фото: aif.ru

Телефон – адамзат тарихындағы ең маңызды өнертабыстың бірі. Оның тарихы XIX ғасырдың аяғындағы алғашқы прототиптерден бастап қазіргі заманғы ақылды құрылғыларға дейін жүз жылдан астам уақытты қамтиды. Бүгінде осы байланыс құралы өмірдің кез келген саласында пайдаға асады.

1876 жылы Александр Грэм Белл телефон құрылғысына патент алды. Оның ойлап тапқан байланыс құралы дыбыстық толқындарды электрлік сигналдарға және қайтадан дыбысқа айналдырды. Екі адамға алыстан сөйлесуге мүмкіндік берді. Ал 1876 жылдың 10 наурызында Белл әйгілі сөздерді айтып, алғашқы сәтті телефон қоңырауын жасады: «Мистер Уотсонмен, осында кел, сен маған керексің». Томас Уотсон мен оның көмекшісі басқа бөлмеде болды және бұл сөздерді телефон арқылы естіді. Осылайша технологиялар қарқынды дамып, қазір радио мен теледидардың, кітаптың орнын басуға да қауқары бар құрылғы болып танылды.

 Телефонның басты ерекшеліктерінің бірі – уақыт пен кеңістікті қысқартып, адамдарды алыстан байланыстыра алатын қабілетінде. Оның пайда болуы ақпарат алмасуды жеделдететін және әлемдегі адамдар арасындағы байланысып жақсартатын коммуникациялық революцияға әкелді. Сонымен қатар жұмыс, оқу, ойын-сауық және күнделікті өмірді оңтайландырудың таптырмас құралына айналды.

Телефонның артықшылықтарының арасында ыңғайлылық пен қолжетімділікті атап өтуге болады. Олардың көмегімен біз ақпаратты оңай таба аламыз, жақындарымызбен етене байланысып, онлайн жұмыс істейміз. Керек десеңіз, қазіргі смартфондар арқылы тіпті денсаулығымызды да бақылай аламыз. Алайда телефондардың артықшылығымен қатар кемшіліктері де пайда болады.

 Теріс аспектілердің бірі – тәуелділік. Көптеген адам үнемі хабарламаларды тексеріп, әлеуметтік желілерде уақыт өткізу қажеттілігінен зардап шегеді. Бұл психикалық және физикалық денсаулықтың нашарлауына әкелуі мүмкін. Көздің көру қабілеті нашарлап, семіздік секілді емделуі ұзақ уақыт алатын сырқаттарға шалдығу мүмкіндігі зор. Сондай-ақ телефон бетпе-бет қарымқатынаста қиындық тудырады. Бұл тұлғааралық қатынастардың сапасын төмендетеді. Яғни, адам үшін өмірде қоғаммен байланыс орнату қиынға соғады.

Деректердің құпиялылығының тарап кету ықтималдылығы жоғары. Бұл да бір зиянды аспект. Қазір алаяқтықтың белең алған сәті. Жеке ақпаратты хакерлер мен зиянкестерден қорғау бүгінде қиындық тудырып отыр.

Қазір смартфон жарылып, адамдардың күйіп қалып жатқаны туралы ақпарат көп. Ұялы телефон жарылмас үшін оны қалай дұрыс пайдалану керек? Мамандардың айтуынша, смартфонның жарылуына басты себеп – телефон батареяларының сапасыз болуы. Сапасыз телефон артық зарядталып тұрса, оның батареясы қызуы мүмкін. Ал қызып кетудің негізгі себебі – батареяның бір уақытта қуатталып әрі қуат бөлуі. Батарея қызуы неғұрлым жоғары болса, салдары соғұрлым жағымсыз жағдайларға апарады. Мәселен, батарея немесе телефон еріп, смартфон иесінің қолында тұрып жарылуы және тұтынушының дене мүшелеріне зақым тигізуі ықтимал.

 Сондай-ақ ұялы, телефондағы ең басты құрылғының бірі – «плата». Егер одан ақау шықса, телефон жарылу қаупі ұлғая түседі. Сол себепті ұялы телефон қуат көзіне қосылып тұрғанда пайдаланбаған жөн. Телефон жөндеу ісінің шебері смартфонды тоқта 4 сағаттан артық қуаттандырмау керектігін ескертеді.

Жағымсыз жақтарына қарамастан, телефон қазіргі өмірдің ажырамас бөлігі болып қала береді. Оны зиянды десек те, адамзат өмірін жеңілдететін қасиеттерінің көп екенін жоққа шығара алмаймыз.

Маржан ӘУЕЗХАНОВА,

 Қорқыт ата атындағы

Қызылорда университетінің

студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!