Биыл Сексеуіл кентінде 150 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебін салынады. Бюджеттің бүйірін түртіп, қазынадан қаржы қаралмайды. Бұл жоба «Қазақстан Темір жолы» Ұлттық компаниясының демеушілігімен қолға алынбақ. Құны 1 млрд теңге болатын жобаға байланысты құжаттарды заңдастыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев айтты.
– Біз басқа да қаржы көздерін тарту арқылы аудан көлемінде атқарылуы тиіс өзге де жұмыстарды жандандыруға бар үлесімізді саламыз. Өткен жыл – біз үшін тек уақыттың өлшемі емес, маңдай тер мен адал еңбектің, сабыр мен сенімнің сыналған кезеңі болды. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, жұдырықтай жұмылып атқарған жұмыстарымыздың нәтижесін көрдік. Әрбір жетістік – елдің тілегімен, халықтың қолдауымен келген олжа. Ал кездескен қиындықтар бізді қайрай түсті, бірлігімізді бекемдей түсті, – деді Аманжол Сақыпұлы.
Сондай-ақ, биыл құны 16,4 млрд теңге болатын 8 жоба іске асырылмақ. Ойдағы жоспар орындалса, 139 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
– Бұл жобалар қатарында «Qazaq Camel» ЖШС-нің «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығару зауытын салу», «Эко Энерджи Плюс» ЖШС-нің «Арал ауданында автомобиль газ толтыру компрессорлық станциясы бар көпфункционалды жол бойындағы кешен салу», «Тоғыс-Аралотын» ЖШС-нің «Жоғары сұрыпты ас тұзының өндірісі» және «Тоғыс-Аралотын» ЖШС-нің «Арал қаласында мотоцикл құрастыру зауыты» жобасы бар, – деді аудан әкімі.
Айта кетейік, биыл Аралда жалпы құны 150 млрд 500 млн теңге болатын кальцийлендірілген сода зауытының құрылысы басталады.
Дәулет ҚЫРДАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!