Фото: Kazinform
KAZINFORM — Өткен жылы мегаполистің 8 тұрғыны жемқорлық фактілерін әшкерелеуге көмектескені үшін ақшалай сыйақы алған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Арман Рахимов айтты.
«Сондай-ақ, жыл басынан бері сыбайлас жемқорлық фактілерін хабарлаған бес тұлға марапатталды. Оның ішінде үшеуі жалпы сомасы 741 мың теңге ақшалай сыйақы алса, қалған екі мемлекеттік қызметкер алғыс хаттармен марапатталды. Алматы қалалық департаментіне сот әкімшілігінің маманы оған қамаудан босату туралы қаулыны шығаруды жеделдету үшін пара беру фактісі туралы арызбен жүгінген. Бұл факт бойынша аталған құқық бұзушылықты жасаған тұлғаға қатысты айыптау үкімі шығарылды. Өз кезегінде, маман сыбайлас жемқорлықпен күресте көмек көрсеткені үшін алғыс хатпен марапатталды», — деді Арман Рахимов.
Сонымен қатар, шекара әскерлерінің қызметкері қайта тексеруден соң расталған заңсыз құқық бұзушылық фактісін хабарлап, көші-қон саласындағы заңнаманың бұзылуының алдын алды.
«Алматы қаласының тұрғындарын да сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске белсене атсалысуға шақырамыз. Нақты заң бұзушылық фактілері туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 1424 телефоны арқылы хабарлауға немесе Агенттіктің аумақтық департаменттеріне жүгінуге болады», — деді Арман Рахимов.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!