Екінші дүниежүзілік соғыс – қаншама ошақты ойрандаған, талай баланы жаутаңдатып жетім қалдырған қанды қырғын. Сол бір сұрапыл жылдары қазақ халқы өзінің Отанына, жеріне деген патриоттық сезімін, ұлттық мақтанышын дәлелдеді. Қиын қыстау кезеңде майданға кеткен әкелердің, бауырларының орнына ауыр еңбек әйелдер мен буыны қатпаған балаларға артылды.
Балалар соғыс жылдарында майданға үлкен көмек көрсетіп, елге деген адалдықтарын нақты істерімен дәлелдеді. Олар тікелей соғысқа қатыспаса да, тылда түрлі жұмыстар атқарып, жеңіске өз үлестерін қосты.
1941 жылы 2 қазанда Қызылорда қаласы, пионерлер үйінде фашистерге қарсы жалпыхалықтық митинг өткізілген. Митингке жұмысшылар, оқушылар, студенттер, ұстаздар, шаруалар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Олар фашист басқыншыларына «Барлығы майдан үшін, барлығы Жеңіс үшін!», «Қызыл Армия – Жеңіс армиясы!» деген ұранмен Отан қорғауға дайын екендігін жеткізіп, елдің патриоттық рухын күшейтіп, бірлікке шақырды.
Қызылорда облысы – ауыл шаруашылығына бейім өңір болғандықтан, соғыс жылдарында егіс алқаптарында балалар үлкендердің орнын басты. Олар тылдағы еңбекке белсене араласып, майдан шебіндегі жауынгерлерге рухани және материалдық жағынан көмек көрсетуге атсалысады. Олар мақта, күріш, бидай егіп, өнім жинады. Егін жинау науқанында күннің ыстығына, қиын жағдайларға қарамай, аянбай еңбек етті. Олар майданға азық-түлік пен киім-кешек дайындауға үлесін қосты. Қазалы қаласындағы орта мектептің оқушылары майдан даласында ерлік көрсетіп жүрген қызыл жауынгерлерге белсенді көмектесіп, әр оқушы өз әлінше ақша мен күмістен істелген білезік әкеліп тапсырды. Әбуова, Бекбембетова есімді оқушы комсомолдар 700 сом ақша жинап, тапсырды. Жалағаш ауданы Мәдениет ауылындағы Мәдениет мектебінің оқушылары майдандағы батыр бауырларына жылы киім әзірлеу ісіне бар қайратымен кірісті. Мектеп жанынан колхозшылар берген жүндерінен әртүрлі бұйымдар жасау үйірмелерін ашты. Бұл үйірмеде мектеп оқушылары бос уақытында жүн түту, иіру, тоқу ісімен айналысты. Онда оқушылар ондаған қолғап, шұлықтар, бұдан басқа өз жағынан 57 бет орамал, 12 жүн шұлық, 10 тері қолғап, 20 жүн қолғап тағы басқа заттар тапсырды.
1941 жылы Жаңақорған ауданында Октябрь орта мектебінің оқушылары мен оқытушылары мектеп төңірегіндегі колхоздарға нақты жәрдем беру ісіне шұғыл кірісті. Әсіресе «Ворошилов», «Октябрь» колхоздарына бөлінген оқушылар колхоздарда 8 күн ішінде 135 оқушы 23208 килограмм мақта теріп, оның ішінде 5 класс оқушылары Пейзова Зейнекүл, Төлтаева, Макулбеков, Байтілеуова 60-70 кг, Әбдраманов, Елмуратов есімді оқушылар 50-55 кг мақта теріп, Қызыл Ту орденімен марапатталған. Жалағаш ауданы Төрткүл орта мектебінің жанынан құрылған комсомол ұйымы соғыс мүддесіне сай қайта құрылды. Ол ұйымның жетекшісі Төлепова, Қалыбеков, Дүйсенов колхозшыларға газеттер, кітаптар оқып тұрды. Әр демалыс сайын жексенбілік жасап, онан тапқанын Отан қорғау қорына аударып отырған. Сондай-ақ олар 30 центнер металл сынықтарын, оқушы комсомолмен бірігіп, 30 дан аса киімдер тапсырды.
1943 жылы Кеңес мектебінің мыңдаған оқушылары егіс даласына шығып, қажырлы еңбек етіп жүрді. Егін егу, бастыру, мемлекетке астық тапсыру ата-аналарына, колхозға күрделі көмек көрсетті. Облыстың мектеп оқушылары Ұлы Отан соғысы кезінде әрқайсысы әлі келгенше еңбек етіп, қызмет етудің үлгісін көрсетті. Олар ерте тұрып, кеш жатып, соғыс жылдарының қиыншылығына көніп, жұрт қатарлы жұмыс істеді. Жас балалар егіннің арамшөбін отап, Сырдария ауданындағы Казрис мектеп оқушыларының бастамасымен көптеген оқушылар масақ теріп, өз алдына бастырып, дәнді Қызыл армия қорына жіберіп отырған.
Соғыс жылдарында Қызылорда облысында техникалық үйірмелер жұмыс істеген. Мақсаты соғыс кезінде елімізде әскери өнеркәсіпті дамыту, жұмысшылар мен жастарды жұмысқа даярлау және оларды техникалық мамандықтарға үйрету қажеттілігін арттыру болды.
Қызыл Армия үшін Арал ауданындағы мектептер 80 оқушы киім тоқу, 20 оқушы радистер, 25 оқушыдан химиктер, 30 оқушыдан типография, 35 оқушыдан құралған кеме жүргізуші үйірмелері жұмыс жасады. Балаларға патриоттық рух беру мақсатында мектептер мен интернаттарда саяси-тәрбиелік іс- шаралар ұйымдастырылып отырған. Жаңаөріс бастауыш мектеп оқушылары Тереңөзек ауданы ауыл шаруашылық жұмысына белсенді түрде көмек көрсетті. Мектептегі 30- ға жуық оқушылар колхоздың 5-6 гектар бидайдың арам шөптерінен арылтты. Бұл жұмыстарға пионер, «Октябряттар» ұйымының тәрбиешілері тамаша ұйымдастырушы болды.
1943 жылы Сырдария ауданының Интернационал кеңесіндегі Сталин атындағы колхоздың оқушылары колхоз жұмысына ірі көмек көрсетуде. Оқу озаттары Айтбай, Бихан, Асан, Бибігүл тағы да басқалар колхоз малының төлін күтуде көп еңбек сіңірген еді. Аталған оқушылар өздерінің күндік нормасын 180-200%-ға орындап, ерлік істерін көрсетті.
Қамбаш ауылдық кеңесіне қарасты «Сталин жолы» балықшы колхозының жанындағы оқу үйі Ұлы Отан соғысы жылдарында жаңа міндеттерге сай қызмет атқарды. Бөлмелері таза, республикалық, облыстық және аудандық газеттердің номерлері үзбей келіп тұрды. Көркем және әдеби кітаптармен толықтырылып отырды. Онда жастар саяси білімдерін көтеру ісімен де айналысты.
1944 жылы 20 маусымнан бастап облысымызда жазғы демалыс лагерьлері қалыпты жағдайда жұмыс істемесе де, балалардың демалысын, тәрбиесін және еңбекке араласуын ұйымдастыруға бағытталған шаралар жүргізіп, оған облысымыздың жұмысшылар мен қызметкерлердің балалары жіберіліп отырды. Ал, 10 маусымнан бастап колхозшылардың балаларына колхоз аралық лагерьлер ұйымдастырылды. Жазғы пионерлер лагерьлеріне 1944 жылы 1657 оқушы және 1000 жуық колхоз жастары жіберілді. Оның ішінде жетім балалар үйінен 250, балабақшадан 200, ата- анасыз қалған балаларды тәрбиелейтін үйлерден 50 бала қамтылған.
1945 жылы Шиелі ауданындағы Ворошилов атындағы қазақ орта мектебінің жоғары сынып оқушыларынан мәдениет бригадасы ұйымдастырылып, «Қызылдихан», «Ақтоған », «Алғабас», «Ленин» атындағы колхоздарға ойын сауық кештер, халықаралық мәселелер жөнінде әңгімелер өткізіліп отырған. Сонымен қатар оқушылар 4 бригадаға бөлініп, 1 апта ішінде 30 гектар егін егіп, 5 гектар жерді арамшөптен арылтып, 1 гектар жерге жеміс ағаштарын отырғызған. Бұл жұмыстарға Медетбаев, Дорағаев, Дауылбаев, Шаутаева және Қалымбетова сияқты оқушылар ерекше өнеге көрсеткен.
Қызылорда оқушыларының майданға қосқан үлесі – тарихта мәңгі сақталатын ерлік пен еңбек шежіресі. Соғыс жылдарында олар өздерін тек оқушы ғана емес, Отан үшін еңбекетуге дайын азамат ретінде көрсетті. Олар жеңісті жақындатқан ұрпақтың абыройлы өкілі ретінде ел есінде қалды.
Айнұр ӘЛИАСҚАРОВА,
Қызылорда облыстық
мемлекеттік архивінің
I санатты археографы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!