Студенттік өмір – әр адамның жадында ерекше сақталатын, жастықтың жалынды, шуақты шағы. Бұл кезең балалық пен үлкен өмір арасындағы көпір іспетті. Біріншіден еркіндік пен қызыққа толы күндер, екіншіден болашаққа жасалған алғашқы қадамдар. Осы кезеңді ерекше сезінетін жандар – жатақханада тұратын студенттер секілді.
Ауылдан жаңа келіп, жатақханаға алғаш орналасқан сәт әлі күнге дейін есімде. Мен былтыр ғана салынған «Дилмаш» жатақханасына орналастым. Алғашқы күндері көрші қыздармен танысып, бейтаныс ортаға үйренісуге тырыстық. Бәріміздің көкейімізде бір сұрақ: «Алда бізді не күтіп тұр екен?» Көп уақыт өтпей, ауылымызды сағына бастадық. Сағынышымызбен бөлістік. Кейін керек-жарағымызды алу үшін бірге көшеге де шықтық. Уақытымыздың көбі жатақханада өтетіндіктен, көршілерімізбен қарым-қатынасымыздың жақсы болғаны маңызды. Бұл жағынан менің жолым болды. Қасымда әрдайым мейірімді, қамқор қыздар болды. Бірге тамақ ішіп, қуанышымызбен бөлісіп, бір-бірімізге қолдау көрсеттік.
Мектеп уақытынан бастап менің бір ерекшелігім – таңертең телефондағы оятқыш дабылын естімейтінмін. Иә, таңқаларсыз, бірақ менің ұйқым өте қатты. Кейде ойлаймын, көрші қыздар мені күнде оятпаса, университетке үнемі кешігетін бе едім деп.

Жатақхананың өзіне тән ерекше атмосферасы бар. Таңда тым-тырыс болса, кешке өмір жандана түседі. Бәріміз жиналып, ән айтып, әңгіме-дүкен құрамыз. Біздің жатақханада өнерлі жастар көп. Гитарасын қолынан тастамайтындар да бар. Бұрын қазақша әндерге қызығушылық танытпайтынмын. Ал қазір жатақханада қосыла шырқайтын әндер жүрегіме ерекше жақын.
Жатақханадағы жастардың басын қосып қызықты іс-шараларды ұйымдастыратып жүретін студенттердің көшбасшысы – Ақниет Мәулен. Ол қазақ тілі және журналистика кафедрасының 4 курс студенті, «Жауқазын» студенттік театрының төрағасы, «Дилмаш» жатақханасының студенттік деканы.
– Кез келген білім алушы жатақханада тұрып көруі керек. Егер ол жатақханада тұрмаса, студенттік өмірді толық сезіне алмайды. Себебі мұнда болған қызықтар, ерекше сәттер, жатақханадан тапқан достар қайталанбайды. Мұндағы достар тіпті бауырыңдай болып кетуі мүмкін.
Студенттер үйінде қызық өте көп. Мысалы, өзім баскетбол ойнаймын. 1-курста 5-ші жатақханада, ал 2, 3 курста ескі Дилмашта тұрдым. Сол кезде Илья Ильин саябағында түнгі сағат 1-ге дейін баскетбол ойнайтынбыз. Кешкі 11-ден кейін бізге доп ойнауға болмайды деп қанша тыйым салса да құлақ аспайтынбыз.

Ол жерде түрлі ұлт өкілдері бар: африкалықтар, қытайлықтар, жалпы Алтай жақтан келген қандас бауырлар. Бізді негізі ол жерге кіргізбейтін. Қарым-қатынас орнату мүмкін бола бермейтін. Сондықтан амалын тауып, терезеден кіретінбіз. Терезеге көрсетпей баспалдақ жасап қойдық. Сол баспалдақ арқылы кішкентай терезеден кіретін едік.
Жалпы қызықтар көп. Бір нанды бөлісіп жейсің, ойын ойнайсың, түнімен ұйқы көрмейтін күндер… Тоңазытқыштан зат алу деген де бар. Бірақ ол қарның ашқандықтан емес, қызық үшін ғана жасалады. Мен ұрлаған жоқпын. Бірақ кіші курста жүргенде 213-ші бөлменің затын 205-ке, 200-ші бөлменікін 204-ке салып, пакеттерді ауыстырып, түрлі «қызықтар» жасағанбыз. Түнде есікті ашқанша қағып, құрдастарымыздың мазасын алатынбыз. Таң атпай «субботник» деп алдап оятатынбыз. Кейін жауапкершілік алғанда бұзықтықты қойдық. Ал мен студенттік декан болған кезімде мынадай бір жағдай болды. Қысқы демалыс уақыты. Апайымыз кезекші болатын, іште адам аз. Түнде апайымызды камерадан қорқытқанбыз. Ол кісінің жүрегі әлсіз екенін білдік, сондықтан алдын ала қасына бір адам жіберіп қойдық. 5-ші қабатқа балаларды жіберіп, адам қаза болғандай көрініс жасадық. Құлаған адамның үстіне ақ киім кигіздік. Біздің камера сұр түсте, түр-түсін анық көрсетпейді, сол себепті байқалмай қалады. Бәрін бір адам жасап жүргендей етіп көрсеткенбіз. Апайдың жүрегі қысылып, полиция шақыртқан. Бастыққа қоңырау шалып жатқанда тоқтаттық. Апайды тоқтату үшін біраз күш керек болды.
Жатақханада әсерлі сәттер де болады. Біреу өлең айтып бастаса, оған қарап тағы 5-6 адам қосылады. «Теңіз тамшыдан құралады» дегендей, бір ұйымшыл адамның бастамасымен бәрі ұйымдасып кетеді. Жалпы бізде өтетін мейрам болсын, шара болсын, студенттер түгелдей атсалысады. Барлығы ұйымшылдықпен қатысады. Ұйымшылдықтың болуы ең алдымен басшыға байланысты, – деп Ақниет жатақхананың қызықты кездерін еске алуда.

Оқу жылы ішінде көптеген іс-шара өтті: театр қойылымдары, жайдарман, күзгі бал, «Университет аруы» байқауы. Жатақханамыз бұл шаралардан қалыс қалмай, белсенді түрде атсалысты. Дайындық жұмыстары кезінде бірге жиналып, жоспар құрып, бірігіп атқардық. Соның нәтижесінде жақында «Университет аруы» байқауында жатақханамыздың атынан қатысқан Ангелина Прокопчук жүлделі 2-орынға ие болды. Ангелина байқауға дайындалғанда, жатақхана жастарының қолдауы ерекше болды.
– Дайындықты бастағанда біз ең алдымен орын іздеумен әлек болдық. Далада дайындалсақ, студенттердің бәрін сыртқа шығара алмаймыз. Алғашында команда жинау үшін біраз күш кетті. Сыртта дайындалу ыңғайсыз болғандықтан, дайындық жатақханада өтті. Вахтада отырған апайға қайта-қайта барып, үлкен залдың немесе жертөленің кілтін сұрайтынбыз. Апай бермейтін. Ақыры тамақ жасап береміз деп, әзер көндіретінбіз.
Бір-бірімізге хабарласып, жиналып, дайындықты бастаймыз. Сценарийді ешкімге толық айтпадым. Әлі шықпаған ойымды өзімше биге айналдырып қойған едім. Қасымда өнердегі серіктесім бар. Екеуміз бірге шығарамыз, себебі биде жұптық сәттер көп болды. Ән таңдауға келгенде, «Black Swan»-нің инструменталына тоқтадық. Себебі бұл әуен менің оқиғамды көрерменге жеткізе алатындай болды.
Кей кездері түнгі 2-ге дейін дайындалдық. Командаға тамақ дайындап беретін кездер де болды. Үстелдерді біріктіріп алып, бәріміз тамақтанып, ұйқымыз келіп, кейде ұйықтап та қалатынбыз. Сонда да бір-бірімізді оятып, дайындықты қайта жалғастыратынбыз. Жалпы 10-15 күн осылай өтті.
«Студенттер сарайына» жиналар кезде барлығы бірге келетін. Біздің команда үш машинаға бөлініп, бір-бірін шақырып әкелетін. Сол жерде қайта дайындалып, ұрыс естіп, қайта түзейтінбіз. Бірақ маған ешқайсысы ренжімеді. Айқайласам да, «Дұрыс тұрсаңдаршы!», «Басқаша істе!» десем де, бәрі түсіністікпен қарайтын.

Тіпті шулап кетсе, іштерінен біреуі шығып: «Тыңдасаңдаршы, Ангелинаны» деп басқаларды тыныштандыратын. Олар менің не сезіп тұрғанымды жақсы білетін және әрдайым қасымнан табылып, жұбата білгені менің жүрегімді елжіретіп жіберетін.
Мен қатты шаршаған кездерде, биді үйретуге де шамам болмайтын. Сол кезде бөлмемдегі көршім көмектесті. Би білмесе де, сырттай демеу беріп жүрді. «Ештеңе етпейді, бәрі жақсы болады, сенің қолыңнан келеді» деп қолдады. Кейін өнердегі серіктесім – Дамир келіп, «Демалып ал, мен өзім үйретем» деген. Алайда мен өзімді қайта қолға алып, соңына дейін дайындықты алып шығатын едім.
Таныстыру кезеңіне дауысты жазу уақыты келгенде, Ақниет Мәулен – менің анамның дауысын жазып берді. Оның дауыстық хабарламасын тыңдағанда жыладым. Өз дауысымды жазу керек кезде шыдай алмай, тоқтап қалатынмын. Бірақ амал жоқ, жасау керек болды. Сосын оны қайта тыңдап, тағы да жылайтынмын.
Байқауға бір күн қалғанда, бәрі дайын болды. «Осы бимен шығамыз, енді заттарыңды дайындай беріңдер» деп бәрін тараттым. «Көмекшілерімді» түнгі 3-те жібергенімді білемін.
Сол түні таңғы 6-ға дейін сұрақ-жауап турына дайындалдым. 100 сұрақ жаттадым. Қасымдағы қыздар киімімді дайындап берді. Бір сәтте Аралдан костюм келетін болды. Оны таңғы 6-да жігіттер барып алып келді. Командам маған: «1 сағат ұйықтап алшы, миың тынықса тезірек жаттап аласың» деді.
Ұйықтап тұрсам, барлық затым жиналып тұр екен. Костюм де дайын. Сұлулық салонынан кейін бірден «Студенттер сарайына» кеттім. Бірнеше минуттан кейін жатақханадағы достарым менің барлық затымды әкеліп берді. Не керек екенін сұрап алып, барлығын дайындапты. 1-2 зат керек болып қалған кезде көршілерім бірден тауып берді. Бұл жерде олар жатақхананың ғана емес, менің де абыройымды ойлап жүрді.

Ең қиыны – таныстыру туры болды. Жертөледе отырып жалғыз жылайтынмын. Себебі бұл бөлімде өз өмірбаянымды айтып беру керек еді. Сценарийді жазу үшін оны біреуге айтып, бәрін қайта бастан өткізу керек болды. Бір күнім соған кетті. Айттым, жыладым. Әпкемдей болған Ақниетке апарғанда ол: «Ренжіме, бірақ бір сұрақ қояйын: анаң мен әкең бар ма?» деді. Сол кезде одан бетер елжіреп кеттім.
Осыдан кейін Ақниет пен Дамир ақылдасып, мәтінге түзетулер енгізді. Әр тур сайын Ақниет әпкем келіп, «Сенің қолыңнан келеді», «Бәрі сені қолдап жатыр» деп құшақтап, қолдау беріп тұрды.
«Сыр Аруына» жолдама берген кезде алға шықтым, командама қараймын. Олар маған қарамай, бір-бірін құшақтап жатыр. Байқау аяқталған соң, бәрі лап беріп маған қарай жүгіріп келді. Мен бас жүлде алмасам да, командама қарап өзімді жеңімпаз сезіндім -деп қызықты сәтін еске алды Ангелина.
Міне, біздің жатақханадағы студенттер арасындағы қарым-қатынас, қолдау мен сыйластық осындай. Жатақхана біздің өмірімізді жаңа бояуларға толтырды десек те болады. Бұл жерде біздің үйренгеніміз көп болды. Осы жерде біздің басымызды қосқан «Дилмаш» жатақханасы мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне алғысымыз шексіз.
Студенттік шақ қызыққа да, қиындыққа да толы. Бұрын «Мен студент болғанда…» деп басталатын әңгімелерді естігенде, күліп қана қоятын едік. Енді сол сәттерді өзіміз бастан кешіп жатырмыз. Ерекше сезім. Мүмкін, 10-15 жылдан кейін мен де туған-туыстарыма осы кездер туралы сүйіспеншілікпен баяндап беретін болармын. Ал қазір мен осы сәтпен өмір сүріп, оның әр мезетін бағалауға тырысамын.
Мерей ШӘКРАТ,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!