Фото: istockphoto.com

Биыл мамыр айының басында Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов ауданына қарасты Возвышенка ауылдық округінің әкімі Қанат Тоқпанов қызметтік көлігімен жолда келе жатқан. Жол ережесін бұзғаны үшін оны жол полициясы тоқтатып, жүргізушінің мас күйде екенін байқаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Петропавловск.news-ке сілтеме жасап.

Қанат Тоқпанов медициналық тексеруге жіберіліп, онда жеңіл дәрежеде мас болғаны анықталды. Сот шенеунікті әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оны 15 тәулікке қамауға алып, жүргізуші куәлігінен 7 жылға айырды. 

Возвышенка ауылдық округі әкімінің тәртіптік мәселесі облыстық тәртіптік кеңесінің отырысында қаралды. Қанат Тоқпанов өз кінәсін толық мойындап, 2 мамырда ауа райы өте ыстық болғандықтан, түскі уақытта шөлін басу үшін бір бөтелке сыра ішіп, жұмыс барысымен Возвышенкаға барғанын түсіндірді.

Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Абзал Уразамбетовтің айтуынша, Қанат Тоқпановқа қатысты қызметтік тергеу жүргізілген. 

Ауылдық округ тұрғындарынан әкімді қолдауға көптеген өтініштер түскен. Тұрғындар әкімнің өз міндеттерін жақсы атқаратынын айтып, оған оң сипаттама берген. Отырыс барысында 2022 жылдан бері ауылдық округ әкімі қызметін атқарып келе жатқан Қанат Тоқпановқа кешіріммен қарау ұсынылды. 

Осы уақыт аралығында ол бірде-бір жаза алмаған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!