KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында Ақжар аудандық мансап орталығы мен өңірге қоныс аударушы соттасты.

Жауапкер Т. өңірге «Еңбек» мемлекеттік бағдарлама аясында қоныс аударған. СҚО сотының мәліметінше, ол Ақжар аудандық мансап орталығымен мемлекеттік қолдау көрсету туралы әлеуметтік келісімшартқа отырады.

Бағдарлама шарттарына сәйкес қоныс аударуға субсидия отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде беріледі. Осыған байланысты жауапкерге 1,2 млн теңге төленген. Сонымен қатар жауапкердің экономикалық ұтқырлық сертификатын алу туралы өтінішіне байланысты тағы 4 млн теңге берілді.

Әлеуметтік келісімшарт талаптарына сәйкес, бағдарламаға қатысушы отбасымен бірге қоныс аудару орнынан кеткен жағдайда, алынған субсидиялар сомасы 60 ай ішінде республикалық бюджетке қайтарылуы тиіс. Сотталушы өңірден көшіп кеткен.

Орталық Т.-ға бюджет қаражатын өз еркімен қайтару туралы хабарлама жолдаған. Сотталушы ешқандай шара қолданбаған. Бюджет қаражаты қайтарылмаған.

Сол себепті талапкер жауапкерден республикалық бюджет есебінен 5,2 млн теңге қаражатты өндіруді сұрап, талап арызбен жүгінді. Істі сот талқылауына дайындау барысында тараптар татуласып, бітімге келді.

Енді бітімгершілік келісім бойынша жауапкер 3 ай ішінде тең үлестермен мемлекеттен алған ақшаны қайтаруы тиіс.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!