Солтүстік Қазақстан облысында құрамында аммиак бар улы химикаттың салдарынан жасыл желек сарғайып кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Әлеуметтік желілерде Шал ақын ауданында түсірілген бейнежазба тарады. Бейнежазба авторы Шал ақын ауданы Афанасьевка ауылының маңында мамыр айының соңғы күндерінде 180 тоннадан астам химиялық заттар төгілгенін айтады.

Улы химикатты төккен ЖШС апат іздерін жасыру үшін жұмысшыларын шұғыл түрде оқиға орнына жіберген. Ауыл тұрғындары болса улы заттың кесірінен тыныс алулары қиындағанын айтып жатыр. Бұл аздай аумақта мал жиі өледі. Улы заттан ең әуелі шөптер, артынан орман сарғайған.

Ал облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы былай дейді:
«28 мамыр күні Шал ақын ауданы Афанасьев ауылдық округінің аумағында «Асыл Farms» ЖШС «Сергеев Орман шаруашылығы» КММ аумағының шекарасына жақын жерде улы химикат төккен. Орман қорына кірмейтін ағаштар мен бұталар сарғайған. «Сергеевское Орман шаруашылығы» КММ-нің жерлері зардап шеккен жоқ. Бірақ химиялық заттың әсерінен зақымдану ықтималдығы бар», – дейді ведомство.

Орман мекемесі тұрақты мониторинг жүргізеді. Теріс әсер белгіленген кезде қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданатын болады.

Экология департаментінің баспасөз қызметі аммиактың ағып кету фактісі бойынша шағым тек бүгін ғана түскенін айтады.

«Осы факт бойынша «Асыл Фармс» шаруашылық жүргізуші субъектісіне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізу мәселесі қаралып жатыр», – дейді департамент.

Айта кету керек, бұл кәсіпорынға қатысты мәселе бұған дейін де туындаған. Өткен жылы осы ауданда төгілген улы химикаттың салдарынан Шал ақын ауданы Кривощеково ауылының шопаны шығынданған. ЖШС қоймасының жанында жайылып жүрген бір отар қойы қырылып қалған.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл ЖШС-нің көлден шамамен 100 метр қашықтықта орналасқан Новопокровка ауылының жанында агрохимикаттарды сақтайтын қоймасы бар. Ал ауыл тұрғындары осы көлден шаруашылық қажеттіліктері үшін су алады, мал суарады.
Экология департаментінде Шал ақын ауданы Новопокровка ауылының тұрғындарының ұжымдық шағымы негізінде «Асыл логистикс» ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізген.
«Нәтижесінде мынадай бұзушылықтар анықталды: сұйық тыңайтқыштарды сақтау кезінде экологиялық талаптар бұзылған. Қазақстан Республикасының мемлекеттік экологиялық сараптаманы міндетті жүргізу туралы заңнама талаптары орындалмаған», – деп хабарлады экология департаменті.
ЖШС қатысты әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар жасалып, заңбұзушылықты жою туралы нұсқама берілді.
Сонымен қатар, департамент өткен жазда Солтүстік Қазақстан облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына ЖШС нысанының жұмысын тоқтату туралы талап арыз жолдаған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!