Адам өлтіру мен суицидтің құралы аңшылық мылтығы болуы мүмкін.

Оқиға 27 маусым күні СҚО-ның Айырбастау ауданы, Лобаново ауылында орын алған. Ол туралы полицияға марқұмдардың артында қалған балалары хабарласып жеткізген.

Тергеу ұсынып отырған нұсқалардың біріне сәйкес, ерлі-зайыптылардың арасында жанжал туындаған. Екеуара ұрыс болып жатқан уақытта ер адам үш баласының көз алдында зайыбын атып, артынан өзіне қол жұмсаған. Адам өлтіру мен суицидтің құралы аңшылық мылтығы болуы мүмкін.

Ерлі-зайыптылардың артында кәмелет жасына толмаған үш баласы қалды. «Ауырлататын мән-жайлар кезінде адам өлтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

КТК телеарнасының ақпаратына сәйкес, қара жамылған отбасын ауылдастары жақсы таныған. Тұрғындардың айтуынша, олар қарапайым тіршілік етіп жүрген, ешкімнен ерекшеленбейтін адамдар қатарынан еді.

Алайда, 11, 14, 16 жастағы үш баланың әкесі, 36 жастағы отағасы еш жерде жұмыс істемеген. Шаруашылыққа күтім жасап, балық аулауға барып тұратын болған. Ал, оның 34 жастағы әйелі құрылыста жұмыс істеген.

«Бұл сұмдық. Ешкім бұны басынан өткеріп көрмесе екен. Мен мұндай болады деп ешқашан ойлаған емеспін. Олар ұйықтап жатқан. Ол (күйеуі – ред.) қолына мылтық ұстап мас күйінде келді, сосын ата бастады, балалар қашып кетті. Осының барлығы олардың көз алдында орын алды», – дейді ер адамның анасы Надежда Литвинова телеарнаға берген сұхбатында. с

Барлығы таңғы сағат 4-5 шамасында болған. Балаларының көз алдында еркек алдымен әйелінің аяғын, сосын желкесіне оқ атқан. Кейін төсекке отырып, өзін атқан.

«Үйде зорлық-зомбылық белгілері бар екі мәйіт табылды. Ауырлататын мән-жайлар кезінде кісі өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Алдын ала болжам бойынша, ер адам әйелімен жанжал кезінде әйелін, содан кейін өзін-өзі атып өлтірген. Іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды», – дейді СҚО қылмыстық қудалау басқармасының прокуроры Әлім Есімов.

Орын алған жағдайдан кейін жетім қалған ағайындыларды Балаларды қорғау орталығына жөнелткен. Олардың әжесі балалар үйінде қалдырмай, жанына алып тұруға ниетті. Бірақ әйел жұмыссыз болғандықтан қамқоршылықты рәсімдей алмаспын деп алаңдайды.

Дереккөз: orda.kz

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!