Әлемдегі әрбір ел өзінің даму жолында көптеген қиыншылықпен бетпе-бет кездеседі. Біздің еліміздің де дамуына кері әсер ететін қауіптердің бірі – сыбайласқан жемқорлық. «2003 жылғы 31-қазандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4-мамырдағы №31 Заңы елімізде халықаралық деңгейде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрудағы ең бастапқы құқықтық акт ретінде танылады.

Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» №410-V Заңы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін және елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруға бағытталған басты нормативтік құжат ретінде 2015 жылғы 18 қарашада қабылданды. Аталған Заңның 22-бап 1-тармағына сәйкес «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды өз құзіреті шегіндебарлық мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен лауазымды адамдар жүргізуге міндетті» делінген.

Сыбайлас жемқорлық көріністері көбіне мемлекеттік қызмет саласында, мемлекеттік қаржы- қаражатына қол сұғушылық, лауазымдық жағдайын асыра пайдаланушылық, белгілі бір қызмет түрлерін жасағаны үшін заңсыз сыйлық алушылық, қызметке қабылдау үшін сый-сыяпат түрінде пара алушылық, белгілі бір қызметтер мен жеңілдіктерге қол жеткізу үшін пара беру сияқты келеңсіз жағдайлармен көрініс беруде. Құзырлы органдар мен өз құзыреті аясында мемлекеттік мекемелер, лауазымды тұлғалар тарапынан жүргізіліп жатқан тиісті шаралардың арқасында мұндай сыбайлас жемқорлық жағдайларының жолы кесіліп, қылмысқа барғандар құрықталып та жатқан ақпараттар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрақты түрде жарияланып келеді. Бір қарағанда мұндай жағдайлардың көптеп жариялануы елімізде жемқорлық жағдайларының көптеп белең алғандай көрініс бергенімен, негізінде елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрестің қарқынды жүргізіліп жатқанын, сол арқылы қоғамымыз мұндай жағдайлардан тазарып, дамуымыз қарқынды екенін де аңғаруға болады.

Сыбайлас жемқорлықпен күрестегі басты жетістік жемқорлардың құрықталуы ғана емес, сол сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын-ала жою арқылы ықтимал жағдайлардың алдын алу болып табылады. Бұл тұрғыда елімізде көрсетілетін мемлекеттік қызметті халыққа қолжетімді ету мақсатында электрондық қызмет түрлерін дамытып, әрбір жеке тұлға бұл қызметтерге кез келген уақытта, еш кедергісіз қол жеткізе алуына жағдай жасалуда.

Электрондық қызмет түрлері мемлекеттік қызмет түрлерінен бөлек қаржы және салық, банктік қызмет көрсету салаларында да кеңінен енгізіліп, мобильді қосымшалар арқылы халыққа қолжетімді бола түсуде. Электрондық қызмет түрлерінің көбеюі жалпы халық үшін қаржылық сауаттылықты, ақпараттық сауаттылықты кеңінен дамыту, насихаттау жұмыстары жандандырылуын қажет етеді. Сонымен қатар құқықтық сауаттылықты да дамыта түссек, қоғамдағы сыбайлас жемқорлық жағдайларының саны азайып, түбегейлі жоюға қол жеткізе түсеміз.

Электронды қызмет түрлерінің ашықтығы, қолжетімділігі жариялылық қағидаларын қамтамасыз етіп қана қоймай, жалпы қоғам болып жедел шешімдер қабылдануына жол ашыла түсері анық. Сол арқылы лауазымды тұлғалар мен мемлекеттік қызметкерлердің табысы мен жылжымайтын мүліктеріне мемлекет тарапынан бақылауды күшейтіп, сырттан келетін инвестициялардың тек қана еліміздің дамуына қызмет етуі қамтамасыз етілетін болады.

Сыбайлас жемқорлықпен күрестің қарқынды жүргізілуі, оның ықтимал жағдайларының алдын алу – елімізді инвестициялық тұрғыда тартымды ете түседі. Қоғамның жақсы жағынан дами түсуі елдегі әрбір азаматтың болашағына деген сенімін арттырып қана қоймай, өзге елдердің де алдында беделінің жоғарылуына септігін тигізеді. Ол үшін әрбір қоғам мүшесі өзін елдің адал азаматы ретінде сыбайлас жемқорлықпен күресте, жалпы қылмыс атаулыға қарсы тұруда белсенділік танытып, тұтас ел болып бірлігіміз бен ынтымағымызды сақтауға атсалысуы қажет.

Қанат Мырза,
Қызылорда облысы бойынша
қазынашылық департаменті
басшысының орынбасары,
Әдеп жөніндегі уәкілі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!