Қазақстан халқының 51 пайызын нәзік жандар құраса да, әйел құқығы нүктесі қойылмаған мәселе. Тіпті жаһандық деңгейдегі күрделі тақырыпқа айналды. Себебі әлемде әрбір үшінші әйел зорлық зомбылыққа ұшырауда. Гендерлік теңсіздік жолында теңдікті қалайтын феминистік ұйымдардың ұраны жиі естілуде. Осы орайда қала тұрғындары арасында сауалнама жүргіздік.
1.Феминизм туралы ойыңыз қандай?
2.Қазақ қыздарының құқығы қаншалықты қорғалған?
3.Зорлық-зомбылық не себепті көбеюде?
4.Әлеуметтік желідегі коуч, психолог мамандардың кеңесін қолданасыз ба?

Әнеля Мәди
1.Феминизм. Бұл терминді естігенде көбінің ойына алғаш келетіні – әйелдердің алға шығуы. Десе де, басты идеясы – қоғамның бүкіл саласында қыздарға тең мүмкіндікті орнату. Яғни алға шығып үстемдік етуі деп тұрған жоқ, тең құқылы болуы басты мақсат. Меніңше, мұның түсінбейтін дәнеңесі де жоқ. Бастысы, әрбір адам өз құқығын, орнын, өмірдегі миссиясын білсе болғаны деп ойлаймын.
2.Қорғалған дейін десең ел ішіндегі оқиғалар бар. Бірақ барлығында бірдей емес. Сондықтан қыздардың құқығы мүлдем қорғалмаған деп айтуға негіз жоқ секілді.
3.Зорлық-зомбылық. Атының өзі жан түршіктіретіні рас. Бірақ қоғамда болып жатқан, тіпті отбасылық жағдайда орын алатын нәрсе. Әрине, барлық отбасында бұл сорақылық болмайды. Дейтұрғанмен, отбасылық зорлық- зомбылықтың құрбаны болған әйелдер мен балалар қаншама. Бұл – ащы шындық. Отбасындағы материалдық қиындық бір бөлек. Ал зорлық-зомбылық, айқай-шудың, физикалық қысымның салдары мүлде бөлек деп ойлаймын. Қазір агрессияға бейім немесе өзінің қалауын айта алмайтын жасқаншақ балалар көп. Меніңше зорлық-зомбылықтың бірден-бір себебі бұрынырақ өзі көрген қысымның салдары секілді. Себебі, отбасы – өмір айнасы.
4.Жоқ, қолданып көрмеппін. Әр адамның өз өмірі, өз тағдыры бар. Сол секілді сезімдері, қуанышы мен қайғысы тағы бар. Біреудің жан дүниесіндегісін екінші біреу қалай түсінбек? Бәлкім тағдырлас болар. Бірақ бірдей болады деп ойламаймын. Әлеуметтік желідегі айтылғанның барлығын дұрыс деп, өзіңе қабылдаудың қажеті жоқ секілді. Тыңдаған, көрген, білген дұрыс. Бірақ шешім тек өзіңде болуы керек.

Алтынай Мейрамбекқызы
1.Феминизм біздің қоғамға жат ұғым, бірақ кей тұстарын қолдаймын. Бәрібір ер адаммен бірдей бола алмайсың. Ең бастысы, арадағы сыйластық. Қазақстанда феминистік ұйымдар бар. Бірақ мән бермейді екенмін.
2.Қазақ қыздарының құқығын қорғауды әлі де дамыту керек. Өкінішке қарай құқық мәселесінде шикіліктер бар. Жыл сайын көрсеткіші артып жатқан зорлық- зомбылық саны азайса екен деп тілеймін.
3.Күш көрсету немесе басқа зорлық әрекеттер отбасы ішінде жылдар бойы жиналған проблемаларының салдары деп ойлаймын. Бір-бірімен ашық сөйлеспеуі, эмоциясын жеткізе алмауы секілді болмашы мәселелерден туындайды. Ал нәтижесінде агрессия сынды сезімдерін басқара алмай қалады.
4.Желіні ашсаң не көп, тренер, психолог, коуч көп. Бірақ олардың барлығы кәсіби маман емес. Алдымен сана, одан соң ой. Жақсы нәрсе ойласаң, барлығы жақсаруы мүмкін.

Айжан Орынбасар
1.Феминизм әуел бастан қыз балалардың құқығын қорғау, толыққанды білім алып, жұмыс жасай алуы және қоғамда әйел үнінің естілуі үшін жұмыс істейтін қозғалыс. Ал сол қозғалыс аясында күресетін жандар – феминистер. Алайда уақыт өте келе феминизм ұғымы өзгерді. Түпкі мақсаты өзгермегенімен, бағыты ситуацияға қарай өзгеріске ұшырады. Феминизм бүгінде ЛГБТ қоғамдастығына жақындауда. Бұл феминизмнен тым алшақ дүние, қателесуге болмайды. Дәл осы әрекетке қарсымын. Бірақ әйелдердің құқығын қорғап, қоғамда орны бар екенін насихаттайтын ұйымдардың жұмысын қолдаймын, бар болғанын қалаймын және бұл Қазақстанға қажет.
2.Қазақ қыздарының құқығы белгілі сатыда қорғалған. Бірақ әр адам өзін, көзқарасын, құқығын қорғай білу керек. Ал қазақстандық қыздар өз ойын қаншалықты еркін жеткізе алады, қорғай алады? Бұл да бір сұрақ.
3.Зорлық-зомбылық әрекеті тікелей надандыққа байланысты. Білім саласындағы надандық емес, адами тұрғыдағы надандықтың салдарынан болатын іс-әрекет деп ойлаймын. Резонанстық жағдайға айналған Салтанат Нүкенованың өлімін алсақ. Қуандық Бишімбаев ауқатты отбасынан шыққанымен, ол адам ретінде надан болды.
4.Белгілі деңгейде қолданамын, белгілі деңгейде қолданбаймын. Кез келген адам ақпаратты сараптай білу керек. Бұл ақпарат қажет пе әлде қажет емес пе? Әлеуметтік желідегі коучтар мінсіз емес. Сондықтан кеңестерінің ішінен өзіме қажетін ғана аламын.

Сауалнама жүргізген
Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!