Екібастұз қаласында 31 жастағы әйел ұрып-соғудан өзін-өзі қорғау үшін күйеуін өлтірген. Жүкті әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болғанын айтып, өзін және құрсағындағы баласының өмірінен қорқып, күйеуін пышақтап тастаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Екібастұздық келіншектің айтуынша, ол бірнеше ай бойы күйеуінің қатыгездігі мен қорлығына төзіп, тұрмысы түзеледі деп үміттенген.

«Биыл мамыр айында кезекті рет ұрып-соғу кезінде күйеуім маған пышақпен шабуыл жасады. Өз өмірім үшін және құрсағымдағы балам үшін қорқып, қашуға тырыстым, бірақ ол қайтадан шабуыл жасады. Мен оның пышағын алып алдым. Қатты үрей билегені сонша мен оған пышақты сұғып алдым. Салдары өлімге әкелді. Өкінішке орай, ол қайтыс болды. Қайғылы оқиға кезінде мен жүктілігімнің 23 аптасында болдым. Ол маған бұрыннан зорлық-зомбылық әрекетін көрсететін. Құқық қорғау органдарына қайта-қайта жүгінсем де күйеуім үнемі жазасыз қалатын. Ал үйге келгенде ол өзін агрессивті ұстады», – деді әйел.

Айтуынша, ол бұған дейін жергілікті емханада тіс дәрігері болып жұмыс істеген. Күйеуімен қарым-қатынасы жақсарады деп төрт ай бойы некеде тұрып, оны бұзбаған.

«Қазір жүктіліктің 35-ші аптасындамын. Үйқамақта отырмын және оған ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі «Басқа адамды қасақана өлтіру» бойынша айыпталдым. Менің әрекетім қасақана болмағаны туралы дәлелдер бар. Бірақ мұны ешкім тыңдамай жатыр», – деді Екібастұз қаласының тұрғыны.

Күдікті өз өтінішіне оқиға орнынан күйеуімен жанжалдасып қалған сәті түсірілген видеоны тіркеген, кадрларда ер адамның әйелді ұрып жатқаны көрінеді.

«Шыдап жүре бермеңіз, уақытында кету керек. Өйткені бұл өмірде қауіптің қайдан келері белгісіз. Қазір мен үшін өте қиын, болған оқиғаға қатты өкінемін», – деді әйел.

Павлодар облысының полиция департаменті Екібастұз қаласының тұрғынына қатысты қылмыстық іс қазірдің өзінде сотта қарауға дайындалып жатқанын хабарлады.

Ал, әйел көмек сұраған Дағдарыс орталығы оған қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

«Әрине, әйелдің аффект жағдайында болғанын дәлелдеу өте қиын. Сондықтан өз-өздерін қорғаймын деп осындай жайтқа тап болған әйелдердің көбі қазір колонияда. Дегенмен мұны дәлелдеуге де болады. Тек құқық қорғаушылар үшін кісі өлтіру деп істі жабу оңайырақ. Біздің тәжірибемізде бұл үнсіз қалатын жағдай емес. Қазір билік, депутаттарға үндеу жариялап, жан айқайды жеткізуге болады. Процесс біздің және қоғамның бақылауында. Соттың әділ өтуін талап етеміз», – деп түсіндірді «Дағдарыстық орталықтар одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрайымы Зульфия Байсақова.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!