Қоғамдағы тәртіп пен әділеттілікті қамтамасыз етудің басты тетіктерінің бірі – сот актілерінің орындалуы. Сот шешімі шыққан соң ол міндетті түрде орындалуы тиіс. Өйткені сот қаулысы немесе үкімі – жай ғана кеңес емес, заңдық күші бар құжат. Егер азаматтар немесе ұйымдар соттың заңды актілерін орындамаса, ол мемлекеттің құқықтық тәртібіне үлкен қауіп төндіреді.
Кейде адамдар сот шешімін орындауды созып жүреді немесе әдейі орындамайды. Мысалы қарызын қайтару туралы шешім шықса, борышкер әдейі уақыт өткізіп, сот орындаушыларына кедергі жасайды немесе әкімшілік құқық бұзушылық үшін белгіленген айыппұлды төлеуден жалтарады. Осындай жағдайда мемлекет арнайы жауапкершілік шараларын қолданады.
Қазақстан Республикасының заңнамасында сот актілерін орындамағаны үшін түрлі жауапкершілік қарастырылған. Ең алдымен, әкімшілік жауапкершілік бар. Егер азамат сот шешімін орындамаса, оған айыппұл салынады немесе белгілі бір мерзімге әкімшілік қамауға алынады. Бұл – орындауға ынталандыратын шаралардың бірі.
Ал егер заңды тұлға – яғни мекеме немесе кәсіпорын сот актісін орындаудан жалтарса, онда оғанда айыппұл салынады. Сонымен бірге ұйым басшысы жеке өзі де жауапқа тартылуы мүмкін. Өйткені сот актілерін орындау – тек қарапайым азаматтардың ғана емес, барлық мекеменің міндеті.
Кей жағдайда сот актісін орындамау қасақана жасалған болса, мәселе қылмыстық жауапкершілікке дейін барады. Мысалы сот шешімін орындаудан әдейі жалтару, сот орындаушысының талабына бағынбау, орындау барысына кедергі келтіру қылмыстық заң бойынша жазаға әкелуі мүмкін. Мұндайда айыппұлдан бөлек, бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.
Бұл тетіктердің барлығының түпкі мақсаты – қоғамда заңның үстемдігін орнату. Егер сот шешімі орындалмаса, онда әділеттіліктің мәні жойылады. Сондықтан мемлекет сот актілерін орындауға ерекше мән береді. Азаматтар да өз құқықтарын қорғау үшін сотқа жүгінген кезде, оның шешімі орындалатынына сенімді болуы керек.
Қарапайым тілмен айтқанда, сот шешімін орындамау – жол қозғалыс ережесін бұзумен тең. Егер әркім қалағанын істеп, соттың айтқанын орындамаса, қоғамда бейберекетшілік пайда болады. Ал жауапкершілік шаралары – тәртіпті сақтау үшін қойылған заңды тосқауыл.
Сот актілерін орындау – тек заң талабы ғана емес, азаматтық мәдениеттің де көрсеткіші. Әрбір тұлға өзінің міндетін орындап, сот шешімін уақытылы атқарса, қоғамдағы әділдік те нығаяды. Ал орындамаған жағдайда заңның қатаң тетіктері іске қосылып, кінәлі адам міндетті түрде жауап береді.
Р.ШАМШИЕВ,
Қызылорда қаласының әкімшілік құқық
бұзушылықтар жөніндегі
мамандандырылған сотының төрағасы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!