ҰҚК қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Комитеттің баспасөз қызметінің мәліметінше, ешқандай шектеу шаралары енгізілмеген.

ҰҚК Шекара қызметі шекаралық аумақта, оның ішінде шекаралық өткізу пункттерінде заңсыз әрекеттерге қарсы тұру бойынша кешенді шараларды жүзеге асырып жатыр.

«Ешқандай шектеу шаралары енгізілген жоқ, бақылау-өткізу бекеттері әдеттегідей жұмыс істейді, тексеру уақытының нормативтік нормалары қатаң сақталады. Көліктердің өту көрсеткіштері ағымдағы маусымға тән тәуліктік мөлшер шегінде”, – делінген хабарламада.

Ғаламторда қазақстандық шекарашылар жүк көліктерін өткізбей, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында жасанды кептеліс жасап жатқаны туралы ақпарат тарады. Желі қолданушылары бұл жағдайды Қырғызстанда орналасқан Киров су қоймасынан Қазақстанға су берудің тоқтатылуымен байланыстырды.

Бұған дейін ҚР қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев та қазақ-қырғыз шекарасында 370-тен астам жүк көлігінің кешігуіне қатысты пікір білдірген болатын. Министр кептелістің себебін «су мәселесі» емес, ҰҚК жүргізген есірткіге қарсы операция деп түсіндірді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!