Фото: әлеуметтік желіден

Вандализм – қоғам дерті. Ескерткіштерді қиратып, қала көркіне нұқсан келтіру фактілері жиі кездеседі. Көшеде жүру мәдениетін білмейтін кейбір азаматтар үшін заңды қатаңдату керек секілді. Салғырттық танытып, жүгенсіздікке барып жатқан «жүгермектердің» тәртіп бұзушылығын әлеуметтік желі арқылы да көріп жүрміз. Көп асқанға бір тосқан қашан болмақ?

Қызылорда қаласы жылдан жылға дамып, тіпті күннен күнге көркейіп келеді. Қаланың шұрық-тесік жолдары жаңарып, ғимараттар жөндеуден өтті. Көңіл қуантатын жаңа жобалар ел тұрғындарының еңсесін көтеріп, қала күннен күнге құлпыра түсті. Күні кеше қала қолданысына берілген орталық алаң көпшіліктің көңілінен шығып, келуші тұрғындардың көбейгенін байқадық. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен жүзеге асқан құрылыс жұмыстары қаланы көркейтуге бағытталған. Жоба аясында алаңда балаларға арналған ойын алаңы, субұрқақ, жарық диодты шамдар, газон, жаңа төсеніштер орналастырылып, көпжылдық көшеттер отырғызылды. Сондай-ақ тегін Wi-Fi желісі орнатылып, халық игіліне ұсынылды.

Десек те бұл «бақытты» да көп көріп, әдепсіздік танытып жүргендер жетерлік. Мәселен, алаңдағы субұрқақты бассейн қылып, жағажайда жүргендей шомылып жатқан бала көп. Бір өкініштісі оларға ата-аналары тоқтау салмайды. «Бала ғой, балалығын жасасын» дейтіндердің бұл ісі бір бәлеге алып келетінінен ешкімнің сескенгісі жоқ. Алайда басты назарда ұстауға тиіс бір дүние, ол – балалардың қауіпсіздігі. Субұрқақтың іші темір құбырлар мен электр сымдарынан тұрады. Кез келген сәтте қайғылы оқиға орын алуы мүмкін. Күні кеше ҰБТ тапсырып шыққан баланың қуанышы мен ғұмыры субырқаққа секірумен тәмамдалғанын неге ұмытамыз? «Өмірім алда» деп уайымсыз суға секірген баланың ажал құшқанын кімнен көреміз? Сондықтан балаларымызды май- ып болып қалмай тұрғанда апаттан сақтайық.

Қош… Келесі айтатын мәселе, ол сол алаңдағы өзге субұрқақта сақалын қырған ер кісі туралы болмақ. Естігеннің құлағына түрпідей тиетін бұл әрекетті түсіндіру қиын. Әлеуметтік желіде тараған видеода ер адам еш уайымсыз ұстарасын субұрқаққа малып, қоғамдық орынға жат мәдениет танытты. Ең сорақысы істеген ісіне еш қымсынып та, ұялып та тұрған жоқ.

Әрине, мұндай жағдайлар күнделікті орын алады. Айтып өткеніміздей, орталық алаңда балаларға арналған ойын аймағы бар. Дегенмен де ересек балалар кішкентай балаларға арналған әткеншекте тербеліп, сондай-ақ алаңның жан-жағы қоқыс қалдықтарына толып қалған. Одан бөлек, бұзақылар әлі тамыры тереңге кете қоймаған талдарды да сындырып бастаған екен. Өткен жылдың өзінде 70-ке жуық көше шамын тәртіп бұзушылар сындырып кеткен екен. Қазір кім кінәлі десе, әкімдікті кінәлі етіп шығамыз. Десек те тәртіпсіздіктің екінші тараптан екенімен шаруамыз болмайды. Үкімет ескісін жаңартып, жоқтың орнын толтырумен болса, бұзақылар жаңасының жағасынан алып, тесікті жамаудың орнына жыртып әлек. Бұл бір айдың ішінде орын алған жағдайлар легі. Ал алдағы уақытта не болары бір құдайға аян.

«Атың шықпаса, жер өрте» деп бабалар бекер айтпаған ғой. Мұндай бассыздыққа барып жатқан тек қызылордалықтар емес. Жуырда Испания аралап жүрген Әли есімді қандас бауырымызды да осындай бұзықтығы үшін қауіпсіздік қызметкерлері ұстағанын естідік. Ол Помпей археологиялық саябағындағы Цей үйінде ашық түсті сылаққа «ALI» деп атын ойып жазып, тарихи ескерткішке зақым келтірген.

Мамандар мұндай әрекетіне психологиялық факторлар бірден бір әсер етеді және оның төрт сатысы бар деп топшылайды. Атап айтқанда, ессіздік, ойын сауық құрып, өзгелермен бәсекелесу, біреуден кек алу үшін және өзіне назар аудартуды көздейтіндер. Байқасақ, вандализмге жасөспірімдер бейім болады. Яғни, осы сәттен бастап оларды тоқтата білу маңызды, әйтпесе бойға сіңіп кеткен әрекетке тосқауыл болу қиындай бермек.

Үкіметте де вандализмге қатысты заң қатаңдатылған болатын. Кез келген ортада «мүлдем төзбеушілік» қағидасын қалыптастыру мақсатында қоғамдық орындарда балағат сөздер қолданып, айналаға және құрылыс орындарына нұқсан келтірген жандар мен азаматтардың тыныштығын бұзатын әрекеттер үшін ұсынылатын жаза – 15 күн есебіндегі әкімшілік жауапкершілік. Десек те тәртіп бұзушылар мұнымен ғана құтылып кете алмайды. Аталған бассыздықтардан бөлек барынша арсыздыққа жол беретін азаматтардың үстінен «Бұзақылық» қылмыстық кодексімен іс қозғалып, екі мың АЕК көлемінде айыппұл төлеп немесе 2 жылға бас бостандығынан айырылу жазасына кесілуі мүмкін. ӘҚБтК-нің 448-бабына сәйкес он алты жасқа толмаған немесе кәмелетке толмағандар жасөспірімдердің жасаған бұзақылық әрекеттер үшін ата-аналарға немесе қамқоршыға он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

Елімізде вандализммен күрес қарқынды. Депутаттар да бұл сауал аясында жазаны қатаңдатып, заңнаманы жасау барысында халықаралық тәжірибені ескеру керектігін алға тартуда. Өткен жылдың 3 қаңтарында ел Президенті экологиялық бұзушылықтар мен вандализм үшін жауапкершілікті күшейту туралы бірқатар нормативтік құқықтық актілерге қол қойды. Мемлекеттің қорғауындағы ескерткіштер мен ұлттық құндылықтарға қастандық жасау – үлкен қылмыс. Әрбір тарихи-мәдени мұнарада халқымыздың өткен өмірі мен құндылықтары сақталған. Оны сақтау және өскелең ұрпаққа еш кемшіліксіз жеткізу біздің ортақ міндетіміз. Сол себепті әрбір қазақстандықтың жүрегінде еліне және ол қорғайтын кез келген дүниеге деген махаббатты дәріптеуіміз керек. Патриот ұрпақ тәрбиелеп, Отанына сүйіспеншілікпен қарауға дағдыландыру – жас азаматты тәрбиелеу кезеңіндегі маңызды іс.

Жоғарыда атап өткен бассыздықтарға тосқауыл қойылады деп күтеміз. Қоғамдық орында мәдениет сақтап, бассыздықтың алдын алайық.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!