фото: ашық дереккөзден алынды

Бүгін сұлулық ұғымы бұрынғыдай тек сыртқы келбетпен шектелмейді. Ол енді медицинадағы жаңалықтар, заманауи технологиялар және сәннің үздіксіз өзгеріп тұратын ағымдарымен толыққан кешенді түсінікке айналды. Кейінгі үш жылда пластикалық және эстетикалық операцияларға деген сұраныс бүкіл әлем бойынша айтарлықтай өсті.

Халықаралық эстетикалық пластикалық хирургтар қоғамы (ISAPS) 2022 жылғы мәліметінде мұндай операциялардың көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 11,2%-ға артқанын, ал 2018 жылдан бері өсім 41,3%-ға жеткенін хабарлайды. Бұл көрсеткіш адамдардың сыртқы бейнесіне деген көңіл бөлуі тек сән үшін емес, өмір салтының бір бөлігіне айналып бара жатқанын көрсетеді.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, елімізде хирургиялық қызмет көрсететін 3 416 медициналық ұйым бар, оның 262-сі пластикалық хирургияға маманданған. Бұл – сұраныстың жоғары әрі саланың тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді. Мамандардың айтуынша, пластикалық отаның жас шектеуі нақты емес: «абдоминопластика» көбіне 18-52 жас аралығындағы әйелдерге жасалса, бет тарту отасы 35-65 жастағы адамдарға ұсынылады. Ал «маммопластика»
мен «ринопластика» 18-40 жас аралығындағы қыз-келіншектер арасында танымал.

Айта кетерлігі, пластикалық хирургия тек эстетикалық мақсатпен шектелмейді: жыл сайын елде туа біткен бет-жақ кемістігі бар балаларға жүздеген реконструктивтік ота жасалады.

Тарихқа көз тастасақ, талай рет белгілі тұлғалар сұлулық символы саналып, алайда шамадан тыс пластикалық өзгеріс олардың сол даңқты мәртебесін жоғалтуына себеп болған. Голливуд пен сән индустриясында аты аңызға айналған кейбір актрисалар мен модельдер жылдар бойы табиғи келбетімен танылып, көрермен сүйіспеншілігіне бөленді.

Мәселен, әйгілі Донателла Версаче – «Versace» сән үйінің жетекшісі – 1990 жылдары өзіне тән айқын келбетімен сән әлемінің басты тұлғаларының бірі болды. Дегенмен жылдар бойы жасалған пластикалық процедуралар оның бейнесін бастапқы табиғилығынан айырып, жұрт назарын сән туындыларынан гөрі сыртқы өзгерістеріне аударды. Сол секілді 1980-1990 жылдары Голливудтың ең сұлу актрисаларының бірі саналатын Мег Райан да бірнеше сәтсіз эстетикалық өзгерістерден кейін сынның нысанасына ілікті. Мұндай мысалдар сыртқы бейнені шамадан тыс түзету көбіне адамның даралығын жоғалтып, бұрынғы тартымдылығын көлеңкеге қалдыруы мүмкін екенін көрсетеді. Алайда шектен тыс хирургиялық түзетулер олардың бейнесін түбегейлі өзгертіп, бұрынғы ерекшелігін жойды. Нәтижесінде, олар тек сыртқы пішінін ғана емес, халық санасындағы «сұлулық эталоны» ретіндегі орнын да жоғалтты.

Бұл оқиғалар бізге бар нәрсенің қадірін білуді еске салады. Адамның табиғи ерекшелігі – оны дара етіп көрсететін басты құндылық. Кейде өз бейнеміздегі ұсақ «кемшіліктер» шын мәнінде бізді өзгелерден айырып тұратын ерекшелік болуы мүмкін. Сол себепті, сұлулыққа ұмтылғанда, оны тек өзгертудің жолын емес, барын сақтау мен бағалаудың да мәнін ұмытпау маңызды. Өйткені уақытша сәнге ілесу үшін мәңгілік ерекшелікті құрбан ету – орны толмас өкінішке айналуы ықтимал.

Қазір бетке жасалатын оталардың ішінде «ринопластика» сұранысқа ие. Ол тек эстетикалық емес, тыныс алу жолдарын түзету сияқты медициналық себептермен де жасалады. Иә, отаны жасату денсаулық соны талап етіп тұрған кезде пайдалы. Алайда қазір операцияға жүгінетіндердің көбі сұлулықтың белгілі бір стандартына сәйкес келу үшін пышақ астына түсуден тайынбайды.

Хирургиялық әдістер ішінде артық майды алу – «липосакция» – алдыңғы орында. Одан кейін кеуде үлкейту, қабаққа операция (блефаропластика), іштің терісін тарту (абдоминопластика) және кеуде көтеру сияқты процедуралар орын алады. Кейінгі жылдары бөксені үлкейту операцияларының 56,8%-ға өсуі – әлеуметтік желілердегі «идеал дене» культі мен шоу-бизнес ықпалының айқын көрінісі. Мұндай үрдіс сән индустриясындағы бағыттар мен адамдардың өзін- өзі қабылдауына тікелей әсер етуде.

Хирургиялық емес тәсілдер ішінде «ботокс» көш бастап тұр: 2022 жылы әлемде 9 миллионнан астам адам ботулин токсинін қолданған. Одан кейін гиалурон қышқылы филлерлері, химиялық пилинг және инвазивті емес май азайту әдістері танымалдыққа ие бола бастады. Бұл дерек қазіргі таңда сұлулық индустриясы тек хирургиялық әдістермен шектелмей, заманауи және салыстырмалы түрде жеңіл процедураларға да бет бұрғанын байқатады.

Ішкі үйлесім

Сұлулыққа ұмтылудың себептері әртүрлі. Бірі өзіне сенімділікті арттырғысы келеді, бірі – кәсіби талаптарға сай болуға тырысады, енді бірі – жеке өміріндегі өзгерістерге байланысты қадам жасайды. Алайда психологтардың айтуынша, сыртқы келбетті шектен тыс өзгертуге деген құмарлық кейде ішкі психологиялық мәселелердің көрінісі болуы мүмкін.

Сырт келбетке шамадан тыс көңіл бөлу синдромы – BDD (body dysmorphic disorder) – адамның өз бейнесін бұрмаланған түрде қабылдауына әкеледі. Мұндай адамдар кішкентай сызықты, мұрынның аздаған қисаюын немесе дененің белгілі бір жеріндегі майды үлкен кемшілік деп санайды. Статистикаға сүйенсек, BDD-мен ауыратындардың көпшілігі бірнеше пластикалық операциядан кейін де қанағаттану сезімін таппайды. Демек мәселе бет пішінінде емес, адамның өзін қабылдауында жатыр.

Психологтар «жүрек таза болмаса, бет-әлпет те жарқырамайды» дейді. Сондықтан пластикалық операцияға бармас бұрын ішкі үйлесімді қалыптастыру маңызды. Медитация, психотерапия, хобби, спорт сияқты тәсілдер адамның көңіл-күйін көтеріп, өзіне деген көзқарасын жақсарта алады. Бұл әдістер кей жағдайда пышақсыз-ақ сұлулыққа жетудің тиімді жолына айналады.

Теңге мен тәуекел

Кеуде үлкейту, мұрын түзеу, бөксе пішіндеу, қабақ тарту секілді операциялар танымал болса да, арзан емес. Мәселен, Түркияда ринопластика шамамен 3 000–4 500 доллар, липосакция – кемінде 2500 доллар, ал кеуде үлкейту – 6 000 долларға дейін барады. Бұл тек операцияның бағасы. Бұған дәрі-дәрмек, арнайы киім, бақылау тексерулері және жұмыстан қалудың шығыны қосылады.

Сонымен қатар операциядан кейінгі қалпына келу кезеңін де естен шығармайық. Көп адам кем дегенде 1-2 апта бойы ісіну мен көгерудің кетуін күтіп, үйде болады. Отаның күрделіліге байланысты емделу уақыты бірнеше айға созылуыда мүмкін.

Пластикалық отаның сәтсіз нәтижелері адам өмірінде ауыр психологиялық және физикалық зардаптарға әкелуі мүмкін. Дәрігердің қателігі, сапасыз материалдар немесе операция алдындағы жеткіліксіз тексеру салдарынан беттің табиғи симметриясы бұзылып, мимика қабілеті шектеледі. Кей жағдайда тыртық, тіндердің некрозы немесе бет әлпеттің мүлдем өзгеріп кетуі орын алады. Елімізде орын алмаса да, әлеуметтік желіде көп дүниені көріп жүрміз. Сұлу боламын деп жүргенде күле алмай, ең құрығанда көзін ашып-жұмуға қауқары жетпей қалған пластикалық операцияның құрбанын көзіміз шалды. Өкінішті-ақ, себебі арудың отаға дейінгі бет-әлпеті де ажарлы еді. Ал енді бұл олқылықтың орнын толтыру мүмкін бе, бір Құдайға аян. Мұндай жағдайлар адамның өзін- өзі қабылдауына соққы беріп, қоғаммен қарым-қатынасын қиындатады. Ең сорақысы, кейбір сәтсіз операциялар денсаулыққа зиян тигізіп, адам өліміне жеткізуі мүмкін.

Кейінгі жылдары елде бірнеше даулы жағдай тіркелді: 2023 жылы Алматыдағы жекеменшік клиникада «липосакциядан» кейін әйел көз жұмса, 2020 жылы дәл осындай операциядан кейінгі өлім фактісі бойынша хирург 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған. 2019 жылдан бері пластикалық операция сапасына қатысты 39 шағым түсіп, оның 67%-ы негізді деп танылды. Бұл дерек лицензиясы мен сертификаты бар маманға жүгінудің, клиниканың заңды мәртебесін тексерудің маңызын айқын көрсетеді.

Бірақ қомақты қаржы жұмсап, айлап реабилитациядан өтіп, соңында «тағы да түзету қажет» деген жауап алу – бұл үлкен тәуекел екенін есте сақтаңыз. Уақытша өзгеріс үшін денсаулық пен қаржыны тәуекелге тігу – әркімнің жеке таңдауы, бірақ ол шешімнің құны жоғары екенін түсіну маңызды.

Таюиғилық – жаңа сән

Бүгінде сән индустриясында табиғи сұлулыққа деген белсенді бетбұрыс байқалады. «Clean girl» стилі, минималды макияж, фильтрсіз фотосуреттер – жаңа трендке айналды. Бұл бағыт адамның өз ерекшелігін жасырмай, керісінше, көрсетуге шақырады.

Әлемдік брендтер мен модельдік агенттіктер әртүрлі бет пішіні, тері түсі және бой ұзындығы бар адамдарды жарнамаларға тартуда. Бұл жылдар бойы үстемдік еткен «идеал стандарттардың» әлсіреуінің белгісі. Табиғи сұлулықты қабылдау – өзін өзгелердің өлшемімен емес, өзінің жеке құндылықтарымен бағалау. Мұндай ұстаным тек эстетика ғана емес, психологиялық еркіндік әкеледі. Күнделікті күтім, спорт, дұрыс тамақтану, теріге күтім жасау – мұның бәрі табиғи сұлулықты ұзақ жылдар бойы сақтауға көмектеседі. Ішкі сенімді қалыптастыру мен әлеуметтік желідегі «идеал» бейнелерден алшақтау да психологиялық тұрғыдан маңызды.

Пластикалық хирургия – біреулер үшін арманын жүзеге асыратын құрал, ал басқалар үшін – шешілмеген мәселенің бетін жабатын перде. Таңдау әркімнің өзінде. Бірақ шешім қабылдарда тек сыртқы бейнеге ғана емес, ішкі сезімдерді де елеусіз қалдырмаңыз. Себебі бұл өзгерістердің көбі уақытша. Бір-екі жылда қайта түзету қажет болуы мүмкін. Ал табиғи сұлулыққа жұмсалған күш – спорт, дұрыс тамақтану, күтім – жылдар бойы өз жемісін береді.

Сұлулық – асыл тастай, қырланған сайын жарқырай түсетін, бірақ шектен тыс өңделсе қадірі кететін нәзік қазына. Бүгінгі сәннің толқынына ілесемін деп, табиғат сыйлаған дара болмысыңнан айырылу өзіңе сатқындық жасағанмен пара-пар. Халық «қыздың көркі – қылығы» деп бекер айтпаған, өйткені әсемдік тек бет пішінінде емес, жан жылуында, көздің отында, күлкі мен сөздің мәнерінде жатады. Пышақ астында дене мүсінін түзетуге болады, бірақ жүректегі үйлесімді тек мейірім мен өзін қабылдай білу қалыптастырады. Уақыт өтеді, сән өзгереді, ал шынайы сұлулық – мәңгілік мұра секілді ұрпақтан ұрпаққа жетеді. Сондықтан бір күндік әсемдік үшін бір ғұмырлық ерекшелікті құрбан етпеуге тырысайық, себебі өз болмысыңнан асқан сұлулық жоқ.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!