Студенттік шақ – адам өміріндегі ең ерекше, ең естен кетпес кезеңдердің бірі. Ол жылдар – армандар биігіне ұмтылған, үміт пен ізденіске толы жастық дәуірдің алтын беттері. Күн сайынғы дәрістер, кітапханадағы ұзақ түндер мен емтихан алдындағы толқыныс, достармен бірге күліп, бірге мұңайған шақтың бәрі де жүрек түкпірінде мәңгілік естелік болып қалары анық. Бұл өмір кезеңі – тек білім алып, мамандық игеру ғана емес, тұлға болып қалыптасудың, өзін танудың, өмірге өз жолыңмен қадам басудың мектебі.
Біз осы мереке қарсаңында сол ұмытылмас кезеңді еске алып, университет қабырғасынан енді түлеп ұшқан, сондай-ақ студенттік шақты бастан кешіп жүрген жандармен сұхбат құрдық.

Әсел Асылбек, «Сыр жұлдыздары» шығармашылық және инновация академиясы» қосымша білім беру орталығының баспасөз хатшысы:
– Студенттік өмір десе – көз алдыма білімге деген құштарлық пен достыққа толы алтын кезең елестейді. Таңертеңгі асығыс сабақтар, аудиториядағы қызу пікірталастар, кешкісін жатақханада ұзаққа созылған әңгімелер… Ең алғаш есіме оралатыны – жаңа орта, жаңа мақсаттар және арман қуған өзім. Әне-міне дегенше 4 жыл зу ете өтті, ал қазір қарап отырсам университет бітіргеніме де екі жылдан асты.
Иә, университет тек білім ордасы емес, өмір мектебі де болды. Мен үшін сол жылдар – жауапкершілікті сезіну, өз бетіммен шешім қабылдай білу, әртүрлі көзқараспен санасуды үйрену кезеңі еді. Студенттік ортада ашық болуға, табандылық танытып, өз идеямды қорғауға үйрендім. Менің мамандығым да табандылықты, тапқырлықты талап етеді. Сол үшін де әрдайым шапшаң ойлануға, ақпарат жинауға, оны өңдеп, жариялауға асығатынмын.
Мүмкіндік болса, 1 курстағы алғашқы күнімді қайта сезінер едім. Сол кезде бәрі бейтаныс, бірақ жүректе ерекше бір үміт пен толқу болатын. Сол күнгі өзіме «Бар мүмкіндікті жіберіп алма. Уақыттың қадірін біл, әр сәттен сабақ ал. Қателесуден қорықпа – дәл сол қадамдар сені шыңдайды» деп кеңес берер едім.

Нұртілеу Жорабек, «125 International School of Turkistan» ЖШС мектебі директорының ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары:
– Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде өткен студенттік жылдарым – өмірімнің ең үлкен мектебі болды. Бірінші курстағы карантиннен кейін ғана аудиторияға барып, ұстаздар мен достардың шынайы энергиясын сезіне бастадық. Сол кезден бастап Аягөз Қожамырзақызы мен Асыл Қожабайқызы секілді ұстаздардың қолдауы мені белсенді өмірге жетеледі. Кейін студенттік кеңес пен «Жайдарман» ұйымының төрағасы ретінде өзімді сынап, жауапкершілік пен көшбасшылықты үйрендім. Төртінші курста университет ректорының жастар ісі жөніндегі көмекшісі болу – мен үшін үлкен тәжірибе мен сенім мектебі болды.
Университеттегі ұстаздарымды ерекше құрметтеймін. Ректор Бейбіткүл Сәрсемханқызының парасаты, директор Сағат Тамшыбайұлының ұйымдастырушылығы, Ерболат Байменов пен Жандос Нұртайұлының жауапкершілігі мен жаңашылдығы, Жанар Бимұратқызының адами жылуы мен үшін өнеге болды. Сол кісілерден адалдық пен еңбектің, елге қызмет етудің құндылығын ұқтым.
«Студенттік көктем» фестивалі мен «Жайдарман » ойындары – студенттік өмірдің ең жарқын беттері. Бұл кезең маған командалық рух, табандылық және достықтың шынайы мағынасын ұқтырды. Студенттік жылдар мен үшін тек оқу емес, өзін-өзі дамытудың, өмірді танудың және өз орныңды табудың алтын уақыты болды.

Мәншүк Оразбекқызы, Қосшы қалалық Мәдениет үйінің маманы:
– Студенттік өмірді еске алғанда, ең алдымен сабақ емес, жүректе із қалдырған жарқын сәттер ойыма оралады. Мен үшін университет қабырғасындағы белсенділік, достық пен шығармашылық – сол кезеңнің айрықша символы. Студенттік шақ – қайта оралмас бал дәурен, өмірдің өз мектебі. Сол жылдары ұстаздарымның бағыт-бағдары мен жоғары курстағы аға- әпкелердің кеңесі арқылы жауапкершілік пен уақыттың қадірін ұғындым, адамдармен тіл табысуды, өз ойыңды ашық жеткізуді үйрендім.
Егер уақыт кері айналса, мен міндетті түрде «Студенттік көктемдегі» алғашқы сахнама қайта оралар едім. Сол күндердің жүрек лүпілі әлі де жадымда. Өзіме айтар бір ғана ақылым – оқуды бірінші орынға қойып, әр сәттің қадірін білу. Иә, студенттік күндер артта қалды, бірақ олардың естелігі мәңгі сақталады. Білім теңізінде менің кемем болғаның үшін рақмет саған, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті!

Нұрділдә Талғатұлы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Педагогикалық-дәстүрлі институтының 1 курс студенті:
– Университетке алғаш келген сәтім әлі есімде. Бір жағынан қуаныш, екінші жағынан аздап қобалжу болды. Себебі жаңа орта, жаңа адамдар, бәрі бейтаныс. Бірақ сол сәттен бастап өзімді үлкен өмірге қадам басқандай сезіндім.
Сабақ, достық, шығармашылық, ізденіс – бұлардың бәрін бірдей алып жүру оңай емес, әрине. Бірақ уақытты дұрыс бөлсең, бәріне үлгеруге болады. Мен көбіне жоспар жасап, ең маңызды істерді бірінші орындауға тырысамын.
Қазіргі студенттер үшін ең маңызды құндылық – өз жолыңды табу деп ойлаймын. Себебі білім мен еркіндік те соған байланысты. Адам өз орнын тапса, қалғанының бәрі өзінен-өзі реттеледі.
Ал енді төрт жылдан кейінгі өзіме айтар ақылым: – «Арманыңнан бас тартпа. Қиындық болса да, бұл жолды өзің таңдағаныңды ұмытпа һәм әр қадамыңды нық бас. Сен сахна адамысың, өзіңе сен, еңбектен, сонда бәрі де болады».
P.S: Студенттік шақ тез өткенімен, бағалауға тұрарлық өмір кезеңі. Кешегі балауса арман иесі бүгін үлкен өмірдің табалдырығын аттап, өз жолын тапқан тұлғаға айналды. Ал артта қалған жылдарға деген сағыныш жүректегі ең жылы сезімдердің бірі болып қалары анық. Мерекелеріңіз құтты болсын, студенттер қауымы!
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
