Фото: ortcom.kz

KAZINFORM – Су тасыған өңірлердегі сауда нысандарында көшпелі ревизия жүргізіліп, азық-түлік пен қажетті тауарлар қорлары тексерілді. Бұл туралы Сауда және интерграция министрлігінің ресми өкілі Әлия Абдрахманова мәлім етті.

«Ұлттық статистика бюросының ақпаратынына сәйкес, барлық өңірде әлеуметтік азық-түлік бағасының өсуі байқалмайды. Министрлік су тасқынынан зардап шеккен 10 облыста азық-түлік тауарлары, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық түлікпен қамту жағдайын тұрақты бақылауда ұстап отыр. Сауда нысандарында көшпелі ревизия жүргізілді, азық-түлік және ең қажетті тауарлар қорлары тексерілді», – деді Әлия Абдрахманова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында. 

Министрліктің ресми өкілі келтірген алдын ала деректер бойынша су басқан өңірлерде 80 сауда нысаны зардап шекті. (Павлодар облысында – 1, Қостанай облысында – 22, Ақтөбе облысында – 9, Атырау облысында – 35, Батыс Қазақстан облысында – 13 нысан). Қазір залал сомасы нақтылануда. Қалған өңірлерде жағдай тұрақты.

«Министрлік тұрақты негізде сауда желілерімен, үй жанындағы дүкендермен және көтерме сауда нүктелерімен өзара іс-қимыл жасайды. Күн сайын азық-түлік бағасына мониторинг жүргізіледі. Сонымен қатар ірі сауда желілерімен баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тауар, азық-түлік бағасының өсу фактілері анықталған жағдайда 8(7172)74-37-35 нөміріне хабарласуыңызды сұраймыз», – дейді ол.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!