Бүгінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қауіп төндіретін ең күрделі құбылыстардың бірі – сыбайлас жемқорлық. Бұл індет әлемнің дамыған не дамушы мемлекеттерінің бәріне тән болғанымен, оның зияны әр қоғамға әртүрлі деңгейде әсер етеді. Мемлекеттік басқару жүйесіне деген сенімді әлсіретуі, азаматтардың құқықтық мәдениетін құлдыратуы және халықаралық аренадағы ел беделін төмендетуі – аталған мәселенің ең өзекті қырлары.
Қазақстанда жемқорлыққа қарсы саясат кешенді заңнамалық негізге сүйенеді. Арнайы қабылданған құқықтық нормалар мемлекеттік қызметшілердің өкілеттігін жеке мақсатта пайдалануына жол бермеуді көздейді. Бұл бағытта қабылданған шаралардың түпкі мақсаты – лауазымды тұлғалардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыру және заңсыз әрекеттерге жол бермеу. Мемлекет тарапынан жасалған тетіктер ашықтыққа, әділдікке және мемлекеттік органдардың қоғаммен тығыз байланысына негізделген.
Жемқорлықтың алдын алудағы басты факторлардың бірі – азаматтардың құқықтық санасының жоғары болуы. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптасқан қоғамда заң үстемдігіне деген құрмет артып, кез келген әрекеттің салдарына бейжай қарамау үрдісі орнығады. Әрбір адамның адалдықты өмірлік қағида ретінде қабылдауы тек жеке деңгейдегі жауапкершілікті күшейтіп қана қоймай, тұтас елдің даму қарқынын арттыруға сеп болады.
Қоғамда жемқорлыққа жол бермеу үшін тек қана жазалау шаралары жеткіліксіз. Ең алдымен, оның туындауына себеп болатын жағдайларды жою маңызды. Бұл – кадрлық саясаттағы ашықтық, мемлекеттік сатып алулардағы әділдік, ақпараттың қолжетімділігі және басқару жүйесіндегі тиімді бақылау. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда үкіметтік емес ұйымдардың, жастардың, жалпы азаматтық қоғамның белсенділігі ерекше рөл атқарады.
Соңғы жылдары Қазақстан халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайтып, ұлттық тәжірибені әлемдік стандарттармен үйлестіруде. Бұл өз кезегінде жемқорлық деректерін анықтау, тергеу және болдырмау саласындағы жұмысты жандандыруға мүмкіндік береді. Ашық үкімет қағидаттарын енгізу, цифрландыруды дамыту, мемлекеттік қызметті оңтайландыру – барлығы да халықтың сенімін күшейтуге бағытталған.
Еліміздің болашағы әрбір азаматтың белсенді ұстанымына тікелей байланысты. Жемқорлықты азайту – тек мемлекеттік органдардың емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті. Адалдықты, әділдікті және жауапкершілікті басты құндылық ретінде насихаттау арқылы ғана біз экономикасы тұрақты, саяси жүйесі сенімді, азаматтары құқықтық мәдениеті жоғары мемлекет құра аламыз.
С.Айтбаев Қызылорда бөлімшелік көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
