Ақпараттық қауымдастық пен интернет, технология дамыған қазіргі заманда қарым-қатынастың негізгі құралы – әлеуметтік желі. Бүгінгі интернет әлем бойынша миллиондаған адамды байланыстырады. Ал осы желі қолданушыларының тілдік нормалары қандай деңгейде? Олар әлеуметтік желіде тілдің деңгейін көтеріп жатыр ма, әлде..?
Қазақ тілінің, ана тілінің мәдениетін көтеру – ұлттық мүдде талаптарының бірі. Қазақ тіл мәдениетінің үлкен бір саласы – сөйлеу және жазу мәдениеті, оны жоғары деңгейге көтерудің басты заңдылығы – дұрыс айту және қатесіз жазу нормасы. Қазір адамдардың барлығы дерлік әлеуметтік желіні белсенді қолданады. Мұндағы қарым-қатынас шынайы өмірдегіден мүлдем басқа. Қазір сөз әрекетінде тілдің жаңа формасы – жазбаша ауызекі сөйлеу пайда болды деуге болады.
Желі қолданушылары толықтай паралингвистикалық құралдардан, яғни сөз темпінен, қандай да бір сөзге екпін түсіруден, дикция, жест, мимикадан айырылған деуге болады. Сондықтан да әлеуметтік қарым-қатынас нәтижелілігі шынайы қарым-қатынаспен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Паралингвистикалық құралдардың мұншалықты жеткіліксіздігін әлеуметтік желіде өзге құралмен толықтыру қажеттілігі туады. Ол – смайликтер. Ағылшын тілінде Smile – күлкі/жымию дегенді білдіреді. Дегенмен әртүрлі эмоцияны түрлі смайликтерге бекітіп беріп қолдануға әрекет жасалғанымен, ол табиғи тілдегідей, эмоцияны толыққанды жеткізе алмайды, тек сол бағыттағы сезімнен хабар береді.
Интернет қолданысындағы қазақ тілінде де сленг көп кездеседі. Ол өз бетімен дамып, грамматика заңдылықтарына бағынбайды. Мұндай сөздерге жаргон сөздер жатады. Ол жастар арасында көп пайдаланылады. Жастар сленгі – ерекше лингвистикалық құбылыс. Ол тек белгілі бір жас аралығындағы топ ішінде өрбиді.
Әлеуметтік желідегі қазақ тілі қолданысында кездесетін тағы бір ерекшелік – қысқартудың жиі қолданылуы. Қазақ тілін қолдануда кездесіп жүрген қысқартылған сөздер мен сөз тіркестері, сөйлемдер: не істеп жатырсың? – нест, білмеймін – блмим,бара жатырмын – баратрм, не жаңалық – не жан, рахмет – раха. Мұндай қысқартулар барысында әр әріп бір сөзді білдіруі де мүмкін. Нәтижесінде әріптік бірізділік пайда болады, оны оқу, түсіну мүмкін болмайды, өйткені олар оқуға арналмаған.
Қорыта айтқанда, әлеуметтік желідегі мәтін (пост) өзіндік ерекшеліктерге ие, оның сипаты ауызша-жазбаша, тілдік ерекшеліктері қалыпты нормаға бағынбайды, ол адамдардың интернет алаңдағы қарым-қатынасына ыңғайланған, уақытты үнемдеу мақсатында қысқартулар жиі орын алады, өзіндік заңдылықтары мен талаптары бар. Алайда әлеуметтік желінің заңдылықтары мен талаптарына бағынып жүріп, шынайы өмірдегі қарым-қатынастан алыстап кетпейміз бе?..

Орынкүл ЕСЕНДІКОВА,
Арал ауданы

Мергенсай ауылдық округі,
№58 орта мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!