Сыбайлас жемқорлық мемлекеттің дамуына, қоғамның тұрақтылығына кері әсер ететін ең үлкен қауіптердің бірі. Бүгінде Қазақстанда бұл құбылыспен жүйелі күрес жүргізілуде. Мемлекеттік қызметкерлердің ашықтығы мен есептілігі, халықтың құқықтық сауаты жемқорлықты болдырмаудың басты жолы.

Қызылорда облысында бұл бағытта нақты жұмыстар атқарылуда. Әлеуметтік желілерде ашықтықты қамтамасыз ету, мемлекеттік қызмет көрсету процесін цифрландыру, құқық бұзушылықтарды жедел анықтау және қоғаммен кері байланыс орнату арқылы парақорлықтың жолын кесу қолға алынған.

Өз кезегінде бүгінгі күнге дейін азаматтық және мемлекеттік сектордың өзара ықпалдасуына әсерін тигізген «Адалдық алаңы», Қазақстанда патриоттық және бәсекеге қабілетті жастардың өмірлік ұстанымын қалыптастыру бағытында «Саналы ұрпақ» жобалары іске асырылғандығы бәріне мәлім.

Сонымен қатар, халықтың қаржылық мәдениетін арттыру және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету мақсат ететін «Ашық бюджет» жобасы өңірімізде қарқынды іске асырылуда.  

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті тарапынан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тақырыбында, мемлекеттік қызметшілердің кірістері мен мүліктері туралы декларациялау жүйесіне енгізілген өзгерістер бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. 

Әрбір азамат жемқорлықпен күресте бейжай қарамай, заңсыздық көрсе тиісті органдарға хабар беруі қажет. 

Таза қоғам өзімізден басталады!

Аумақтық департаментте сенім телефоны дүйсенбі-жұма күндері аралығында сағат 9:00-18:30 дейін (түскі үзіліс сағат 13:00-14:30) қызмет жасайды: 8(7242) 700040.

Ж.Мұхамбетжанова,
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!