Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес өзекті мәселенің бірі. Ол заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінге дейін жойылмай отырғаны белгілі. Бұл кесел біздің мемлекетімізге де нұқсан келтіріп отыр.

Жемқорлық – мемлекеттің, қоғамның дамуына тежеу болатын, болашағына кесірін тигізетін індет. Онымен күресу бүгіннің күрделі мәселесі. Оған осы бастан тоқтау қоймаса мемлекетте тұрақты өсіп-өркендеу болмайды. Сыбайлас жемқорлықпен түбегейлі күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын жұмыстың сапасын арттырудың маңызы зор.

«Әділдік жоқ жерде пара белең алады» деген нақыл сөз қай салада болмасын еңбек етіп жүрген қызметкерлердің де бағдары іспеттес. Шынында да, адал қызмет етіп, жемқорлықтан жоғары тұрған жағдайда ғана халық сеніміне ие боламыз. Қоғам өмірінде түбегейлі шешімі табылмай тұрған мәселе, ол – сыбайлас жемқорлық. Елімізде осы мәселеге байланысты арнайы қабылданған заңдар да, атқарылып жатқан түрлі жұмыстар да баршылық. Дегенмен бұл мәселе әлі толық шешімін тапқан жоқ. Ендеше, жас буынға жемқорлықтың теріс салдары туралы ақпаратты дұрыс жеткізу – олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетінің қалыптасуына, өз құқықтары мен міндеттерін терең ұғынып, жете түсінуіне және орындауына көмектесудің алғы шарттарының бірі болып саналады.

Мұндай әрекеттер бойынша тиісті шара қолданудың негізі – ол азаматтардың арыз-шағымы. Осы мақсатта қазынашылық департаменті ғимаратының бірінші қабатында азаматтарға арналған арыз шағым жәшігі орнатылған. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы насихаттау мақсатында ғимарат ішінде екі тілде хабарландыру мен жадынамалар, сенім телефондары туралы және әдеп жөніндегі уәкілдердің байланысы көрсетілген ақпараттар орналастырылған.

Мемлекеттік қызметшілердің осы тұрғыдан құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек. Кей мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың дендеуіне септігін тигізуде. Сондай-ақ кейбір мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын атқаруда ынта танытпай, жұмыс жүргізбеуі де жемқорлықтың тамырын тереңдете түседі. Адалдық бар жерде сыбайлас жемқорлық белең алмайды!

«Жемқорлық – індет, онымен күресу – міндет» қағидатын баршаның санасына сіңіру бүкіл мемлекеттік қызметкерлердің ортақ жұмысы болуға тиіс.

Ә.Т..ЕСҚАРАЕВ,
Қызылорда облысы бойынша
Қазынашылық департаменті басшысының орынбасары

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!