Фото: Azattyq Ruhy

Жемқорлық – елдің төмен құлдилауына тікелей әсер ететін кесел. Елдің қамын ойлауы тиіс қоғамның лауазымды тұлғалары өзінің жағдайын жақсартып, халық игілігіне жарар байлықты қалтасына басып қалмауына қазір ешкім кепілдік бермейді. Қай өркениетте болмасын, сыбайлас жемқорлықпен күрес маңызды іс. Алайда күнделікті осы заңбұзушылыққа қатысты жаңалықтардың куәсі болып отырамыз.

2023 жылғы статистика мәліметтері бойынша Қазақстан әлемдік 180 ел арасынан 92-ші орынға жайғасты. Дей тұрғанмен ең көп жемқорлыққа жол берілетін мемлекеттер қатарынан сытылып шыға алмады.

Дамушы мемлекет үшін елдің қамын ойлайтын патриот азаматтардың көп болғаны керек. Әлеуметтік әл-ауқатты көтеру, медицинаны дамыту, ел азаматтары үшін жайлы қоғам құру, білім мен ғылымды қарыштату тек елін сүйген азаматтардың ғана қолынан келеді. Келешегі кемел ел болу – ата-баба арманын сақтап қалу, қаншама еңбек пен төгілген тердің зейнетін көруге ұмтылыс жасау.

Бұл проблема аясында экономикалық нарықты құру, инвестиция тарту, елдің әл-ауқатын арттыру секілді мемлекеттің қарқынды дамуына әсер ететін жұмыстардың нәтижесі төмендейді. Қазірдің өзінде аталған заңбұзушылыққа төзушілік көзқарасы қалыптасқан. Бірақ мемлекеттік қызметкер де, жеке кәсіпкер де осы елдің азаматы. Яғни бұл тек қана заң органдары ғана емес, кез келген қазақстандықтың шешуге атсалысуы тиіс діңгегі терең мәселе.

Шынтемір САЙЛАУОВ,
Облыстық Халық шығармашылығын
дамыту және мәдени продюсерлік
орталығының маманы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!