Сыбайлас жемқорлық – бұл үнемі мұқият зерделеуді, жүйелі тәсілді, жан-жақты және жедел қарсы тұруды қажет ететін қазіргі қоғамның жағымсыз құбылысы. Елдегі сыбайлас жемқорлықтың деңгейі мен ауқымы экономикалық дамуды тежейді, инвестициялық ахуалға кері әсер етеді, елдің беделін төмендетеді және халықаралық қызығушылықты төмендетеді. Осыған байланысты сыбайлас жемқорлықпен күресу – Қазақстанның мемлекеттік саясатының бірі.
Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес – ең өзекті мәселенің бірі. Сыбайлас жемқорлық – заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіруде.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Әсіресе халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сыбайлас жемқорлықпен күресті жеке қарау мүмкін емес. Сондықтан кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет.
Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек. Кей мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың дендеуіне алып келеді. Сондай-ақ кейбір мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын атқаруда ынта танытпай, жұмыс жүргізбеуі де жемқорлықтың тамырын тереңдете түседі.
Әрине сыбайлас жемқорлық дәрі беріп емдейтін сырқат емес. Айналасындағы саламатты, таза және сау ортаны шарпып, тыныс-тіршілігін тарылтатын, заңсыз әрекеттермен қоғамдық ортаның және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, жеке кәсіпкерлердің, азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмаудың тетігі – халықтың өзінде. Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу керек. Ол үшін аталған дертке қарсы жұмылуымыз қажет. Сонда ғана ел мүддесі үшін зор үлес қосамыз және халық сенімінен шығамыз.
А.Бекенов,
Қызылорда облысы бойынша
Мемлекеттік кірістер департаментінің
бас маманы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!