Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Шымкентте интернет алаяқтарына алданып қалғандар көп. Бұл туралы Шымкент қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Арман Бейсенбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform.

Шымкентте жыл басынан бері 786 интернет-алаяқтық қылмысы тіркелген. Жергілікті тұрғындарға келтірілген шығын көлемі жалпы 720 млн теңгені құрайды.

«Азаматтарға интернет-алаяқтыққа қарсы түсіндірме жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан, аталған қылмыс саны азаяр емес. Осыған байланысты тұрғындарға алаяқтықтан сақ болуды ескертеміз», – деді полиция полковнигі Арман Бейсенбаев.

Тәртіп сақшысының айтуынша, интернет-алаяқтар арам ойын іске асыру үшін мына әдіс-тәсілдерді кеңінен қолданады:

  • Олар өздерін «банк қызметкері» немесе «құқық қорғау органдарының өкілі» ретінде таныстырады. Жалған нөмірлермен қоңырау шалып, сіздің есепшотыңыздағы ақшаларды шұғыл басқа шотқа аудартуға немесе атыңыздан несие рәсімдеуге тырысады.
  • Ал кейбіреулері интернеттің мүмкіндігін ескере отырып, лауазымды тұлғалардың атын пайдаланып, еліміздегі ірі кәсіпорындарға инвестиция салу арқылы ақшаңызды көбейтуге шақырады.
  • Алаяқтардың ең жиі қолданатын тағы бір әдісі – тауарлай несиені қолма-қол ақшаға айырбастап беруге сендіреді, (обналичка жасайды) түбінде сізді тақырға отығызып кетеді.
  • Төртіншіден, қазіргі таңда кең тараған интернет-алаяқтық хабарландыру сайттары арқылы, яғни «ОLХ», «Krisha», «Кolesa» платформаларында жасалады. Онда, түрлі мүліктерді сатылымға шығарып, адамдарды тарту үшін арзан бағада сапалы тауарларды ұсынады. Сондай-ақ, қызығушылық танытқан азаматтарды шешім қабылдауға асықтырып, алдын ала төлем жасауға көндіреді.
  • Тағы бір айта кететін жайт, өз атыңызға ашылған банк карталарын бөтен азаматтарға сатпаңыздар және жалға бермеңіздер. Олар оны теріс пиғылын жүзеге асыру үшін пайдаланады. Ал бұл жағдайда заң алдында сізге де, қылмыскерге де қатаң жаза қарастырылған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!