Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлықпен күрес жүйелі түрде жүргізілуде. Мемлекет басшысы да өз Жолдауларында бұл мәселеге ерекше назар аударып келеді. «Жемқорлыққа қарсы күресті күшейту – мемлекеттік саясаттың басым бағыты болуы тиіс» деген тұжырым бүгінгі таңда ел дамуының басты ұстанымына айналды. Қоғамдағы ашықтықты арттырып, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, түрлі бақылау және мониторинг тетіктерін енгізу – осы бағыттағы оң қадамдар.

Алайда, жемқорлықпен күрес тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың борышы. Әр адам өзінің іс-әрекетіне жауапты екенін сезінуі, заңға бағынып, әділдік пен адалдықты өмірлік ұстанымына айналдыруы қажет. «Тура биде туған жоқ» деген аталы сөз бекер айтылмаған. Әділдік салтанат құрған жерде ғана қоғам өркендеп, мемлекет нығаяды.

Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі елдің тұтқасы. Сондықтан жастарды адалдыққа, әділетке, жауапкершілікке тәрбиелеу – ең маңызды міндет. Мектептерде, ЖОО-да парасаттылық идеологиясы қалыптасуы тиіс. Себебі, адал ұрпақ – жемқорлықтан азат елдің кепілі.

Қорытындылай келе, сыбайлас жемқорлықпен күрес – жалғыз бағыт емес, көпшілік жұмыла атсалысатын үлкен жауапкершілік. Ел болашағына бей-жай қарамайтын әрбір азамат адал болуға, заңға бағынуға, қоғамның дамуына үлес қосуға тиіс. Тек сонда ғана әділет үстемдік құратын, болашағы жарқын Қазақстанды бірге құра аламыз.

Шынтемір Сайлауов

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!