Интернетте алаяқтық схеманың жаңа түрі пайда болды. Алдаушылар оның көмегімен ресейлік сенсациялық сериалдың жас жанкүйерлерінен ақша ұрлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі hi-tech.mail.ru сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: hi-tech.mail.ru

Желіде «Слово пацана» сериалының екінші маусымының түсіріліміне қатысты  кастингтік хабарландырулар пайда болды. Жарнама мәтінінде түсірілімге қатысқаны үшін 3500 рубль төленетіні жазылған.

«Ижевскіде «Слово пацана» екінші маусымының түсірілімі болады! 9 желтоқсан мен 5 қаңтар аралығында топтық көрініске әртістер қажет. Хабарландыруды парақшаңызға бөлісіңіз. Аккаунт ашық болу керек», – деп жазылған хабарландыруда. 

Алаяқтар сериалдың екінші маусымы 2024 жылдың көктемінде шығатынын, қазір команда жалғасын түсіруге жасөспірімдерді жинап жатқанын хабарлайды.

Басылымның мәліметінше, мұның алаяқтық схема екені оңай анықталған. Жанкүйерлердің бірі жалған ұйымдастырушыларға хат жазған. Олар жәбірленушіге оның кандидатурасы мақұлданғанын және түсірілім күні келісілгенін бірден айтады.

Содан кейін болашақ «актерге» топқа ену үшін 500-ден 1000 рубльге дейін төлем жасау керектігін айтады. Жәбірленуші оған сеніп, ақшасын төлеген соң алаяқтар оны бірден қара тізімге салады.  

Сериал авторлары бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді.

«Бірінші маусым әлі толық шыққан жоқ, екіншісі туралы айтуға әлі ерте. Кез келген мұндай кастинг хабарландырулары жалған. Сериялар туралы барлық өзекті ақпаратты жобаның ресми қауымдастықтарынан табуға болады. Алданбаңыздар», – деді олар.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!