Жаз басталса, жыр бо­ла­тын мәсе­ле көп. Адам мен оның денсаулығы, өмірі ал­ғашқы орында тұратын қоғамда суға түсу маусымымен қауіп-қатер де қатар жүреді. Осы жылы да әдеттегідей 1 маусым – балаларды қорғау күні мерекесінде суға түсу маусымы ресми түрде ашылып, аталған салаға қатысты қарқынды жұмыс басталды. Өңірде тыйым салынған жерлерге суға түсу, қауіпсіздік ережелерін сақтамау нәтижесінде жыл сайын суға батып, ажал құшқандар қатары көбеюде. Бұған басты себеп неде? Суға батып бара жатқан адамды көргенде алғашқы әрекет қандай болуы керек? Балалардың қауіпсіздігі үшін қандай шаралар қолға алынған? Осы сұрақтар төңірегінде пікір алмасып көрелік.

Статистика сөйлейді

Суға шомылу маусымы ашылған күннен бастап қызметкерлер Сырдария өзені жағалауында және қала аумағында орналасқан су айдындарында сағат 13.00-ден кешкі 21.00-ге дейін рейд жұмыстарын жүргізуде. Жүзу білмейтін, ата-ананың қарауынсыз суға түсетін балалардың қауіпсіздігі үшін тұрақты жүргізілетін мұндай шаралардың маңызы зор. Соған қарамастан өңірде суға батып кеткендердің саны азаяр емес. Мәселен, өткен жылғы статистикаға сүйенсек, облыс бойынша суға шомылу маусымы басталғанға дейін 49 адам суға батып кетсе, оның 24-і бала екен. Ал суға шомылу маусымы кезінде Қызылорда қаласындағы су айдындарында 13 адамның қаза болу фактісі тіркелсе, оның ішінде 8-і кәмелет жасқа толмаған жеткіншектер мен кішкентай балалар. Ал осы жылы суға шомылу маусымының ашылғанына енді ғана бір апта болса да, шомыламын деп, шыға алмай қалғандар жеткілікті. Осы саланың маманы Мақсат Төремұраттың айтуынша, 2022 жылғы мамыр айында 3 адамның, соның ішінде 2 баланың қаза болу фактісі тіркелген. Ал орын алған қайғылы жағдайлардың 70 проценті мектеп жасындағы балалардың ата-анасының, ересектердің қадағалауынсыз суға түсуге рұқсат етілмеген, тіпті, қауіпті аймақ саналатын жерлерде «Суға түсуге тыйым салынады» деген ескертпе тақтайшаларға құлақ аспай, өз беттерінше шомылуынан туындайды. Қала көлемінде суда орын алған қайғылы жағдайларға жасалған талдау көрсеткендей, негізгі себеп судағы қауіпсіздік ережелерінің өрескел бұзылуы және су айдындарының жабдықталмаған жерлерінде суға түсу екені байқалады.

Тілсіз жауға қатысты оқыс оқиғаның соңы ажалмен бітетіні белгілі. Мұндай жайттар легі толастаған емес. Мәселен, бірнеше апта бұрын 19 мамыр күні облыстық төтенше жағдайлар департаментіне Белкөл кентіндегі каналға 15-16 жасар ер баланың суға кеткені жөнінде хабар келіп түскен.

«Оқиға орнына барғанда кенттегі №189 мектептің тоғызыншы сынып оқушысы суға батып кеткені мәлім болды. Құтқарушылар ақпаратты естіген бойда баланың мүрдесін іздеу жұмыстарын бастап кеткен. Оған жедел құтқару жасағының басшысы Бақыт Ембергенов жетекшілік етеді. Бұл жұмысқа 7 құтқарушы тартылған. Оған қажетті техника, қайық жеткілікті. Сүңгуірлер жасөспірімнің денесін оның суға батқан жерінен 500 метрдей қашықтан тапты», – дейді Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.

Себеп бар, шешім ше?

Абайсызда суға батып кеткендерді құтқару үшін қажетті құралдардың түгел болуы маңызды. Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері Мақсат Төремұрат: «Қазіргі таңда қалада 49 сүңгуір маман, 18 бірлік техника, 16 дана ілмелі мотор, 29 жүзу құралдары: 5 катер, 6 темір қайық, 2 пластикалық қайық, 8 үрлемелі қайық бар.

Сонымен қатар белгіленбеген аймақтарда суға шомылу фактілері анықталған жағдайда жергілікті полиция қызметімен аталған азаматқа немесе ол кәмелеттік жасқа толмаса, оның ата-анасына Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 364 бабы бойынша жалпы суды пайдалану ережесін бұзу және 412 бабы бойынша су айдындарында қауіпсіздік ережелерін бұзу немесе орындамауға қатысты хаттама толтырылып, тиісті шара көріледі. Суға түсудің заңдылықтары мектеп жасындағы балаларға түсіндіріліп, насихатталады. Алайда ата-ана мен басқа білім ошақтарында күнделікті суға түсу мәдениеті, ережесімен таныстырылса, артық емес», – дейді.

Бұдан бөлек мас күйінде суға түсетін адамдар да құтқарушыларды әбігерге түсіріп қоятыны бар. Судың маңында спирттік ішімдіктер ішу сол адамның өзіне ғана емес, сонымен бірге қоршаған ортаға да зиян келтіреді. Суға лақтырылған, сынған бөтелкелер судағы басқа да адамдардың жарақаттануына, оқыс жағдайға ұшырауына әкеледі.

Суға түсуді үйреніп жүрген мектепке дейінгі балалар үшін арнайы орын бөлініп (тереңдігі 0,7 метрден аспау керек), қауіпті жерлер арнайы тростармен белгіленуі керек. Су жағажайларының тереңдігі 1,5 метрге дейін болғанда 12 жас және одан үлкен жақсы жүзе алатын балаларды жіберуге болады. Балалардың қасында міндетті түрде суда жақсы жүзе алатын үлкендер болу керек. Барлық бала мына ережелерді есте сақтауы тиіс: суға тек арнайы жерлерде түсу; кемелерге, басқа да жүзу құралдарына жақын бармау; таныс емес жерлерге, жағалауларға сүңгімеу; су температурасы 18 градустан төмен болғанда суға түспеу; балалар өзен-көлге тек қасында үлкен адамдар болғанда ғана шомылуы керек.

Иә, суға түсу, демалу бөлек те, суға түсу мәдениетін білу, ережелерді сақтау тіптен басқа дүние. «Сақтансаң, сақтаймын» деген ұстаным күнделікті тіршіліктен тыс жатқан жоқ. Ережеген бағыну да еріккеннің ісі емес. Жылдан жылға қауіпсіздік техникаларының түгелденіп, заманауиланып келе жатқаны қуантады. Алайда өзіміз өзімізге, айналамыздағы адамдарға, қоғамға жауапкершілік алып, бір адамның амандығына септігімізді тигізе алмасақ, не өзгермек? Ол үшін ережелерді ұғындыру, жүзуді үйрену мен үйрету, тіпті, ақпараттық, физикалық қолдау көрсету де артық етпейді…

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!