Егер үнемі достарыңыздың шағымын тыңдап, оларға кеңес берсеңіз, сіз Зигмунд Фрейдсіз. “Психоанализ” ілімінің негізін қалаушы Зигмунд Фрейд жайлы естуіңіз бар ма?
Зигмунд Фрейд –1856 жылдың 6 мамырында дүниеге келген Австриялық психолог. Ол XX ғасырдағы ең атақты ғана емес, ең даулы тұлғалардың бірі. Әлі күнге дейін “Бұл шынайы ғалым ба, әлде алаяқ па?” деген сұрақ көпті мазалайды. Фрейд адам табиғатына деген “новаторлық идеяларымен” ғылыми ортада резонанс тудырды. Зигмунд бала кезінен өз жасындағы балаларға қарағанда алғырлығы, білімділігімен көзге түседі. Философия мен әдебиет саласына қызығушылығы жоғары болған. 1873 жылы Вена университетінің медицина факультетіне оқуға түсіп, сегіз жылдық медициналық білімінен соң “Вена” ауруханасына жұмысқа тұрады. Ауруханада Фрейд диагностика әдістерін, миына зақым келген балаларды, сондай-ақ әртүрлі тілдік ауруы бар балаларды емдеу әдістерін меңгереді. 1885 жылы Париждегі атақты невролог атанған Шаркодан гипноз жайлы ілімдерді меңгеріп, сол арқылы науқастарды емдеуге немесе уақытша ауруынан айықтыра алатынына көзі жетеді. Бірақ, Зигмунд адаммен пікірлесу арқылы емдеу жолын таңдайды. Пациенттерімен әңгімелесе отырып, олардың ойын өзгертуге тырысады. «Еркін ассоциация» әдісі деп аталған Зигмундтың бұл емдеу әдісінде пациенттеріне кездейсоқ бірінші есіне түскен затты айтқызып отырады. Осы арқылы гипнозсыз емдеу әдісін көздейді.
1896 жылы Зигмундтың әкесі қайтыс болады. Бұл өлім оның жанына қатты батқаны сонша, өзін өте жалғыз сезінеді. Осы кезде Фрейд тағы бір емдеу әдісіне жүгінеді, ол “Көрген түстерін жору” болатын. Фрейдтің есептеуінше: “Түс жәй нәрсе емес. Түс көру қаншалықты бос көріністер болғанымен, оның «сценарийі» – бұл түстің бейне белгілері арқылы қанағаттандырылатын түпкі тілек-қалауларымыздың коды.”
Германиядағы билік басына фашизм келген уақытта, нацистер өртеген кітаптардың ішінде Зигмунд Фрейдтің кітаптары да бар еді. Мұны естіген Фрейд: “Біз қандай прогресске қол жеткіздік? Орта ғасырларда олар менің өзімді өртер еді, ал бүгін олар менің кітап­тарым­ды өртеуге қана­ғат­танды”,- деген әйгілі сөзде­рін айтады. Фран­циядағы Америка елшісінің көмегімен осы қиын уақытта Фрейд Англияға көшеді. Англияда ғалымдар Фрейдті жақсы қарсы алды. Бірақ оның күні санаулы еді. Сөйтіп ол 1939 жылдың жиырма бірінші қыркүйегінде Лондонда Зигмунд Фрейд қайтыс болды. Зигмунд теориясының әлемге әйгілі ілім ретінде танылғаны соншалық, бүгінде ғалымдар арасында «Психология – Фрейдтің өзі» деген пікір қалыптасты.

Ақниет ӨТЕГЕН,
Қорқыт ата атындағы ,Қызылорда университетінің
2 курс студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!