Спорт – денсаулықтың ғана емес, ұлттық рухтың, елдік намыстың айнасы. Қоғамның дамуы ең алдымен азаматтардың денсаулығына байланысты. Бүгінде Қазақстанда салауатты өмір салтын насихаттау мен бұқаралық спортты дамытуға айрықша мән беріледі. Балалар мен жастар арасында спорттық жарыстардың жиі өткізілуі – олардың болашақта ел намысын қорғайтын азамат болып қалыптасуына ықпал етеді. Қазақ елі – тарихы терең, болашағы жарқын мемлекет. Тәуелсіздік алған жылдардан бері еліміз түрлі салада табысқа жетіп, әлемге танылды. Сол жетістіктердің тағы бір белесі – спорт саласы. Еліміздің спорт тарихына үңілмей болашақты болжау, әсте, мүмкін емес.
Қазақстан аумағында спорттың алғашқы түрлері ежелгі көшпенділер дәуірінде қалыптасқан. Біздің ата-бабаларымыз ат үстіндегі өнерді, жауынгерлік дайындықты жоғары бағалап, ұлттық ойындарды дамытқан. Мәселен, ең танымал дәстүрлі спорт түріне: көкпар, бәйге, тоғызқұмалақ пен қазақша күрес жатады. Нақтыласақ, көкпар – командалық ұлттық ойын, ерлік пен ептілікті сынайтын сайыс. Бәйге – ат жарысы, төзімділік пен шапшаңдықты көрсетеді. Қазақша күрес – күш пен әдісі қатар қажет ететін күрес түрі. Ал тоғызқұмалақ – ақыл-ойды дамытатын ұлттық зияткерлік ойын.
1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін, елдің спорт саласы жаңа деңгейге көтерілді. Кеңестік кезеңінде Қазақстанда спорт жүйелі түрде дами бастады. КСРО құрамасы сапында әлемдік аренада бақ сынаған спортшылар қатары көбейді. Атап айтсақ, Жақсылық Үшкемпіров – 1980 жылғы Олимпиада чемпионы (грек-римкүресі); Серік Қонақбаев – Олимпиада жүлдегері (бокс); Владимир Смирнов – шаңғы жарысынан Олимпиада чемпионы (1988). Бұл спорт майталмандарымыздың жетістігі тек жеке жетістік емес, бүкіл елдің жеңісі.
Қазақстан халықаралық аренада жеке дара мемлекет болып жарыстарға қатыса бастады. Осылайша көк туымыз желбіреп, әнұранымыз талайдың алдында шырқалды. Ел намысын қорғап, жүлделі болып жүрген спортшылар – бүгінде қазақ халқының мақтаныштары, үлгі тұтар тұлғалары.
Олимпиада ойындарында көзге түскен спортшыларымыз ел есінде ерекше сақталып қалды. Мәселен, боксшы Бекзат Саттарханов 2000 жылы Сидней Олимпиадасында алтын медаль жеңіп алып, қазақ халқының қуанышына қуаныш қосты. Ол – спорттың тек күш емес, рух пен тәртіп екенін дәлелдеген дара талант.
Тағы бір мақтанышымыз – ауыр атлетика шебері Илья Ильин. Ол әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында бірнеше мәрте топ жарып, есімі ел тарихында алтын әріппен жазылды. Әлем деңгейінде мойындалған Денис Тен де елдің мақтанышына айналған азамат еді. Оның өнері мен табандылығы бүкіл әлемді тәнті етті.
Дені сау ұрпақ – ел ертеңінің кепілі. Қазақстандағы бапкерлердің біліктілігі мен біліміне де тоқтала кетсек. Бұл өзекті мәселе және көбінде көлеңкеде, сырт қалатын тақырып. Өйткені біз спортшылар және жарыс нәтижесі туралы айтамыз. Бірақ жеңістің артында тұрған бапкерлердің еңбегі туралы аз сөз қозғаймыз. Мамандарды алыс-жақын шетелге шығару, келіссөздер жүргізіп, әсіресе, спортшыларды баптайтын бапкерлердің жиған-терген тәжірибесін бағалап, олардың идеяларын барынша қолдау қажет. Бапкерлердің өз істерін дамытуға қатысты қандай да бір ойларын, әдістемелері мен жоспарларын жүзеге асыруға, спортқа қатысушы азаматтардың немесе жеткіншектердің бойындағы байқалған қасиеттерін дамытуға, бапкерлермен бірлесе отырып, болашақ чемпиондарды дайындауға барынша үлес қосу керек.
Еліміздің географиялық ерекшелігіне байланысты жастар арасындағы спорт түрлерін дамыту қажет. Халықаралық аренада табысқа жетудің бір жолы – инфрақұрылымды көркейтуге күш салу.
Атап айтқанда, жеңіл атлетика, ұлттық спорт ойын түрлері, тұрғылықты аймаққа байланысты қысқы спорт түрлері, сондай-ақ мемлекеттік қолдауға қажетті спорттық туризм және альпинизм секілді бағыттар спорт саласын дамытуға өте қолайлы.
Бүгінде Қазақстанда заманауи спорт кешендері мен жаттығу орталықтары салынып, бұқаралық спортты дамытуға басымдық берілуде.
Қазақстандағы спорт тарихы – елдің рухани, дене тәрбиесі мен ұлттық мақтанышының айнасы. Спорт ел намысын қорғайтын, жастарға жол көрсететін үлкен күшке айналды. Болашақта да қазақ спорты әлем аренасында биіктен көріне беретініне сенеміміз мол.
Қуаныш АҚМАҒАНБЕТОВ,
№6 олимпиадалық резервтің
мамандандырылған
балалар-жасөспірімдер спорт
мектебінің әдіскері
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!