалар бүгінде алдын алу үшін емес, бизнесті бопсалау үшін қолданыла бастады. Кеше ғана EGOV-PRESS телеграм арнасында әр учаскеде дәл осы ӘҚБтК-нің баптары бойынша кемінде 200 құқық протокол рәсімдеу туралы полицияның дауыстық бұйрығы жарияланды. Бұл ақылға қонымсыз айыппұлдардың қалай қолданылатындығы туралы нақты мысал. Ал бүгінгі заңға түзетулердің 80 пайызы репрессиялық сипатқа ие – айыппұлдар, айыппұлдар, айыппұлдар. Біздің шенеуніктер мемлекет тек жазалап ғана қоймай, реттеу саясатының айыппұл салудан бөлек, ынталандыратынын түсіндіруі керектігін ұмытқан сияқты, – деп сын айтты депутат.
Перуашев тұтынушылардың құқықтарын қорғауға жүгінгенде олар шағын және орта бизнестің қалай жұмыс істейтінін білмейтіндей сөйлейтінін айтты.
Үйдің жанындағы дүкеннің күнделікті пайдасы 30-50 мың теңге болса, оған 100 мың айыппұл салынса, ол ақшаны қайдан алады? Тек тауар бағасын көтеріп, бұл айыппұлды сатып алушыларға жүктеу арқылы ғана өтейді. Әсіресе, бұл айыппұлдар тұрақты болғанда, кәсіпкерлер дәл осы туралы хабарлап жатыр. Сондықтан орынсыз қомақты айыппұлдар шын мәнінде тұтынушыларды қорғамайды, керісінше Ұлттық банктің соқыр саясаты мен доллардың құбылмалы бағамына қоса инфляцияға ықпал етеді. Құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұтынушылардың құқықтарын қорғау 200 теңге тұратын картоптың баға белгісіндегі қателік үшін 200 мың айыппұл салынған кезде емес, айыппұлдар бұзушылықтардың ауырлығына сәйкес болғанда ғана жұмыс істейді. Немесе сапасыз өнімге айыппұл салынып қана қоймай, сатылымнан алынған жағдайда, – деді Азат Перуашев.
Ол тексерушілер айыппұлды желеу етіп, бопсалаумен айналысып жүргендерін, ал сапасыз тауарлар сөрелерде сол күйі тұра беретінін айтты.
Шенеунік мырзалар, сіздер үшін мен ұялып отырмын. Бір рет болса да жылы кеңселерден шығып, кәсіпкердің немесе тұтынушының орнына барып тұрып көріңіздер. Сіздер әлдебір “Штрафстанды” құрып жатырсыздар, – деп айтты депутат.
“Ақ жол” фракциясы қалыпты нарықтық экономиканы құруды ұсынды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!