Ақсуаттық азамат Ерлан Жонтаев «Facebook» әлеуметтік желісінде жергілікті билік өкілдеріне ашық хат жолдады. Айтуынша, қаладан таяқ тастам жердегі елді мекен халқы, жол мәселесінен әбден мезі болған. Бұл – Ақсуаттағы күрмеуін таппай тұрған түйткілдердің бірі ғана.

<strong>Ақсуаттық азамат ел ағаларына ашық хат жолдады</strong>

«Құрметті ел басындағы ағалар! Біз, «Наурыз» бау-бақша саяжайы 9-көше тұрғындарының атынан өздеріңізге келесідей сауалдамаларымызды жолдауды жөн көріп отырмыз. 2007 жылы бұл шағын аудан жаңадан құрылып, үй салам деушілерге жер телімдері беріліп, қазіргі таңда жақсы бой көтерген қаланың белгілі аймағына айналғаны өздеріңізге белгілі. Дегенмен, арада қанша жыл өтсе де, бұл жердегі тұрғындардың мұң-мұқтажы таусылмай отыр. 15 жыл ішінде әуелде су дедік, одан газды күттік. Ендігі жерде тағы бір өзекті мәселе – ол көшелерге асфальт төсеу. Көшемізге гравий төгіп, асфальт төсеуге 3-4 жыл бұрын дайындап қойды. Былтыр газ жүргізу кезінде көшенің барлығы қазылып, астындағы саз топырағы бетіне шығып, көшеміз жазда аппақ шаң, күз, қыс айларында батпаққа айналып отыр. 7,8,10 көшелер асфальтталған,неге 9-көшеде қазіргі таңға дейін асфальт жоқ, жолаушылар жүретін жол (тротуар жоқ) туралы арман болып тұра берсін. Қараңғы кезде оқушы балаларымыз үйге үсті басын бүлдіріп келеді. Оның үстіне көшелерімізде иесіз толып жүрген қаңғыбас иттерге толы, балаларды қауып ала ма деп жанымыз шығады. Енді жарық мәселесін қозғап өтейік. Наурыздың 7,8,9,10,11 көшелеріне «Ардана» дүкенінің жанында орналасқан трансформатор қызмет көрсетіп тұр. Наурыз ашылған кезде осы трансформатор мен көшелерге тартылатын электр желілерінің сымдарына тиісті қаражат бөлінген шығар. Алайда, уақытында осыған ешкім мән бермеген соң, көне трансформаторды осы жерге орналастырып кетті. Былтыр ол 1 рет өртеніп те кеткен. 9-көшедегі электр желілерінің кейбір жерлері жалғама сымдармен жүргізілген. Желді күндері осы сымдар қысқаша тұйықталып, найзағай жарқырағандай болып от шашады. Жыл бойы кешкі мезгілдерде тоқтың қуаты төмендеп, жазғы мезгілде жарық сығырайып, аптап ыстықтарда кондиционерді қоса алмайтын жағдайдамыз. Заманымыздың дамыған кезеңінде жалпыға ортақ игіліктердің қызығын көре алмай отырғанымызды кімнен көрерімізді білмей күйзелеміз. Жоғарыда айтылған мәселелер бойынша тиісті лауазым иелерінен нақты жауап күтеміз», – делінген ашық хатта.

Айтпақшы, ашық хат астында халық түрлі пікірлер қалдырып жатыр. Ақсуат ауылдық округі әкімдігі де «Жол жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет етілетін көшелер тізіміне енгізілді. Осыған сәйкес жоба – сметалық құжаттары әзірленіп, бюджеттен қаражат сұратылатын болады. Қажетті қаражат көзі қаралғаннан кейін тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылатындығын және электр желілерімен қамтылмай қалған 22,5 шақырым болатын 32 көшелерді электр желілерімен қамту мақсатында 1 млрд. 65 млн. теңгеге республикалық бюджетке өтінім ұсынылғанын хабарлаймыз», – деп жауап қатты.

Абзал Жұмабаев:

«Көше светін айтып отырмыз. №268 орта мектеп алдында светі жоқ. Қазір қыс мезгілінде балалар 19.00-де сабақтан шығады. Сонда мектептен көшеге дейін тас қараңғы. Соған мектеп тарапынан балалардың қауіпсіздігін сақтат свет қойса?! Сосын «Мирас» дүкенінің алдында тротуар бітіп қалады да, адамдар, оқушылар көшенің қақ ортасымен жүруде. Соны жоғарыда отырған кісілер ескерсе. Қыс мезгілі алдағы уақытта қар жауса оқушылардың кауіпсіздігі үшін №268 орта мектеп басшысы осы аталған жолдарды соңғы сабақтан кейін жаяу аралап көрсе, мектептен шыға сала машинасына мініп, тайып тұрмай».

Денис Ким:

«Наурыз аймағында шешімін таппай отырған мәселелер шаш етектен. Айтылып отырған қиыншылықтар бір күнде қалыптасқан жоқ қой. Бірнеше жылдан бері қордаланып қалған проблемаларды шешетін уақыт жеткен сияқты. Шет аймақтарда тұрып жатқан халықтың не жазығы бар? Оларда жасы бар, ересегі бар өркениеттің қызықшылығы мен пайдасын көргісі келетіні анық. Аймақ басшылығының да осы мәселеге назар аударып, әрекет жасайтын мезгілі жетті деп ойлаймын.

Әлеуметтік желілерде «Наурыздың» мұңы жиі айтылады. Әйтсе де, оларға берілетін жауап біреу. «Жөнделетін көшелер тізіміне енгізілді», «Назарға алынды!». Іскерлік сөзбен емес, іспен дәлелденетінін ұғыну керек шығар… Айтпақшы, таяуда ғана «Наурыз» елді мекенінің тұрғындары Ақсуат ауылдық округіне қарасты «Ж.Маханбетов ауылына көп ақша бөлінеді, көп жағдай жасалады, біз тоқалдан тудық па?» деп дабыл қаққан болатын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!