Шымкентте бала күтуші өзі жұмыс істейтін үйден 1,5 млн теңгенің алтынын жымқырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Абай аудандық полиция басқармасына құны 1,5 миллион теңге тұратын алтын әшекейлерінің жоғалғанын айтып жергілікті тұрғын шағымданған. Оқиға орнына жедел тергеу тобы барып, істің мән-жайын нақтылау барысында сол үйде бала күтімімен айналысатын 19 жастағы қыз күдікке ілінген.

“Тәртіп сақшылары шұғыл іздеу жұмыстарын жүргізіп, күдіктіні Абай АПБ-на жеткізді. Аталған жайтқа қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігі (Ұрлық) бойынша іс қозғалды. Белгілі болғандай, жас қыз әуелі үй иесінің неке жүзігін ұрлап, сатып жіберген. Кейін сөредегі алтындарға көзі түсіп, оны да қаладағы базарларға апарып өткізгені анықталды”, – делінген хабарламада.

Күтуші өз кінәсін толық мойындап, бұл ісі үшін өкінетінін жеткізді. Жәбірленуші келтірген материалдық шығынның толығымен өтелуіне байланысты, азаматшаға кешірім берді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!