Спорт – адамзат тарихында ерекше орын алатын, бәсекелестік, жетістік және бірлік ұғымдарын біріктіретін сала. Ол әлеуметтік, экономикалық және мәдени аспектілерді қамтиды. Кейінгі жылдары еліміздің спорт аренасында айтарлықтай өзгерістер мен жаңа үрдістер байқалды.
Үлкен халықаралық жарыстар, соның ішінде Олимпиада ойындары, футболдан әлем чемпионаттары, түрлі континенттік чемпионаттар жаңа деңгейге көшті. Дегенмен, қазіргі жағдайда бұл іс-шаралар тек спорттық бәсеке ретінде емес, сонымен қатар жаһандық саясат пен экономиканың маңызды құралына айналуда. Олар туризмді дамытып, инфрақұрылымды жақсартып, елдің халықаралық аренадағы имиджін қалыптастыруға ықпал етеді. Жуырда облысқа ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары Бауыржан Рапиков жұмыс сапарымен келді. Ол Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында баспасөз конференциясын өткізіп, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
– Қазіргі таңда елімізде 8,4 миллион адам спортпен және дене шынықтырумен шұғылданады, ал Қызылорда облысында бұл көрсеткіш 42,1 пайызды құрайды. Біздің негізгі мақсаттардың бірі – спорттық инфрақұрылымды дамыту арқылы халықтың спортқа қолжетімділігін арттыру. Өздеріңізге белгілі, жақында Қызылорда қаласында 11 мың көрерменге арналған, УЕФА талаптарына сай, заманауи жабыны бар стадион пайдалануға берілді. Сонымен қатар ІІІ Интернационал, Дүр Оңғар, Жақсықылыш, Бесарық, Ақай ауылы мен Жалағаш кентінде спорт кешендері ашылды. Аққыр және Досбол Датқа ауылдарында ангар типтес спорттық залдар салынды. Елордада Ұлттық спорт университетінің құрылысы аяқталуға жақын. Бұл оқу орны тек білім беру мекемесі ғана емес, сонымен бірге көпсалалы спорт және ғылыми орталық болмақ. Бұдан бөлек, спорт саласын цифрландыру да басым бағыттардың бірі. Дене шынықтыру мен спорттың цифрлық платформасын (E-Sport) іске асыру аясында министрлік пилоттық режимде негізгі жүйенің 3 модулін іске қосты. Жүйені толық енгізу 2026 жылға жоспарланып отыр,– деді Бауыржан Серікбайұлы.
Министрдің айтуынша, министрлік жетекшілік ететін маңызды сала – туризм. Қазақстанның бірегей табиғаты мен бай мәдени мұрасы бар. Жалпы 2025 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша, облыстағы туристік қызмет көрсету көлемі 1,5 млрд теңгені құрап, 2024 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 66,3 пайызға артты.

Облыстағы туристердің жалпы саны 53,6 пайызға өсіп, 103 мың адамға жуықтады. Оның ішінде ішкі туристер саны – 97 мың болса, сыртқы туристер 6 073 адамды құрады.
Туристік ағынның өсуі туризм саласына салынған инвестицияның ұлғаюымен қатар жүреді. 9 айдың қорытындысы бойынша облыста 45,6 млрд теңгені құрап, 2024 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 2 есе өсті.
– Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Париж олимпиадасынан кейін спорт саласына өзгерістер енгізу туралы бірқатар тапсырма берді. Соның аясында биыл 15 сәуірде «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңына қол қойып, маусым айының 15-і күні осы заң жобасы күшіне енді. Заң жобасы аясында 62 нормативтік құқықтық актілер жасалып, оның ішінде бірқатар өзгеріс орын алды. Мәселен, бұрын спорт клубтарында легионерлер мемлекет тарапынан қаржыландырылатын болса, қазір бұл үрдіске шектеу қойылды, – деді ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов.
Сонымен қатар спорт клубтарын қаржыландыру бойынша да лимит бекітіліп, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды алып жүруге арналған адамдарға да қаржы төленетінін атап өтті. Қазіргі күні спортшыларға ай сайынғы қамсыздандыруға арналған айлық жалақы да бірізділікке түсті. Сондай-ақ спорт мекемелерінің басшыларын тағайындау нормативтік-құқықтық актілері бекітіліп, төрт жылдан көп отырған спорт мекемелерінің басшыларына ротациялау тәртібі енгізілді.
Сыр өңіріндегі спорт жаңа деңгейге өтті. Жақында бұл саланы алға тарту үшін көптеген шара жүзеге асады. Бұл Қызылорда спортшыларының атын танытып, өңірде жаңа ахуал тудырады деп сенеміз.
Мерей ШӘКРАТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!