фото: ашық дереккөзден алынды
Кейінгі кезде Қазақстан қоғамында «сталкинг» пен «харассмент» тақырыбы жиі талқыға түсіп жүр. Бұрын көпшілік мұны жай ғана әзіл деп жылы қабылдаушы еді, ал бүгінде нақты «әлеуметтік және құқықтық проблемаға» айналды. Әлеуметтік желілердің дамуы мен онлайн-коммуникациялардың кеңеюі жағдайдың одан әрі ушығуына әкеліп соқты. Енді қудалау тек көшеде немесе жұмыс орнында ғана емес, тіпті мешіт секілді діни орындарда да орын алып жүр.
Сталкинг (қазақша – қудалау, аңду) мен харассмент (қудалау, мазалау) – жай сөздер ғана емес, олар адамның психологиялық қауіпсіздігіне, әлеуметтік өміріне және құқықтық қорғалуына тікелей әсер ететін факторлар. Халықаралық зерттеулер көрсеткендей, мұндай әрекеттерге тап болған адамдардың едәуір бөлігі созылмалы стресс, үрей, жұмысқа қабілеттіліктің төмендеуі, тіпті депрессия секілді ауыр психологиялық салдарға душар болады.
Қазақстанда бұл мәселе өзекті бола бастағанымен, оған деген қоғамдық көзқарас әлі де екіұдай. Бір тарап «бұл – жеке адамның сезімталдығына байланысты дүние» десе, екінші тарап мұны құқықтық тұрғыдан реттелуі тиіс қоғамдық қауіп деп бағалайды. Қуаныштысы да осы: тақырыптың жиі талқылануы қоғамдағы мәдени трансформацияның басталғанын көрсетіп отыр. Енді адамдар өздерінің қауіпсіздігі мен жеке шекарасын қорғау құқығы жайлы ашық айтуға бейімделіп келеді.
Елімізде сталкинг пен харассментке қатысты арыз жыл сайын артпаса кеміп жатқан жоқ-ты. Бірақ іс қозғалып, әділет салтанат құрғаны некен-саяқ. Себебі шағымдану – ерлікке пара- пар. Тек полицияға бару емес, өзіңнің жараңды жалаңаштап, сын көзбен жейтін жұртқа төтеп беру.
Статистика не дейді? Әр екінші әйел өмірінде кем дегенде бір рет қудалауға ұшырайды. Бірақ олардың үнін ешкім естімейді, мүмкін естігісі жоқ. Себебі ұят пен үрей, кінә мен қорқыныш үрейлендіреді. Ал қоғам ше? Ол әдетінше «жабулы қазан жабулы күйінде қалсын» деп, көзін жұмуға бейім.
Психолог не дейді?
Сталкинг пен харассменттің түр-түрі бар. Оларды көп жағдайда адамдар байқай тұра, қалыпты құбылыс ретінде қабылдайды. Сталкинг белгілеріне үнемі аңду, әлеуметтік желілерден бақылау, қайда жүргенін біліп отыруға тырысу, себепсіз хабарласу немесе хабарлама жіберу, жұмыс орнына, үйіне кенеттен келу жатады. Ал харассментті орынсыз әзілдер мен екіұшты ишаралар, денеге рұқсатсыз қол тигізу, «жұмысқа тұру үшін», «көтерілу үшін» қысым көрсету, психологиялық қысым немесе қорқыту арқылы аңғаруға болады.
Мұның бәрі біртіндеп адамның жеке шекарасын бұзады, ал шекара бұзылған жерде қауіпсіздік сезімі де жоғалады. Ал психологиялық әсерін айтпасақ та белгілі шығар.
– Сталкинг пен харассмент – адамның келісімінсіз, оны ыңғайсыз күйге түсіретін әрекеттердің жиынтығы. Бұл әуелі ұсақ, байқалмайтын қимылдардан басталып, бірте-бірте адамның ішкі шекарасын бұзады. Егер мұндай әрекеттер жүйелі түрде қайталанса, адамның тыныштығына қол сұғып, уайым мен үрей тудырса, еркіндігін шектеп, қорқыныш сезімін оятса, онда бұл психологиялық зорлық-зомбылықтың нақты көрінісіне айналады. Яғни адам айналасында қауіп төндіретін біреу бар екенін іштей сезіп, үнемі күдік пен мазасыздықта өмір сүреді. Бұл жай ғана «әзіл» емес, бұл – зорлықтың елеусіз, бірақ өте ауыр түрі.
Адам өзінің ішкі шекарасын сезіну үшін үлкен психологиялық білімнің қажеті жоқ. Ішкі жайлылық сезімі – адамның табиғи компасы. Егер біреудің әрекетінен қорқыныш, ашу, тітіркену, мазасыздық пайда болса, бұл сіздің шекараңыз бұзылып жатқанын білдіреді. Сол сәтте-ақ «тоқта!» деп айтуға құқығыңыз бар. «Маған бұл ұнамайды», «Мені мазаламаңыз» деу дөрекілік емес, бұл – өзіңізді қорғау. Егер жағдай қайталанса, нақты шекара қойып, қарым-қатынасты үзген абзал. Ал қауіптің салмағы ауырлай бастаса, жақын адамдардан, маманнан, тіпті құқық қорғау органдарынан көмек сұраудан ұялмаңыз. Ұялу – жәбірлеушінің қаруы, ал үнсіздікпен мәселені шешу екіталай.
Мұндай зорлықтың құрбаны болған адам әуелі үнемі бақылауда жүргендей сезінеді. Жай сөзбен айтқанда, еркін жүріп-тұруы, ашық ойлау қабілеті тежеледі. Көп жағдайда бұл адамдар ұйқысыздыққа, созылмалы күйзеліске ұшырайды. Өзін үнемі кінәлі сезініп, сенімін жоғалтып, тұлғалық шекаралары мүлде қағажу қалады.
Неге жәбірленуші өзін кінәлі сезінеді? Өйткені қоғамның пікірі оған дәл соны айтып тұратын іспетті. «Өзі себеп болды», «тым ашық киінген», «бас тартпады» деген сөздер – виктимблейминг деп аталатын қауіпті құбылыс. Бұл көзқарас жәбір көрсеткен адамды емес, жәбір көрген адамды айыптайды. Ал бұл – зорлық-зомбылықтың үндемей күшеюіне жол ашатын өте улы механизм.
Қоғам сталкинг пен харассментті көбіне «жай әзіл», «еркеліктің белгісі», «қызға көңіл білдіру» деп жеңіл қабылдайды. Бұл – аса қауіпті қате ұстаным. Өйткені мұндай риторика:
– жәбір көрсетушіні жазадан құтқарып,
– жәбір көрген адамды қорғаусыз қалдырып,
– кейінгілерді үндемеуге үйретеді.Не істеу керек? Біріншіден, мектеп қабырғасынан бастап балаларға жеке кеңістік, келісім, қарым қатынас әдебі туралы білім берілуі тиіс. Жәбір көргендерді тыңдап, айыптамай, керісінше қолдау көрсету қажет. Әрбір адам заң алдындағы жауапкершілікті сезінетіндей орта қалыптастыруымыз керек. Ал журналистер мен блогерлер – қоғамдағы пікір көшбасшылары. Олар бұл мәселені жабуға емес, ашуға, жоққа шығаруға емес, мойындауға күш салуы тиіс. Сталкинг пен харассмент қыздардың мәселесі емес, бұл қоғамның, ертеңгі болашақтың мәселесі, – дейді балалар және жасөспірімдер психологы Арайлым Көпжасар.
Сенің ашып айтқаның – ұят емес!
Мәселені ашық айту – екінің бірінің қолынан келетін ерлік емес. Әсіресе қыз-келіншектер үшін. Өйткені шекара бұзылған сәтті жариялау жараның аузын қайта тырнау, тағы да сол ауыр күйге қайта оралу, сол сәт флешбэктерін көз алдыңа елестету. Ал біздің қоғамда әлі күнге дейін үндемеген әйел – тәрбиелі, ал үн қатқан әйел – арсыз саналатын түсінік бар. Десе де кей қыздар үнсіздікті емес, даусын қорған етіп жатыр. Ақтөбелік Эммануэлла Наурызбаеваның оқиғасы – соның дәлелі.
Желіде тараған видеода бойжеткен өзін бір ер адамның мешіттен шығармай, «бір реттік неке» арқылы интимдік қатынасқа түсуге үгіттегенін айтып, мәселені жария етті. Кейін ол мешітке де, тиісті органдарға да шағымданған. Полиция болса тек профилактикалық әңгіме жүргізіп, әкімшілік құқық бұзушылық бойынша хаттама толтырумен шектелген. Неге? Себебі жәбірлеушінің «сары анықтамасы» бар екенін және арнайы есепте тұрғаны анықталды. Яғни ол зиян келтірсе де, заң жүзінде толық жауапқа тартылмайды.
Оқиға мұнымен бітпеді. Эммануэлла кейін Алматыда тағы бір бейтаныс ер адамның көшеде соңынан түсіп, мешіттегі жағдай үшін «исламды қаралап жүрсің», «шайтансың» деп тіл тигізгенін мәлімдеді. Қыз ер адамды видеоға түсірмек болғанда ол қашып кеткен. Бұл жолы да жәбірленуші полицияға жүгінуге мәжбүр болды.
Әлеуметтік желіні қолданушылардың пікірі екіге бөлінді. Қызды қорғаудың орнына мін таққандар да, ақылға шақырып, мәселені қоғамдық деңгейде көтеруді талап еткендер де бар. Әрине бұл жайт «Салтанат заңы» секілді қолға алынса жақсы, ал алынбаса қыз-келіншектердің келешегі уайымдатпай қоймасы анық.
Кез келген әлеуметтік дерт – немқұрайлылықтан тамыр алады. «Басқа-басқа, менде ондай болмас» деген селқостық, «ұят болады» деген қатып қалған көзқарас талай адамды қорғансыз қалдырды. Біз әлі де ел сөзіне елеңдеп, әділеттен бұрын абыройды ойлаймыз. Ал сол абыройдың көлеңкесінде қаншама тағдыр тапталып жатыр. Ұяттың шекарасы адам құқығынан жоғары тұрған жерде әділдікке орын жоқ. Шеңберінен шықпаған сана – қауіпсіздік емес, қамал. Ал қамалдың ішінде өсетін жалғыз дүние – қорқыныш.
Неге қыз кінәлі?
Мәселенің түбі – адамда емес, санамызда. Біз әлі күнге дейін «қыз кінәлі» деген ескі көзқарасты ұстанып жүрміз. «Тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді» деген мәтелді естіп өстік. Бұл – ақыл емес, архаикалық шаблон. Кейінгі кезде бұл мәтелді қолданып жүргендердің көбі ерлер ғана емес, әйелдердің өзі. Бұл – мезогиния, яғни, әйелді әйелдің өзі айыптайтын, жәбір көрсетуді қалыпты санайтын қауіпті көзқарас. Жығылғанға жұдырық дерсің…
Осындай пікірлер харассер үшін бағдаршамның жасыл шамы, сталкер үшін ашық «рұқсат қағазы» секілді көрінеді. Ал көлеңкеден қорқып, күн іздеп жүрген бойжеткенді «қыз тым көрікті болған», «өзінен ғой» деп жазғырып отырғанда, біреудің тағдыры тозаққа айналып жатқанын аңғармаймыз.
Заң не дейді?
Қазақстанда сталкинг пен харассментке қатысты құқықтық база енді дегенде қалыптасып келеді. «Жыныстық сипаттағы қудалау» деген анықтама тек 2020 жылдан бастап пайда болды. Бірақ ол да қылмыс емес, әкімшілік құқықбұзушылық ретінде ғана қаралады. 2023 жылдың желтоқсанында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі тұрмыстық зорлық- зомбылыққа қарсы заңнаманы күшейтумен қатар, еңбек қатынастары саласын да жетілдіруді тапсырды. Мемлекет басшысы жұмыс орнындағы жыныстық қудалауды түбегейлі жою үшін нақты қадамдар қажет екенін айтты. Жоспар бойынша, жұмыста жыныстық қудалауға ұшыраған қазақстандықтардан шағым қабылдау тәртібі мен оны қарау рәсімдері жазылған заң жобасы 2024 жылдың сәуіріне дейін дайын болуы керек еді. Сарапшылар бұл өзгерістер жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейтіп қана қоймай, қызметкерлердің қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауда жаңа кезеңнің басталуына жол ашады деп топшылаған еді. Алайда аталған олқылыққа қатысты заң мақұлданды ма, жоспар жүйелі түрде жүзеге асты ма, өздеріңіз көріп тұрғандай белгісіз.
Қазақстанда ресми статистика болмағанымен, қуанышымызға орай, 2025 жылы сталкинг заң жүзінде қылмыс ретінде танылды. Мұндай әрекет ауыр зардап келтірсе, кінәлілер 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қудалаушы көбіне ситуациядан шығудың жолын тапқанымен, жәбірленушінің өмір бойы психологиялық жарамен бірге өмір сүрмесіне ешкімде кепілдік бермесі анық.
Сот ісін дәлелдеу – инемен құдық қазғанмен бірдей. Қолда скриншот жоқ па, куәгер болмады ма – іс жабылады. Полицейлер «дәлел жеткіліксіз» деп жылы жауап береді. Қанша әйел арыз жазбайды, қаншасы «бәрібір ештеңе шықпайды» деп үнсіз қалады.
Халықаралық тәжірибеге назар салатын болсақ, АҚШ, Ұлыбритания, Жапония секілді елдер- де сталкинг те, харассмент те – қылмыс. Полиция күдік туған сәттен бастап, қорғау бұйрығын шығарып, қудалаушыға белгілі бір қашықтықта жүруге тыйым салады. Ал бізде ше? Іс насырға шаппайынша, не біреудің жаны құрбан болмайынша қол қусырып отыра бермекпіз. Қайтты айтты демеңіз, бұл – елдегі жүйенің шынайы көрінісі.
Қорытындылай келе айтарымыз, сана жаңармай, заң қатаңдамай, қоғам үнсіздігінен қанаттанған сталкер мен харассер көбейе береді. Біз бір күні «оянғанымызда» тым кеш бо- лары анық. Ал кеш болмасын десек – мәселені кешіктірмей айтайық.
Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!