Фото: ашық дереккөзден

Студенттік шақ – адам өміріндегі маңызды әрі мерейлі кезең. Себебі өзіңді жаңа қырыңнан танып, тұлға ретінде қалыптасуға қадам жасап, болашағыңды айқындай бастайсың.

М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжіне алғаш келген кезім. Еңселі ғимаратты көрген кезде бойымда қуанышпен қатар қорқыныштың болғаны рас. Санамда «Мені қалай қабылдар екен?» деген сұрақ болды. Әр адам жаңа ортаға келгенде осы ойда болатыны белгілі. Бірақ бекер қорыққан екенмін. Себебі мені оқу тобында көңілді қыздар мен жігіттер қарсы алды. Қазір студенттік күндерім өте ерекше әрі қызықты өтуде. Өйткені жанымда мені түсінетін ең жақын адамдар бар.

Студенттік өмір дегенде әр адамның көзіне жастық шағы, оқу орны, қуанышқа да, қайғыға да толы кезең елестейтіні рас. Мектепте оқып жүріп, әпкелерімнің студенттік күндер жайлы әңгімелерін тыңдап, тезірек өсуге асығатынмын. Кеше ғана «Студент атансам, үлкен болсам» деп жүріп, міне ендігі студенттік өмірдің екінші жылына қадам басудамын. Бұл күндер өміріміздің ең қызықты кезеңі десем қателеспейтін сияқтымын.

Менің таңдаған мамандығым – «Шетел тілі мұғалімі». Мамандық таңдауда анамның кеңесі мен өмірлік тәжірибесіне сүйендім. ШТ-М-23 оқу тобында 22 қыз, 5 ұл бала білім алып жатырмыз. Ғасырға жуық тарихы бар білім ордасындағы әр күніміз ізденіске, ғылымға деген құштарлыққа толы. Бос уақытымызда түрлі үйірмеге қатысып, жан-жақты дамыған тұлға болуға талпынудамыз.

Мектеп кезінде ашылмаған қырларымыз колледжде ашылып, өзімізді таныта түсуге көп мүмкіндік берілді. Оқу орнында ұйымдастырылатын әрбір іс-шараға қатысуды қалап, өзге студенттермен танысып-біліскің келеді. Қуанғанда бірге шаттанып, мұңайғанда мұңыңды бірге еңсеретін жандар пайда болды. Қыздар студент болдық деп өздеріне қарап, білімдерін жетілдірсе, жігіттер өздерін ересек адамдарша ұстай бастайды. Бір студент ғашық болып, махаббат хикаясын бастаса, екіншісі сабақты жан-тәнімен беріліп оқиды. Ал отбасынан жыраққа кетіп, жатақханада тұрақтаған достарым студенттік өмірдің ең қызықты күндерін бастарынан кешіріп жатқан болар… Кейбірі І жартыжылдықта отбасын сағынып, көңілдері түсіп жүрсе, біраз уақыттан соң ортаға үйреністі. Бәріміз жиналатын отырыстар, бірігіп жасайтын тәрбие сағаттар, әр мейрам сайын өз бөліміңді безендіру – барлығы да студенттік өмірдің ең қызықты күндері екені рас емес пе? Әр мектептің үздіктері жиналған топ сабақты жарыса оқиды. Әрбір студент «өз мамандығымның үздік маманы болайыншы» деген ниетпен білімге ұмтылады. Жауапкершілік алып үйренеді.

Менің ойымша, студенттік өмір осындай қызықты естеліктерден тұрады. Сондықтан, адам өмірінің осы кезеңін мәнді, мағыналы етіп өткізуге тырысайық, достар!

Тахмина ҮСЕН,
М.Мәметова атындағы Қызылорда
педагогикалық жоғары колледжі,
«Шетел тілі» бөлімінің 1- курс студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!