Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлық заманауи қоғамның өзекті мәселесі. Ол үнемі терең зерттеуді, белсенділікті және оған қарсы тұруды қажет етеді.
Қоғамда болып жатқан өзгерістер жағдайында елде қабылданған бағдарламалық құжаттарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне айрықша назар аударылады. 2014 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының 2015–2025 жылдарға арналған жемқорлыққа қарсы стратегиясының басты ерекшеліктеріне қазіргі кезеңдегі жұмыстың басым бағыттарының бірі – қоғамда парақорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жатады. Оны іске асыруда барынша табысқа жеткен елдердің тәжірибесін талдау қоғамда жемқорлықты рухани этикалық деңгейде қабылдамау ахуалын қалыптастыру тиімді тәсіл екенін көрсетті.
Бұл індет мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі. Ең бастысы – адамдардың қоғамның демократиялық негізіне деген сеніміне, заң мен әділдікке деген сеніміне, түптеп келгенде, билікке деген сеніміне кері әсер ететіні хақ.
Мемлекеттік қызметшілердің осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек. Кей мемлекеттік қызметшілердің кәсіби әдебінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың дендеуіне септігін тигізуде. Сондай-ақ, кейбір мемлекеттік орган басшыларының заң талаптарын атқаруда ынта танытпай, жұмыс жүргізбеуі де кеселдің тамырын тереңдете түседі.
Айгүл БЕРМАХАНОВА,
Қорқыт ата мемориалды музейінің ғылыми қызметкері
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!