Сәулеті сәт сайын артқан сол жағалау бүгінде қаламыздың көз тоймайтын көрікті бөлігіне айналды. Үш дәуірдің астанасы болған Сыр өңірінің орталығы ел астанасынан кейін «сол жағалауы бар екінші қала» атанғалы он жылға жуықтады. Қос жағалауды жалғап тұрған көпір пайдалануға берілген сәттен бастап бұл аймақ сағат санап өскен Ертөстіктей еңсесін тіктеді. Ендеше сәл кері шегініп, ел игілігіне табысталған нысандар легіне шолу жасайық.
Сыр өңірінде кейінгі жылдары қалалық инфрақұрылымды дамыту бағытында елеулі қадамдар жасалды. Оның ішінде Қызылорда қаласының сол жағалауындағы кешенді құрылыс жұмыстары ерекше маңызға ие. Кезең-кезеңімен іске асқан бұл бастама бүгінде жаңа қалалық кеңістіктің қалыптасуына жол ашты. Сол жағалауды игеру арқылы облыс орталығының сәулеттік келбеті жаңарып қана қоймай, жаңа шағын аудандар, әлеуметтік нысандар, білім беру және денсаулық сақтау мекемелері, мәдени және спорт орталықтары бой көтеріп, халық игілігіне қызмет етуде.
Алғашқы қадам: көпірден бастау алған көп өзгеріс
Сол жағалауды кешенді игеру жобасының алғашқы кезеңі 2017-2024 жылдарға бекітілген еді. Дегенмен нақты құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімнен ерте басталды. Мәселен, 2016 жылы Сырдария өзенінің қос жағалауын жалғайтын көпір пайдалануға беріліп, бұл жаңа жобаның негізі қаланған сәт ретінде есте қалды. Сол жылдан бастап жаңа қалада алғашқы тұрғын үйлер, балабақша, Жастар ресурстық орталығы, «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы мен басқа да маңызды әлеуметтік нысандар салына бастады.
2024 жылдың сәуір айында қала халқы тағы бір маңызды инфрақұрылымдық нысан – жаңа автовокзалдың ашылуына куә болды. 975 миллион теңгеге бой көтерген су жаңа сапаржай бір мезетте 200 жолаушыға қызмет көрсете алады. Жолаушылар халықаралық және облысаралық бағыттағы 38 маршрут бойынша сапар шегуге мүмкіндігі бар. Ғимарат заманауи талаптарға сай салынған, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да барлық жағдай жасалған. Автовокзалдың бас мердігері – «Техоснастка Ремсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Жыл ортасында Қызылорда қаласында денсаулық сақтау инфрақұрылымы да жаңа деңгейге көтерілді. Былтырғы шілде айында Сырдың сол жағалауында жаңа қан орталығы ашылды. Бұған дейін қан орталығы облыстық көпбейінді медициналық орталықтың ішінде орналасқан еді. Қазір ол жеке ғимаратқа көшірілді. Құны 2,7 миллиард теңге болатын бұл нысан заманауи талаптарға толық жауап береуге қауқарлы. Жыл сайын 10 мыңға жуық тұрғын донорлық қан тапсырады, ал орталық 17 мың дозаға дейін қан компоненттерін дайындай алады. Құрылыстың 90%-ы отандық материалдардан тұрғызылған. Ашылу рәсімінде облыстың денсаулық сақтау мекемелеріне 76 санитарлық автокөліктің кілті табысталды.
Иә, былтырғы жыл сол жағалау үшін ерекше серпінді кезең болды. Көптеген әлеуметтік, мәдени және білім беру нысаны іске қосылып, халыққа кең көлемде қызмет көрсете бастады. Қала күні қарсаңында, яғни 1 қазан күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен бірқатар маңызды нысанның ашылу салтанаты өтті. Атап айтар болсақ, республикалық бюджет пен «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының үйлестіруімен салынған аймақтағы алғашқы 900 орындық «Жайлы мектеп» ел игілігіне берілді. Құны 6 миллиард 851 миллион теңгені құрайтын бұл жаңа білім ошағында шәкірттердің сапалы білім алуына, мұғалімдердің шығармашылықпен еңбек етуіне барлық мүмкіндік қарастырылған. Жалпы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша облысымызда 6 900 орындық 10 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 3 000 орындық 6 мектеп пайдалануға берілсе, 3 900 орындық 4 мектептің құрылысы жыл аяғына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Дәл осы күні еліміздің болашағы саналатын балалар үшін тағы бір қуанышты сәт орын алды. «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен 2,4 миллиард теңгеге салынған 350 орындық заманауи үлгідегі Оқушылар сарайының ашылу салтанаты өтті. Құрылысы 2023 жылдың желтоқсанында басталған көпфункционалды кешенде техноорталық, бағдарламалау, робототехника және өнеркәсіптік дизайн сыныптары, экологиялық зертхана, жылыжайлар мен қысқы бақ, телестудия, вокал, музыкалық аспаптар және хореография кабинеттері бар. Бұл нысан жас ұрпақтың жан-жақты дамуына мол мүмкіндік береді.
Сонымен қатар 2024 жылы 1қазан күні халықтың спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында сол жағалауда Үстел теннисі орталығы пайдалануға берілді. Облыстық бюджеттен 2,5 миллиард теңге, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорынан 900 миллион теңге бөлінген бұл жобаның жалпы құны 3,4 миллиард теңгені құрайды. Мұнда 16 үстел теннисі алаңы, 350 көрермен орны, жаттығу залы мен әкімшілік бөлмелер қарастырылған. Қызметкерлер саны – 31. Бүгінде аталған нысан бұқаралық спортты дамытуға ықпал ететі маңызды спорт кешендерінің біріне айналды.
Балалар күніндегі басты жаңалықтар
Биылғы жаздың алғашқы күні де жағымды жаңалықтарға толы болды. Атап айтар болсақ, 1 маусымда Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің жаңа ғимараты ашылды. «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен салынған бұл нысан 650 орынға лайықталған. Жобаның жалпы құны – 4,8 миллиард теңге.
Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжі – Сыр өңіріндегі мәдени мұра мен ұлттық өнердің ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, кемелденуіне айрықша үлес қосып келе жатқан бірегей оқу ордасы. Талай дарынды жасқа бағыт-бағдар берген бұл білім ошағы жылдар бойы талапқа сай келмейтін ескі ғимаратта орналасқанымен, қиындықтарға қарамастан жастарды өнер жолына тәрбиелеу ісін табандылықпен жалғастырып келді.
Бүгінде колледж жаңа ғимаратқа көшіп, онда студенттер үшін барлық жағдай жасалған. Кең әрі жарық концерт және би залдары, хормен жұмыс жүргізуге арналған арнайы бөлмелер, заманауи музыкалық пән кабинеттері оқытудың сапасын арттыруға сеп болуда. Барлық оқу аудиториялары қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Сонымен қатар 200 орындық заманауи жатақхана шалғай аудандардан, елді мекендерден келіп білім алатын жас өнерпаздарға жайлы тұрмыс жағдайын ұсына алады. Материалдық-техникалық базаның нығаюы – колледждің шығармашылық әлеуетін арттырып, өнер жолындағы жаңа буынды тәрбиелеуге берік негіз қалайды.
Сондай-ақ музыкалық колледжбен қатар, құны 2,3 миллиард теңге болатын облыстық тарихи-өлкетану музейі де пайдалануға берілді. Бұл нысанның құрылысына «Самұрық-Қазына» Ұлттық компаниясы өз үлесін қосты. Музейде археологиялық қазба жұмыстары негізінде табылған «Шірік Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы», «Түгіскен көсемі» және «Жетіасар ақсүйек әйелі» мүсіндері орналастырылған.
– Заманауи жаңа ғимарат ұлтымыздың тарихи «Қазақ атауының қайтарылғанының, Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанының 100 жылдық мерейтойына, облыстық музейдің 85 жылдығына керемет тарту болды. Киелі «Сыр елі – жыр елінің» мәдени қазынасы арта бергей! – деді облыс әкімі жаңа музейдің ашылу салтанатында.
Дәл осы күні қаламызда ашылған нысандар қатарында физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты да бар. 300 орындық жатақханасы мен 400 орындық мектептің құрылысына «Білімді қолдау» қорынан 8,4 миллиард теңге бөлінген.
Қазіргі уақытта Қызылорданың сол жағалауында тағы бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, 11 мың орынға арналған жаңа стадионның құрылысы қарқын алған. Жалпы құны 20,1 миллиард теңгені құрайтын бұл спорт нысаны өңірдегі бұқаралық спорт пен халықаралық деңгейдегі жарыстарды дамытуға арналған. Бүгінде мұнда шығыс және батыс трибуналардың металл конструкциялары орнатылып, қабырғалар, ішкі бөлмелер мен сыртқы витраждар қаланған. Футбол алаңын жабдықтау, ішкі әрлеу және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен бірге «Qyzylorda Arena» көпбейінді сауықтыру кешенінің және «Қазақстан Халқына» қоғамдық қорының демеушілігімен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Бұл бастамалар инклюзивті ортаны дамыту мен спортқа тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Қорыта айтқанда, Қызылорданың сол жағалауы бүгінде жаңа тыныс, жаңа келбет, жаңа сапа алаңына айналды. Сыр бойындағы бұл ауқымды жобалар – мемлекеттің, бизнестің және қоғамның үйлесімді әріптестігінің жемісі. Болашақта да бұл аумақтың дамуы өңір халқының игілігі мен өмір сапасының артуына негіз болары сөзсіз.
Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!