Шымкентте полицейдің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл туралы ІІМ-нің ресми Polisia.kz ақпараттық медиа-порталы хабарлады. Ведомствоның хабарлауынша, 3 тамыз күні сағат 17:00 шамасында Байтұрсынов көшесіндегі жаяу жүргіншілер өткелінде Тұран АПБ-ның жүргізуші полицейі қызметтік автокөлікпен 2 адамды қағып кеткен.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан анасы мен кәмелет жасына толмаған қызы ауруханаға жеткізілген.

– Аталған жайт Шымкент қаласы полиция департаментінде ҚР ҚК-нің 345-бабы 2-бөлігі (Көлік құралдарын басқаратын адамның абайсызда адам денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соққан жол жүру қағидаларын бұзу) бойынша тіркелді. Қажетті сараптамалар тағайындалды, – делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, Шымкент қаласы полиция департаментінің басшылығы зардап шеккендерден және олардың туыстарынан полиция қызметкері жолда адамдардың жарақат алуына жол бергені үшін кешірім сұрайды.

Полиция департаментінің анықтау басқармасы сотқа дейінгі тергеуді жүргізуде.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!