Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, сот актілерін орындау – әрбір азамат пен ұйымның заң жүзіндегі міндеті болып табылады. Сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап орындалуға жатады және ол мемлекеттің атынан шығарылатын міндетті құқықтық құжат ретінде қарастырылады. Алайда, іс жүзінде сот шешімдерін орындаудан жалтару немесе әдейі бас тарту жағдайлары жиі кездеседі. Мұндай әрекеттер құқықтық тәртіптің бұзылуына, сот билігінің беделінің төмендеуіне және азаматтардың заң алдындағы сенімінің әлсіреуіне алып келеді. Сондықтан мемлекет тарапынан борышкерлерге қатысты бірқатар заңды мәжбүрлеу шаралары қарастырылған.
Сот актілерін орындау бойынша негізгі өкілетті орган – сот орындаушылары. Олар атқарушылық іс жүргізуді қозғай отырып, борышкердің мүлкі мен кіріс көздерін анықтайды және заңда белгіленген тәртіппен мәжбүрлеу шараларын қолданады. Атап айтқанда, борышкердің банктік шоттары мен бағалы қағаздарына тыйым салынады, жылжымалы және жылжымайтын мүлкі тәркіленіп, мәжбүрлі түрде сатуға беріледі. Сонымен қатар, оның табысы мен зейнетақысынан өндіріп алу шаралары жүзеге асырылады. Бұл борышкердің сот актісін орындаудан қашуына жол бермей, заңды міндеттерін орындауға итермелеу тәсілі ретінде қарастырылады.
Егер борышкер сот орындаушысының заңды талабын орындаудан бас тартса немесе оған кедергі келтірсе, ол Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл жағдайда борышкерге айыппұл салу немесе әкімшілік қамаққа алу жазалары тағайындалады. Алайда, мұндай жауапкершілік тек бір реттік немесе жеңіл құқықбұзушылықтар үшін ғана қолданылады.
Борышкердің әрекеті қасақана және қайталанып жасалған жағдайда, оның әрекеті қылмыстық құқық бұзушылық ретінде бағаланады. ҚР Қылмыстық кодексінің 430-бабына сәйкес, сот актісін әдейі орындамаған тұлғаға айыппұл салу, түзеу жұмыстарына тарту, қоғамдық жұмыстарға жіберу немесе бас бостандығынан айыру сияқты жазалар қолданылады. Бұл – сот шешімінің беделін көтеру мен құқықтың үстемдігін қамтамасыз етудің маңызды құралы.
Сонымен қатар, борышкерге қатысты қосымша шектеу шаралары да қолданылады. Атап айтқанда, сот орындаушысының қаулысымен борышкерге Қазақстан Республикасынан шығуға уақытша тыйым салынуы мүмкін. Сондай-ақ көлік құралын жүргізу құқығы тоқтатылып, кейбір лицензияланған қызмет түрлерін жүзеге асыру құқығынан айырылуы ықтимал. Бұл шектеулер борышкердің құқықтық жауапкершілігін сезініп, сот актісін ерікті түрде орындауына ықпал етеді.
Осы аталған барлық шаралар сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету, заң талаптарының бұлжытпай орындалуын бақылау және азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында жүзеге асырылады. Сот актілерін орындау – тек заңдық міндет емес, сонымен қатар құқықтық мемлекетке тән азаматтық мәдениеттің көрінісі. Сондықтан әрбір азамат пен ұйым сот шешімін уақытылы әрі толық көлемде орындауға мүдделі болуы тиіс.
А.Оразбаева, Мемлекеттік сот орындаушы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!