фото: komkur.info
Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес – ең өзекті мәселелердің бірі. Бұл кесел біздің мемлекеттің де дамуына айтарлықтай кедергі келтіретіні анық. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу – еліміздің әрбір азаматының борышы, мемлекеттік қызметкерлердің міндеті.
Қазір сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күшейді. Соның нақты бір көрінісі – мемлекеттік қызметкердің жұмыс барысындағы қызметі үшін өзіне берілген сыйлықтарды жасырмай, арнайы мекемелерге тапсыруы.
Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл туралы» заңына сәйкес, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын қызметкер, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар, оларға теңестірілген тұлғалар, сондай-ақ көрсетілген функцияларды орындауға уәкілеттік берілген кандидаттар өздерінің қызметтік өкілеттіліктерін орындауына байланысты сыйлықтар қабылдау бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдайды.
ондай-ақ Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» заңына сәйкес мемлекеттік немесе соған теңестірілген функцияларын атқаруына байланысты қызмет бабында өздеріне тәуелді мемлекеттік қызметшілерден және өзге адамдардан жалпы қамқорлығы үшін сыйлықтарды, өзге де қызметтерді қабылдау мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық болып танылатындығы белгіленген.
Сондықтан мемлекеттік қызмет атқаратын адамдар сыйлықтарды біліп не білмей қабылдаған жағдайда өз еркі бойынша ҚР Қаржы министрлігі жанындағы арнаулы мемлекеттік қорға өткізулері қажет.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 26.07.2002 жылғы №833 қаулысымен қабылданған «Жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған (түскен) мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрі пайдалану Қағидасына» сәйкес, табысталған сыйлықтарды арнаулы мемлекеттік қорға тапсыру, оларды сатып алу, сондай-ақ сату қызметтері мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органы (Қызылорда мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті) арқылы атқарылып келеді.
Аталған қағидамен белгіленген талаптарға сәйкес, қызметкер сыйлық алғанын білгеннен кейін 7 күнтізбелік күн ішінде берілген сыйлықты уәкілетті органға өткізуі қажет.
Сыйлықты өткізу тұлғаның өзінің сатып алуы не болмаса сатып алудан бас тарту туралы жазбаша хабарламасын тіркей отырып, табысталған сыйлықты мүлікті қабылдау – тапсыру актісімен өткізеді.
Лауазымды тұлға өзіне ұсынылған сыйлықты сатып алуға құқылы. Ал уәкілетті орган сыйлықты өткізген тұлғадан тиісті хабарлама алғаннан кейінгі 7 күнтізбелік күн ішінде сыйлықтың бағалауын жасайды және көрсетілген тұлғамен сатып алу-сату туралы шарт жасасады.
Уәкілетті орган арнайы мемлекеттік қордағы сыйлықты үшінші тұлғаларға сатуға сыйлықты өткізген тұлғаның сатып алудан жазбаша бас тартуынан кейін ғана сатуға құқылы. Яғни сыйлықты өткізуші тұлға сатып алудан жазбаша бас тартқаннан кейін өткізілген сыйлықтар бекітілген Қағидаға сәйкес, тәуелсіз бағалаушылармен бағаланып, мемлекеттік тізілімнің веб-порталы (www.gosreestr.kz) арқылы жалпыға бірдей электрондық аукцион арқылы сауда-саттыққа шығарылады. Сатылудан түскен қаражат мемлекеттік бюджетке жатқызылады.
Өз кезегінде, тұлғаның уәкілетті органға сыйлық түріндегі мүліктерді толық және (немесе) уақтылы бермеуі әкімшілік-құқықтық жауапкершілікте болатындығын білуді қажет етеді.
Жалпы сыбайлас жемқорлықпен күресу – жеке адамдардың немесе жекелеген топтың ғана емес, мемлекеттік органдардың, мемлекеттік қызметкерлердің, тұтастай қоғамның басты міндеті. Сондықтан әрбір тұлға әділдік, адалдық шегінен аттамауы қажет. Сонда ғана олар қарапайым халықтың сенімін ақтап, қоғамның дамуына үлес қосқан болар еді.
Бақтыбай БОРАНБАЕВ,
Қызылорда мемлекеттік мүлік
және жекешелендіру
департаментінің
бөлім басшысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!