Круиз су транспорты арқылы саяхаттау кезінде бірнеше мемлекеттің төрт-бес қаласын қамтып шығу дегенді білдіреді. Әлемде саяхаттың осы түрі  1960 жылдары дами бастаған. Десек те Қазақстанда круиздік индустрия әлі күнге қолға алынбаған. Тек Ақтауда Каспий теңізі арқылы шет мемлекеттерге мұнай тасымалдау жолға қойылған. Осы аптада біз 5000 жолдамамен круизге шығуды, қаржымен қатар уақытты да үнемдеуді мақсат еткен «Инкурзес» элиталық клубы ұсынған мүмкіндіктер жайлы айтуды жөн көрдік. Жер шарындағы барлық мемлекетті көрудің жайлы түрін ұсынған алып компания қазір 16 круиздік желімен (МАС, Коста, Норвижн, Азамара, Аида, Принцесса, т.б) келісімшартқа отырған. 

Ақшаны уақытқа алмастырған Хатчисон

Ең алғаш Инкрузес компаниясының негізін Майкл Хатчисон қалаған. Сол уақыттарда Тони Роббинс компаниясының бүкіл әлемдік сату және маркетинг бойынша вице-президенті (1987-1994), «Speaking Mastery», «Stop It!» және «Profiles in Persistence» бестселлерлерінің авторы Майкл бір қаладан екінші қалаға тренинг жүргізеді. Оның көңілді болмысына, жарқын дауысына таң қалған қала тұрғындары одан «Сіз қалай шаршамайсыз?» деп жиі сұрайды. Сондағы Майклдың жауабы тым қарапайым. «Мен лайнермен жүргенді жақсы көремін. Лайнерде барлық жағдай жасалған, тәулік бойы тамақ дайын, кез келген сәтте суға да түсуге болады. Онда кітапхана, спортзал қызметі де қамтамасыз етілген. Егер мен пойыз немесе ұшақпен жүрсем көп уақытымды жоғалтамын. Ал лайнерде демалып та, жұмыс істеп те үлгеремін» дейді бас атқарушы директор. Кей деректерге сүйенсек, Майкл бір қаладан екінші қалаға бару үшін лайнерге әр тәулік сайын 1000 доллар төлейтін болған. Бұл бағаны қымбатсынған адамдарға «менің уақытым одан да қымбаттырақ» дейтін көрінеді. Осылай лайнерде жүрген оған бір күні келесідей керемет идея келеді. Адамдардың лайнер бағасы қымбат екенін айтып шағымданатыны есіне түскен ол достарына былай дейді: «Планетаның түпкір-түпкіріндегі барлық адамның арманы ‒ жер көріп, ел аралау. Неге біз осы лайнер арқылы адамдардың криузбен төрт-бес мемлекеттің жеті-сегіз қаласын көруіне мүмкіндік жасамаймыз?»… Осыдан соң ол өзінің серіктестері Френк Кодина, Брюс Мердок, Кеннес Хернандес, Стив Скиджелмен ақылдасып, компанияның жұмыс жоспарын 2015 жылы 15 тамызда жасап шығады. Компания құжаттарын дайындауға біраз уақыт жоғалтқан олар 2016 жылдың 15 қаңтарында компания ресми түрде жұмысын бастады деп жариялайды.

Биыл круиз индустриясына бағытталған әлемдегі алғашқы және жалғыз саяхат клубының құрылғанына ‒ бес жыл. О баста  эксклюзивті мүмкіндіктерді ұсынуға тырысқан Инкрузесті қазір «саяхатты жақсы көретін адамдардың элиталық клубы» деп те айтады. Айта кетейік, жетістікке толы арнаулы күнді компания мүшелері Қызыл теңіздің жағасында, Кипрда атап өткен.

Тағы бір назар аударатын жайт, Майкл Хатчисон − қайырымдылыққа ерекше көңіл бөлетін жандардың бірі. Соның бір дәлелі, компания мүшелері табысының бір пайызын дүниежүзілік теңіздер мен мұхиттарды тазалайтын компанияға аударады. 

«Су бетіндегі қонақүйдің» артықшылығы мен қауіптілігі

Жоғарыда Майкл Хатчисонның лайнер арқылы ел аралайтынын айттық.  Лайнер деп отырғанымыз, теңіз портындағы тасымалды қамтамасыз ететін кеме екені белгілі. Осы тұста тарихта аты қалған алып лайнер «Титаниктің» ойға оралатыны анық. ХХ ғасырдың басында салынған алып кеме сол заманда гимнастика залы, шомылу бассейні, кітапхана, жоғары классты мейрамхана және сәнді каюталарымен ерекшеленген. Осыдан-ақ Франциядағы Шербур және Ирландиядағы Квинстаунға жол салып, батысқа қарай Нью-Йоркке аттанған лайнердің артықшылығын айтпай-ақ түсінуге болады. Бірақ Британ кеме құру компаниясы «White Star Line»-ның «Олимпик» класындағы екінші кемесі орны толмас апатқа ұшырағанын әлем халқы жақсы біледі. 1912 жылы 10 сәуірде Саутгемптоннан шыққан лайнер төрт күннен соң 14 сәуірде Ньюфаундленд маңынан 375 миль жердегі айсбергке соғылады. Деректерге сүйенсек, алып кеменің 5 қалқасына су кіріп, екі жарым сағаттан кейін екіге бөлінген. Осылайша сыйымдылығы 2224 адамды қамтыған кеме өзімен бірге мыңдаған адамның өмірін мұхит түбіне ала кеткен. Дүниежүзін дүрліктірген апат Ұлыбритания мен АҚШ-тағы теңіз қауіпсіздігін жетілдіру керегін алға тартты. Соның нәтижесінде 1914 жылы Теңіздегі Қауіпсіз Өмір туралы халықаралық конвенция қабылданды және ол бүгінге дейін қолданылып келеді.

Титаник су бетіндегі қауіпті көрсеткен бір ғана мысал. Одан бөлек мамандар су транспорты арқылы саяхаттаудың тағы бірнеше кемшін тұстарын келесідей сипаттайды. Біріншіден, круиз жалғыз өзің демалуға мүмкіндік бермейді. Себебі жолаушылар мен экипаж арасында өзіңізге арналған уақыт болмауы мүмкін. Әрі денсаулығы нашар жолаушалар үшін кеменің әрқашан қозғалыста болуы да кейде кері әсер етіп жатады.

Қазір де лайнер қымбат көлік түрі саналады. Бүгінде әлемдегі ең ірі лайнер Royal Caribbean-ге тиесілі «Allure of the Seas» болып есептеледі. Алып кеменің атауы «Теңіз шуағы» деген мағына  білдіреді. Бұл теңіз колосының ұзындығы 362 м, ені ‒ 66 м, ал биіктігі килден құбырдың жоғарғы шетіне дейін ‒ 72 м. Лайнер алғаш рет 2010 жылдың 29 қазанында ашық теңізге шыққан. Арада 11 жыл өтсе де, әлемдегі өзге лайнерлер жолаушылардың саны, өлшемі мен қоныстануы бойынша «Allure of the Seas»-ты басып оза алмаған.

Кеме 16 жолаушылар палубасы және 2700 кабинамен жабдықталған. Онда шамамен 3000 адамнан тұратын команда жұмыс істейді. Үлкен лайнердің салмағы (600 мың тонна), яғни Эйфель мұнарасының салмағынан 12 есе үлкен. Оның жалпы алаңы үш футбол алаңының өлшемінен асып түседі. Лайнердің ең басты артықшылығы, кеме қоршаған ортаны ластамайды.

Ал Инкрузес компаниясы ұсынған лайнер қызметі қарапайым адамдар үшін де қолжетімді болумен ерекешеленеді.

− Орта есеппен лайнерде 4500 адам саяхатқа жиналса, бір мезгілде оған 6500 адам сияды. Кемеде саяхатшылардан бөлек, 1000-1500 адамға дейін тазалықшылар, даяшылар, капитан және емхана дәрігерлері, салон шаштаразшылары, жаттығу залының тренерлері болады. Сондай-ақ күндіз лайнерден түсіп, порттарда серуендейтін кісілерге арнайы гидтер қызмет көрсетеді.

Лайнердің де түр-түрі бар. Мысалы, қазір 14, 18, 20 қабатты лайнерлерді жиі көруге болады. 20 қабатты лайнердің ені 50 метр, ал ұзындығы 500 метрге дейінгі көлемді қамтиды. Кейде лайнерді «судағы қонақүй» немесе «судағы кішігірім қалашық» деп те айтады, өйткені оның ішінде қонақүй қызметінен бөлек, аквапарк, би алаңдары, мейрамхана қызметі, бассейн тағы басқа адамдарға қажетті қызмет түрлері қарастырылған. Бұл компания элиталық клуб болғандықтан, адамдарға артық ешнәрсенің қажеті жоқ. Тіпті  білімді, бай немесе іскер болу да талап етілмейді. Ал лайнердің ішкі бөлігін сипаттасақ, бәрі керемет, сұлулығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ондағы бір баспалдақтың өзі бір миллион доллар тұрады, − дейді «Инкрузес» компаниясының маркетинг директоры, саяхатшы Эльмира Әбдінәбиқызы.

СУ БЕТІНДЕГІ САЯХАТ
Эльмира Әбдінәбиқызы.

Осыған дейін лайнер арқылы Италия, Испания, Франция, Корсика мемлекеттерінде болған саяхатшы «Инкрузестің» жарнамасыз жұмыс істейтінін айтады.  Әдетте белгілі бір компания құрылған сәтте жарнама үшін миллондаған қаржы құяды, бірақ «Инкрузес» бұл қадамнан бас тартқан. Себебі олар адамдардың бір-біріне кеңес бере отырып, компания қызметіне шақыруды тиімді санаған екен.

Гүлмира НҰҒМАНОВА, жеке кәсіпкер, «Инкрузес» компаниясының маркетинг директоры:

СУ БЕТІНДЕГІ САЯХАТ
Гүлмира НҰҒМАНОВА

‒ Инкрузес ‒ онлайн бизнес түрі, яғни кез келген адам үшін қолжетімді кәсіп. Мен саяхаттағанды, соның ішінде су транспорты арқылы демалғанды ұнатамын. Әрі жеке кәсіпкер болған соң, бос уақытым аз, тіпті демалыс болмайды десем артық емес. Сондықтан жылына бір рет шет мемлекетке барып демалғанды дұрыс көремін. 2019 жылы қараша айында алғаш рет «Инкрузес» арқылы Италия, Испания, Франция елдеріне круиз жасадым. Ал биыл Грецияға баруды жоспарлаған едім, алайда карантин салдарына орай бұл шешімнен уақытша бас тарттым. Жалпы коронавирус инфекциясы бізге көп кедергі келтірді, бірақ саяхаттауды қалаған адамдар әлі де өз шоттарына ай сайын қаржысын жинауда. Қазіргі таңда мен лайнер арқылы тегін саяхаттаймын, ал жолдасым круиз үшін 550 доллор төлем жасайды. Осылайша ұлымызбен бірге отбасылық демалысты лайнер арқылы Еуропа елдерін аралаумен өткіземіз. Алдағы уақытта, яғни  маусым айында Еуропаға шығу үшін 27 адам алдын-ала төлем жасап қойдық. Алла қаласа, шекаралар ашылған соң саяхатқа шығамыз. Одан кейінгі круиз қазан айында, Греция, Италия, Хорватия, Түркия және 5-6 қаланы он күнде аралап шығамыз. Саяхатшылар лайнер түрін өзі таңдай алады. Үш, төрт, бес немесе жеті жұлдызды лайнер түрлері бағасына сәйкес қымбаттай береді.

Қазір желілік жүйенің трендте тұрғаны белгілі. Бір өзің кәсіпкер ретінде саяхаттағаннан гөрі асарлатып жұмыс жасаған тиімді. Бірақ біздің елде бұл жүйе кеш дамып келеді. Ал шетелде “Инкрузис” бизнесімен көбіне ер адамдар айналысады және бұл «бизнес королі» саналады, – дейді ол. 

Су транспортының Қазақстанға келуі және  табыс табу жолдары

«Инкрузистің» елге келуі Сұлтан Шаймарданова есімді қазақ қызының әлеуметтік желідегі лайнер суретіне деген қызығушылығынан басталған. Ол Instagram желісі арқылы жарнама жүргізген Мәскеудегі компания өкілдеріне хабарласып, лайнер арқылы жер шарын көргісі келетінін айтады. Осылайша табанды шешім қабылдаған Сұлтан компания қорына ай сайын 100 доллардан сала отырып, компания мүшесі атанады. Арада біршама уақыт өткенде өзі де команда  жинай бастайды. Кейін дүниежүзіндегі 156 мемлекетте ашылған компанияның үшінші борт директоры деңгейіне көтеріледі. Себебі ол осы уақыт аралығында өз командасына 5500 адамды жинаған.

− Элиталық саяхатшылар клубы «Инкрузестің» арқасында адамдар жер шарын көріп қана қоймай, қанша жерге барған сайын сауаты ашылып, ойлау қабілетін дамытады. Біздің компанияда саяхаттап жүріп, қалай табыс табуға болатыны да үйретіледі. Мен Ташкент, Қытай, Түркия, Грузияға демалысқа барып келгенде, қалтамнан көп қаржы шығарып, елге келгенде ақшам азайып қалатын. Ал бұл компаниямен Еуропаға саяхаттауға шыққан сәтте лайнер ішінде керемет демалып жүріп, табыс таптым. Өйткені мені интернеттен көрген адамдар қызығушылық танытып, лайнермен саяхаттауға тәуекел етті. Осылайша саяхаттаумен қатар лайнерде отырып  350 долларға дейін ақша таптым. Тіпті Еуропаға тегін барып келумен қатар, ай сайын жалақы алып отырамын, − дейді жиһангез Э.Әбдінәбиқызы.

Саяхатшының сөзіне сүйенсек, осы компания арқылы бес табыс көзін табуға болады. Олар: дәл қазіргі сәтте, апта сайын, ай сайын, апта сайын екі табыс және ай сайынғы үлкен жаһандық бонустар болып бөлінеді екен. Сондай-ақ элиталық клуб үшін круиздық доллар түсінігі маңызды саналады. Бұл дегеніміз, саяхатшы салған 100 доллар мен компания тарапынан берілген 100 доллардың қосындысы. Осы круиздық долларға саяхатшылар круиз билетін сатып ала алады, яғни ақшаны ай сайын жинақтап, оны екі еселеп, 60 пайыздық жеңілдікпен ел көріп қайту мүмкіндігі қарастырылған.

Бір өкініштісі, пандемия кезінде саяхатшылардың круизге шығуға мүмкіндігі болмаған, себебі белгілі. Коронавирус инфекциясы әсерінен барлық мемлекеттің шекарасы жабылды. Бірақ  компания жұмысын бір сәтке болсын тоқтатпаған, саяхатшылар да мүмкіндігінше ай сайын төлем жасаған. Соның нәтижесінде эпедемиологиялық жағдай жеңілдеген тұста олар қайта саяхаттауға аттанбақшы. Осы жерде «су арқылы саяхаттаудың кемшілігі қандай?» деген заңды сауал туындайды.

− Компанияның немесе лайнердің айтарлықтай кемшілігі жоқ. Саяхатшылар үшін барлық жағдай жасалған. Бірақ кейде компания мүшелеріне сәл көңіліміз толмай қалады. Себебі олар шыдамсыздық танытып, ай сайын 42500 теңге төлем жасамайды да, бізге ренішін білдіреді. Шетелде адамдар алдын-ала жоспар құрып, қаржысын саяхаттауға жинақтап отырады. Ал біздің елде мұндай жүйе қалыптаспаған. Біздің басты кемшілік те осы, − дейді Э.Әлиева.

Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!