Қызылорда өңірінде аймақ пен ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосуға қабілетті бизнес-қоғамдастықты қалыптастыру мақсатында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің кәсіпкерлік орталығы «Startup Joly» инкубациялық бағдарламасы басталды.
Startup Joly бағдарламасының мақсаты − инновациялық стартаптар мен кәсіпкерлік бастамаларды қажетті ресурстармен, біліммен және қолдаумен қамтамасыз ету, кәсіпкерліктің әртүрлі аспектілері, соның ішінде идея, маркетинг, сату, қаржы және құқықтық мәселелер бойынша дағдыларды арттыру.
«Startup Joly” инкубациялық бағдарламасы бойынша тегін білім беру 14 тамызда басталды. Қатысуға 135 адам өтінім берді. Нәтижесінде бағдарламаның алғашқы легіне 45 жоба қабылданды. Тек Қызылорда бойынша ұйымдастырылған бағдарламаға Алматы қаласынан да өтінім бергендер бар. Жаңа білімге құштар жандардың көбейіп жатқанына біз қуаныштымыз,- деді Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті кәсіпкерлік орталығының жетекшісі Жанарыс Алтынбекұлы.
Бағдарламаға кез келген салада инновациялық жоба немесе идеясы бар адамдар қатыса алады. Жобаларын дамыту, қаржы тарту, кәсіпкерлік пен стартап бойынша білімдерін арттыру мақсатында қатысушыларға маңызды тақырыптар бойынша 16 семинар және менторлармен жұмыс жасау қарастырылған.
Бағдарламада 6 апта білім алған резиденттерге инвесторлардың алдында жоба қорғау мүмкіндігімен қатар ұйымдастырушылар тарапынан 2 000 000 теңге қаржы бөлінген. Сонымен бірге, бағдарламаны толық меңгерген қатысушыларға сертификат табысталады. Нәтижесінде «Astana Hub» халықаралық технопаркі және «QazInnovations» инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігінің» бағдарламаларына қатысу мүмкіндігіне де ие болады.
Айта кетейік, Сыр елінде инновациялық жобаларды дамыту мен инвестиция тартуға көмек беретін, IT бойынша кадрлар даярлау және тегін білім берумен айналысатын Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторы осы жылдың сәуір айында Astana Hub халықаралық стартаптар технопаркінің Қызылорда облысы бойынша өңірлік офисі ретінде ашылды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!