Орал қаласында 22 жастағы жігіт есімін қазақша әріптермен жаздырып, туған әкесін мүлде танымағандықтан, оны бала кезінде асырап-баққан өгей әкесінің тегін алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына барған. Бірақ, «Азаматтарға арналған үкімет» оның есімін де өзгертпеген, өгей әкесінің тегін де бермеген, деп жазады Azattyq Rýhy.

Жігіт «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясын сотқа беріп, жеңіп шықты. Жігіттің «Сұлтан» деген аты жеке куәлігінде «Султан» деп қате жазылған.

«Жас жігіт өзінің туған әкесін ешқашан білмеген. Анасы оған «әкең ата-ана құқығынан айырылған» деп айтқан екен. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы асырап алған әкесінің тегін алу туралы арызды қанағаттандырудан бас тартқан. Есімнің әрпін, яғни. «Султанды» «Сұлтан» деп өзгертуден де бас тартқан. Мемлекеттік мекеменің шешімімен келіспеген жас жігіт сотқа жүгінген», – деп хабарлайды Жоғарғы сот.

Бірінші сатыдағы сот мемлекеттік органның әрекетін заңды деп таныған. Бірақ, апелляциялық сот бұл шешімнің күшін жойып, мемлекеттік органның әрекетін заңсыз деп танып, жігіттің арызын қанағаттандырған.

«Апелляция «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің 257-бабының нормасына сәйкес, өтініш беруші өзін іс жүзінде тәрбиелеген адамның тегін және/немесе әкесінің атын алуға құқылы деп атап көрсеткен. Заң баланы тәрбиелеу фактісін растау үшін қажетті ең аз уақыт кезеңін белгілемейді. Ал, жігіттің атындағы әріпті өзгертуге келер болсақ, сот әріпті ауыстырудан бас тартуға заңды негіздердің жоқтығын алға тартып, жігіттің әрекетін дұрыс деп бағалаған», – деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.

Айта кетейік, қазір Астанада бір адам тегіндегі бір «с» әрібі үшін қаланың әуежайымен соттасып жатыр. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!