Бүгінгі таңда азық-түлік дүкеніне барғанда қолымызға бірінші болып пластик бөтелке мен полиэтилен пакет түсетіні құпия емес. Олар қолдануға өте ыңғайлы. Жеңіл, арзан әрі көп орын алмайды. Қазақстанда күніне шамамен миллиардқа жуық пакет шығарылады екен. Пластик бөтелкелердің де саны осымен шамалас. Дегенмен полиэтилен мен пластиктің ыдырауы үшін 400 жылдай уақыт қажет. Бұл болашақта біздің планетамыздың «қоқысқа» айналуына әкеліп соғуы мүмкін.
Пластик пен полиэтилен қазір барлық салада қолданысқа ие. Кейде олар микропластикқа айналып, азық-түлік ішінде қоспа болып жүред және оның әсерінен қалдықтар желмен ұшып, өзен, көл, теңіздерге түседі. Ол суда өмір сүретін жан-жануарлардың, өсімдіктердің өміріне қауып төндіреді. Интернет желісіндегі деректерге сүйенсек, жылына 100 мыңнан астам балық пен құс, сүтқоректілер полиэтиленнің кесірінен қаза табады екен. Жануарлар полиэтиленді байқаусызда жұтып, тұншығады. Ал кейде полиэтилен тірі ағза иелерінің беліне, аяғына, қанаттарына оралып, олардың қозғалуына кедергі болады. Сенесіз бе? Сіздің жаңа ғана қолданған пластик бөтелке немесе полиэтилен жануарлардың өміріне зиян әкелуі мүмкін.
Бұл – жаһандық мәселе. Сондықтан оның алдын алу үшін біршама жобалар қолға алынды. Мәселен, Швецияда 99% қоқыс қайта өңдеуден өтеді. Францияда полиэтилен пакеттерге тыйым салынған және Еуропа елдерінің басым бөлігінде қоқысты сұрыптау қатаң бақыланады.
Біз де қоршаған ортамен тығыз байланыста болғандықтан, оған қамқорлық көрсетіп, аялауымыз қажет. Ол үшін пластикті қайта өңдейтін зауыттар жұмыс істесе, қалдықтар саны азаяр еді. АҚШ-та пластикті қайта өңдеп, қалам секілді мектепке құрал-жабдықтар дайындайтын орындар ашылған. Бұл пластикті пайдалы қолданудың бірден-бір әдісі.
Ал полиэтиленды қайта өңдеу қиындықтар тудыруы мүмкін. Себебі оның басым бөлігі лас. Сондықтан оны қолданыстан алып тастаған тиімдірек болады. Оның орнына эко-сөмкелер қолдансақ, тек табиғатты ғана емес, қаражатты да үнемдей алатын едік.
Әр күн сайын табиғатқа миллиондаған қоқыс тасталады. Оның әсерінен тіпті адамның өзі үлкен қиындықтарға шалдығады. Сол себепті олардың санын азайтып, болашақ ұрпаққа таза жер қалдыру маңызды. Ол тек қоршаған ортаға ғана емес, біздің денсаулығымызға, біздің ұстанып жүрген өмір салтымызға орасан үлес қосады.
Мерей ШӘКРАТ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!